“Су түбінен асыл тас, су толқыса шығады” дейді халық даналығы. Тәуелсіздікті ту еткелі әрбір жыл, тарихи хронологиясы мен ерекшелігіне қарай аталып өтуде. Биылғы 2020 жылы ірі шаралар бастама алуда. Солардың бірі өркениет құтқарушысы – Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл мерейтойы әлемдік деңгейде тойланғалы отыр.
Фараби заманымен бүгінгі ХХІ ғасыр он мың жылдықты қалай қамтыса, бірінші ұстаз Аристотельдің Фарабимен арақашықтық уақыты дәл сондай. Сол он мың жыл бұрын христиан фонаттары жойған Платон мен Аристотель еңбектері, Александрия кітапханасымен бірге түгел жойылды. Бұл орайда Фараби тек ғылымды қайта оятушы ғана емес, көне грек жазбаларын араб тіліне аударған өркениет құтқарушысы. Осындай парасат қаһарманының қазақ ұлтынан шыққаны үлкен мақтаныш. Ал, философтың өмірбаяны әлі де терең зерттеуді қажет етеді.
Отырардың тумасы Дамаскте жерленген. Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Араб халифатының мәдени орталығы Бағдат пен Иранның Исфаханы мен Хамадан, сонымен қоса Тегеран қалаларында ғылыммен айналысқан.
Жақында “әл-Фараби ізімен” жүруді мақсат еткен делегация мүшелері өркениет құтқарушысы білімін жетілдірген Самарқанд, Бұқара, Ташкент қалаларында болып, жерлесіміздің табаны тиген тарихи орындарды көріп қайтты.
Делегация жетекшісі Түркістан облыстық мәслихаттың депутаты Дулат Әбіш, Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, Фараби мұрасын насихаттаушы Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай, Түлкібас және Сарыағаш аудандарының құрметті азаматы Өміртай Қалықұлов, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар Достығы университетінің аға оқытушысы Шымырбай Нартбаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Шымкент қалалық филиалы жетекшісінің орынбасары Ғани Шаймарданов және «Айғақ» телеарнасының түсірілім тобы әлемнің «екінші ұстазы» жайлы тың мәліметтерге қанығып, зор әсермен оралды.
Ләззат САРЫБАЕВА.