(С.Ерубаев шығармаларының өміршеңдігі хақында)
Қазiр сапаны қайдам, санның заманы: цифр деген сиқырмен ұйықтап, сонымен оянамыз. Егер солай атауға келсе, бүгiнде «жаңалық» деп жүргенiмiздiң көбi сықырлаған сандар тiзбегiнен құралған сөз-моншақ. Мысалы: «Былтыр пәлен пайыз айла тауып едiк, биыл түген пайыз пайда таптық». Қайда да айтылатын әңгiме – сол пайда жайында. Тiптi, «жазылған Жолдауда бiрбәле мың әрiп, шiрбәле мың сөз қолданылыпты», – деп Г.Бельгер атамыз секiлдi сөз санайтын сабаздар пайда болды. Г.Бельгердiкi – бiлгiрлiк, бұлардiкi – не тiрлiк?
Адамзатты ақ жолынан адастырмайтын өркениет ошақтарының бiрi және бiрегейi – музей. Жұрттан қаламыз ба деп бiз де музей санап көрiп едiк. Бiр бiлгiш «әлемде жүз мыңнан аса музей бар», – деп пайымдаса, ендi бiреу «қанша қала болса, сонша музей бар», – деген қауесет бар көрiнедi. Жер жүзiнде екi жарым миллиондай қала бар көрiнедi. Бiр қалада бiр емес, екi-үш музейден болса ше? Осы мыңдаған музейлер, миллиондаған мешiттер аласұрған адамзат баласын неге тура жолға сала алмай келедi? Мұның жауабын атам қазақ бiр-ақ ауыз сөзбен берген: Құдай арғы жағына бермеген соң бәрi бекер-дағы!
Беталды қаңғырмайық, «рухани жаңғырайық», – деп талпынып-ақ жатырмыз. Арнасынан асып, «рухани жаңғырып кеткен» жастар «Саттар Ерубаев не ел болған?», – деп сұрап қалып жатады. Бiз кезiнде Абайдың, Мұхтар Әуезовтiң руы туралы ойламаппыз да. Кейiн бiлгенiмiздей, бiзге ешқандай туыстық байланысы жоқ болып шықты. Масқара… Оны бiлгенде, Абай атамыздың «ақырын жүрiп, анық бас, еңбегiң кетпес далаға» деген өлеңiн жаттамас едiк қой, иә…
Кезiнде «Абай – терең теңiз, алып мұхит қой…», – деп М.Әуезов айтпақшы, С.Ерубаев сол теңiз бен мұхиттардың бiр тамшысындай ғана болар, бәлкiм. Бiрақ арнасы кепкен өзен немесе табаны кеберсiген теңiз емес. Ендi «Ел болам десең, Ерубаевты оқы», – десек дұрыс бола ма? Қара танымайтын қара құрлықтың қара орманындағы қара балaeар да аңын аулап, қамысын баулап, тiрлiгiн жасап жатыр емес пе? Олар Ерубаев түгiлi, Қазақстан деген егемен ел барын, рухани жаңғырып жатқанын қайдан бiлсiн…
Ел боламыз десек, Абайдың «толық адам» конoепциясын бойымызға сiңiруiмiз керек дейдi ғалым М.Мырзахметов. Кей адамдар осы ұғымды тура мағынасында түсiнетiн секiлдi. Өйткенi, кейiнгi кезде етжеңдi, толық адамдар көбейiп кеттi де, ақылы, адамшылығы толық адамдар азайып бара жатыр. Оқымаса, бiлмесе, ақылы қайдан толықсын, адамшылығы қайдан молықсын? Ең болмаса, соңғы сәтке дейiн өмiрге деген құштарлығын қағазға қаттап кеткен Ерубаевты оқыса қайтедi екен деймiз-дағы. Кiнәлаудан аулақпыз. Сеземiз: кiтап оқып, ертеai тыңдауға уақыт тапшы. Қу тiрлiктiң қамы бәрi де. Сосын, сөз басында айтқанымыздай, сақырлаған цифрдың заманы. Сананы тұрмыс билеген заманда: «Уақыт – ақша, ақша – уақыт»…
Сонда да «оқымасаң – оқыма, музейге келiп тұр», – дегiмiз келедi жас достарға. С.Ерубаев шығармалары өз заманымен де, бiздiң заманмен де құрдас туындылар. Себебi Саттардың қаны шығармалары арқылы тарайды, өз сөзiмен айтсақ: «Менiң қаным миллионның тамырында ағады, Бiр жүрегiм миллионның жүрегi боп соғады. Менiң бақытым, қуанышым бүкiл елдiк болады. Мен жасасқан жаңа өмiр жайнап өседi, жанады…» Саттар жасаған жасымен де, жазған шығармасымен де, жастарға үлгi. Ол отырып алып бұрқыратып жаза берген жоқ, әрине. Көп оқыды, тоқыды, ақыл-ойы толысып, Абайдың ұғымындағы «толық адам» деңгейiне жақындады. Содан келiп, кейiнгi жастар алтын уақытты дәлеңдеп текке өткiзбей, бiлiм жинасын, жазған-сызғандарымнан керегiн алсын, сөйтiп, елiнiң арқа сүйер арлы азаматы болсын деп армандаған едi…
Ақсүмбе БОСТАНОВ,
С.Ерубаев атындағы музейдiң меңгерушiсi.