КӨҢІЛГЕ ҚАРАП СӨЙЛЕШІ МАҒАН, ҚҰЛЫНЫМ!

1  579 көрілім

Көңілге қарап сөйлеші маған, құлыным,

Сезейін мен де сендегі жүрек жылуын.

Жылдардан қалған көзімде мұңның табы бар,

Əжімнің ізі жүрегімнен де табылар.

Көңілге қарап сөйлеші маған, жарығым,

Ол дағы болар адамдық сенің парызың.

Жүзіңнің айдай көрсем де көркем, сұлуын.

Жаныңның, əттең, зарықтым сезбей жылуын.

Шашымның ағы,

Жүзімнің əжім қатпары,

Шатпағы еді өмірдің өткен шақтағы.

Мен дағы сендей қылшылдап тұрған жас едім,

Көңілді мендік өмірдің күзі таптады.

Көңілге қарап сөйлеші, күнім, жатсынбай,

Күйгелек көңіл сөзіңнен бір сəт тапсын жай.

Көтеріп келем жағамның кірін əрең мен,

Ұғарсың бір күн қауышсаң мендік əлеммен.

Жүзіме қарап ұғыншы менің жайымды,

Жайымды ұқсаң,

Ұғарсың мендік уайымды.

Бүгінде көктем басыңда дəурен құрғанмен,

Күзің де келер, келместей болып тұрғанмен.

Бұлданба бұлай,

Орынсыз, күнім, бұлданба-ай!

Ойласам маған көрінер дүние – зындандай.

Бітпестей болып көрінген өмір, расында,

Бір-ақ сәт екен – көзіңді ашып жұмғандай.

МЕНІ ҰНАТПАЙТЫН АДАМДАР…

Шықпасақ та қатар қырға мың,

Сіздерсіз де атар бір таңым,

Құдай берсе бастың саулығын,

Жазылып та жатар жырларым,

Мені ұнатпайтын адамдар.

Тұрсаңыз да көкте айым боп,

Сіз,- деп көштен қалар жайым жоқ.

Тілекшімін: Алда шуақты

Күндеріңіз болсын, лайым, көп!

Мені ұнатпайтын адамдар.

Шақ болмаса біздің шеніміз,

Мен емеспін сіздің теңіңіз,

Атаққұмар Сіздей жандардан,

Үмітімді үздім, сеніңіз!

Мені ұнатпайтын адамдар.

Бір нан жесем бөле жер едім,

Биік мендік өре,- дер едім.

Жек көріңіз мейлі,

Мен бірақ, Сізді жақсы көре беремін,

Мені ұнатпайтын адамдар.

Мың құбылтып мұнартқан ізді әр,

Сөз-өсекке құмартпаңыздар,

Жек көрем, деп мені, бекерге,

Жаныңызға мұң артпаңыздар,

Мені ұнатпайтын адамдар.

Сынамаңыз, әй, Сіз, кербезім,

Мен де сіздей әлсіз пендемін,

Түк шықпады, Сізге жағам деп,

Жасап бақтым қолдан келгенін,

Мені ұнатпайтын адамдар.

Онсызда мың құрақ жүрегім,

Бес күн жалған – сынақ, білемін,

“Енді оған сіз қосымша боп,

Күйдірмеңіз”, бір-ақ тілегім.

Мені ұнатпайтын адамдар.

КҮЛІП ЖҮРШІ…

Күлші!

Өмір сырғиды ағысымен,

Жанға біліп жүректің қағысын ем.

Бүгініңді күлкімен шығарып сап,

Келер күннің күлкі ізде тағы ішінен.

Бəрі өткінші!

Өзімді жекіп нетем?!

Сабыр етсем, бұдан да өтіп кетем.

Жұмыр басты пенденің қайсы бірі,

Қу дүниенің түбіне жетіпті екен?!

Күлсем, әлем маған да күліп қарар,

Адам деген атым да ұлықталар.

Орын таппай қайғы да көңілімнен,

Күні туар еді-ау бір құрықталар.

Күліп жүрші!

Сен дағы, күліп қара!

Алға ұмтыл Аллаңды ұлықта да!

Сабыр етші, қайғыдан құса болған,

Сен емессің көңілі сынық қана.

Қалмаса да төзімнің басқа амалы,

Қуаныштан жүзіңді жасқа малы.

Бұл көңілдің қайғыны жолатпайтын,

Тек күлкіден болсыншы тас қамалы.

ЗАМАН, ЗАМАН, ЗАМАН-АЙ!

Заман, заман, заман-ай,

Сиқың неткен жаман-ай!

Несиемен істес боп,

Тентіреп жүр анам-ай.

Жырым-жырым – жүн нəски,

Жыртығын да жамамай.

Сол анамды ойласам,

Түнереді санам-ай.

Заман, заман, заман-ай,

Күнің неткен қараң-ай!

Қайда кетіп барасың,

Алды-артыңа қарамай?!

Жақсыменен жаманды,

Айыруға жарамай…

Соны ойласам асқынар,

Жүректегі жарам-ай.

Заман, заман, заман-ай,

Сен сұмпайы, сараң-ай.

Анамды ойлап мен жүрмін,

Асым бойға тарамай!

Несиеге пұл іздеп,

Таусылды əбден шарам-ай!

Тағы кімді, -Ақша,-деп

Ит сілкіге салам-ай?!

Заман, заман, заман-ай,

Арты қуыс, арам-ай!

Жұта беріп құлқының,

Ашылыпты-ау араны-ай.

Береріңді ойланып,

Мың толғанып алам-ай,

Сосын ойлап өсімін,

Көңіл болар алаң-ай…

Ей, заман-ай, заман-ай!

Санжар ҒҰЛАМА,

ақын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы