САҒЫНЫШТАН ТҰРАДЫ ТІРШІЛІГІМ…

1  330 көрілім

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің мәдениет сарайында жерлесіміз Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың 60 жылдығына арналған «Сағыныштан тұрады тіршілігім…» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Алдымен мәдениет сарайының фойесінде ақын Қасымхан Бегмановтың құрметіне арналып, баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбай, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып, «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушы, ұстазы Ұлықпан Сыдықов мерейтой иесінің шығармашылық жолдары мен жеткен жетістіктеріне кеңінен тоқталып өтті.

Шараның мақсаты ақын және оның ұрпақтан-ұрпаққа ұласар аса ғибратты еңбектері мен қайталанбас туындыларының өміршеңдігін таныту, оқырмандар жадында мәңгі сақтау, оқырмандардың әдебиетке деген ынтасын арттыру. Жазушының шығармашылық әлемін, қаламгерлік қолтаңбасының ерекшелігі жайында зерделеуге арналды. Қасымхан Бегмановтың өмір және еңбек жолдарына тоқталып өтсек.

Қасымхан Бегманов 1958 жылы қыркүйек айының 20 жұлдызында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында дүниеге келген. 1975 жылы Түркістан қаласына қарасты Бабайқорған орта мектебін, 1980 жылы Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық институтының машина жасау факультетін бітірген. Қасымхан Бегманов – Қазақстан Жастар одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Халықаралық жазушылар мен публицисттер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі және ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері, Т.Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың лауреаты, Түркістан, Кентау қалаларының “Құрметті азаматы”.

Тәуелсіз халықаралық «Ильхам» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері. Тұңғыш жыр кітабы «Бастау» деген атпен студент кезінде «Жалын» баспасынан шыққан. «Жазушы» баспасынан «Қарашық» (1990 ж.), «Бесіктен бейітке дейін» (1997 ж.), «Өлке» баспасынан «Сағыныш» (2000 ж.), «Ол көктем оралмайды» (2006 ж.), «Атамұра» баспасынан «Менің Түркістаным» (2008 ж.), «Қайнар» баспасынан «Ақ жаңбырлар әуені» (2010 ж.), «Ұшпақ» баспасынан екі томдық таңдамалы кітаптары жарық көрген.

Сонымен қатар, «Дәстүр» баспасынан «Этнографпен әңгіме» (бірінші басылым) (2010 ж.), «Салты мықтының – халқы мықты» (екінші басылым), (2011 ж.) «Өлке» баспасынан жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық бірінші рет (2012 ж.), мемлекеттік бағдарлама бойынша екінші рет (2013 ж.) көлемді тарихи-зерттеу еңбегі жарық көрді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильмі еліміздегі орта мектептерде тарих пәніне қосымша электрондық оқулық ретінде бағдарламаға енген. Елге кең тараған көптеген ән-өлеңдерінің авторы. Шығармашылық өмірбаяны ұлттық және қазақ әдебиеті энциклопедияларында, топтама жырлары қазақ поэзиясының антологиясында жарық көрген. Ақын өлеңдері, сондай-ақ, орта мектеп оқулықтарының қазақ, өзбек тілдерінде шыққан хрестоматияларына енген. Қазіргі таңда республикалық ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының бас редакторы, «Дәстүр» баспасының президенті әрі аталған журналдың құрылтайшысы болып табылады.

Мерейлі мерекеде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Садыр облыс әкімі Ж.Түймебаевтың арнайы құттықтауын жеткізіп, ақынның иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Б.Жақып ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен ҚР Жазушылар одағынының төрағасы Ұ.Есдәулеттің құттықтауларын жеткізді. Шарада ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Т.Медетбек, жазушы-журналист «Президент және халық» газетінің бас редакторы М.Тоқашбай, «Дос-Мұқасан» тобының негізін қалаушы Ұ.Сыдықов, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ж.Әшімжан, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғ.Жайлыбай, ақын Н.Бегалиев, белгілі әдебиет сыншысы, ғалым Қ.Ергөбек тағы да басқа азаматтар Қасымхан Бегмановты 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, сый-сияпаттар жасады.

Шара барысында жазушы-журналист «Президент және халық» газетінің бас редакторы М.Тоқашбай Қасымхан Бегмановқа «Қазақ өнерінің қайраткері» төсбелгісін тапсырды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жетекшісі Ә.Абуов ақынға оқу орын басшысының құттықтауын жеткізіп, «Ясауи» атындағы төсбелгісін табыстады. Жиын соңы Түркістан қалалық мәдениет үйінің концерттік бағдарламасына ұласты.

Қ.ЕСЕНБЕКҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы