ТІРШІЛІК

1  072 көрілім

Бейімбеттің Мырқымбайы. Момын жан. Ешкіммен жұмысы жоқ. Қулық, сұмдықтан да таза әпенді. Аңқау. Нағыз шаруақор. Неге екені белгісіз біреуді Итбай десеңіз шошымайды, Мырқымбай деп атасаңыз ыршып түседі.

*   *   *

Біздер ат қоюда дворяндық, князьдық тектілігін іздеп жүрген орыстан асып түстік. Ұлы мәртебелікке саналған маркиздік жолын қадір тұтқан европалықтарға да жол бермейтін болдық. Қойған есімдеріміз не шығыстық, не батыстық үрдіске ұқсамайды. Орыстар әлі де Волков, Зайцев, Медведев болып жазылғанды биік тұтып жатса, қазекең Итбаев, Малбаевты әлдененің сарқыншағы деп әлдеқашан жойып тастаған. Енді бірер жылда Марат, Мұрат, Серік пен Берік тегіндегілер, ар жағында Арсен, Замир, Эльмир, Экспо дегендер көрініп қалады. Соған қарағанда қазақты тегіне қарай ажырата алмайтын заман туып келеді-ау.

*   *   *

Жаңалық ашқым келмейді. Бірақ өз замандастарымның кейбіріне қарным ашып жүр. Сабаздарың бір шаңырақтың астында тұрып бір-бірімен сөйлеспейді. Керек болса қалта телефонымен хабарласып жатады. Ал көршіні де, ағайынды да той-томалақта көреді. Өлім-жітімде ғана жоқтап жатады. Жұмыста да солай болып барады. Мұндайда бір-біріне жанары, мейірім, шапағаты түсіп тұрмағасын қандай адамгершілік жайын сөз етуге болады. Бір грузин фильмінің кейіпкері айтқандай «Мен ойлаймын». Сенбі мен жексенбіге үйлерге жарық бермей қойған дұрыс-ау. Жұрт көк жәшікке телміремей далаға шықсын. Ағайын-туысымен аралассын. Көрші-қолаңның жағдайын сұрасын. Арысы жалаңаяқ жүріп, көк басып қысқа ғұмырының мейірімді-мейірімсіз қара жерде өтіп жатқанын сезінсін.

*   *   *

Күнделікті оқып жүрген газет қой. Маңдытып не айта қояды дейсіз. Биліктің таратқан шен-шекпенін жазады да. Біреудің жасаған жақсылығын айтып жар салады, бай-ауқаттылардың кедей-кепшікке үлестірген киім-кешегін айтады. Жемсауы сау ағаларына берген асын қайыр-садақаға балап ішіп жегеніне мәз болған жайын сөз етеді. Түрі түгілі аты елдің есінде жоқ ата-бабасының әруағына ат жарыстырғанын мақтаныш етеді. Біреудің асын, малының басын қызғанып жатқан мен жоқ. Кейбіреудің шектен шыққан дарақылығына кеиймін.

Бүгінгінің ақын-жазушылары марқұмдарды жазғаннан гөрі, көзі тірілерді дәріптейтін болды. Мақтағанда аяғын аспанға салбыратып қойып мадақтайтынды шығарды. Жуырда сондай мақаланың бірін оқып қалдым. Өзін көлдей етіп беріпті. Жылағың келеді. Өзгеге көрсеткен зәбіріне, біреуге жасаған қиянатына емес «ерен еңбегіне» бола еріксіз жас аласың. Столдың үстімен бе, әлде астынан алған марапаттарын естіп оқығанда тіпті еңірейсің. Оның есіл еңбегінің бар екендігін білмеппін ғой деп жер тырналайсың. Мұндай періштені, қыранның сұңқарын неге байқамай жүргенбіз дейсіз. Амал не? Қоғам сондай дейсіз бе? Қоғам орнында. Адам сондай. Атамзаманнан бері атқан айыңыз да, батқан күніңіз де өз орнында тұр. Өзгерген өзіміз.

*   *   *

Білмейді екем. Ойын баласы ғой деп мән бермейді екенбіз. Олар кедей мен бай баласына балабақшада жүргенде бөлініп қойған көрінеді. Кіп-кішкентай болып қай баланың балабақшаға қандай машинамен келетінін сөз қылады екен.

Әрине қоғам да қалып жатқан жоқ. Асан мен Үсенді теңестіреміз деп жанын салып-ақ жатыр. Түбінде нәтижесі болар. Бірақ үлкендерді қайтеміз? Жастарды не істейміз? Олар да әбден жіктеліп қойған сияқты. Тіпті байдың баласы бақуаттының баласымен дос болады екен. Кедей байғұсқа жарлының баласы қалады да.

Оразбек ӘМІРЕЕВ.

(Жалғасы бар).

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы