ЖАҢА ЖОБАЛАР ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН

937 көрілім

Облыстық мәслихаттың депутаты, «Иассы» консорциумының президенті Үмбет Жүсіпбаевқа оқырмандарымыздың сауалдары негізінде жаңа канал құрылысы, каналды жөндеу және тік дренажды құдықтар секілді қала мен ауыл үшін бірдей өзекті мәселелер бойынша сұраған едік. Төменде осы сұрақтарға жан-жақты мәлімет беріп, жағымды жаңалығымызбен бөліссек дейміз.

– Үмбет Әбілдаұлы, Сіз ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Н.Нығматулинге өзекті мәселелер бойынша жолдаған хатыңыздың жауабына тоқталып өтсеңіз?

– Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейін кешенді жоспары аясында суармалы су жетіспеушілігін болдырмау, суарылатын егістік алқаптарының өнімділігін арттыру мақсатында жалпы құны 35,2 млрд. теңгені құрайтын 4 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Яғни, бұған республика бюджетінен 30,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен 4,6 млрд. теңге бөлінеді. Жобалар бойынша облыстық бюджеттен жобалық-сметалық және техникалық құжаттарды дайындауға 650 млн. теңге қаржы бөлінді.

Бірінші. «Түркістан магистралды каналына Сырдария өзенінен машиналық канал арқылы су беру құрылысын жүргізу үшін қосымша 80 млн. текше метр суармалы су жеткізу» жобасы. Жоба құны 14,75 млрд. теңге. Нәтижесінде 37,9 мың гектар суармалы егістік алқабы тұрақты тіршілік нәрімен қамтамасыз етіледі.

Екінші. «Түркістан магистралды каналын бетондау жұмыстарын жүргізу арқылы қосымша 60 млн. текше метр суармалы суды үнемдеу» жобасы. Жоба құны 14,3 млрд. теңге. Осы жоба арқылы 26,5 мың гектар алқапты сумен қамтамасыз етуге болады.

Үшінші. Көлемі 15,0 млн текше метрді құрайтын «Кенсай-Қосқорған-2» су қоймасын құру жобасы. Жоба құны 3,5 млрд. теңге.

Төртінші. «Арыс-Түркістан массивінде жарамсыз 134 дана тік дренаждарды қайта қалпына келтіріп, 34,7 млн. текше метр қосымша сумен қамтамасыз ету» жобасы. Жоба құны 2,7 млрд. теңге. Жоба жүзеге асса суармалы жер көлемі бірнеше есеге көбейеді. Сондай-ақ, «Түркістан қаласының Шошқакөл көл жүйесін дамыту» жобасы. Жоба құны 3,6 млрд. теңге. «Кентау қаласы Шаға ауылдық округінде орналасқан 5 каналды күрделі жөндеу» жобасы. Жоба үшін 2,0 млрд. теңге қарастырылуда. Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 28 желтоқсандағы №904 қаулысымен 2028 жылға дейін суарылатын алқаптарды дамыту бойынша іс-шаралар жобасына орай 4 ірі инвестициялық жобалар енгізілген. Мұндай жобалар жүзеге асқанда Келес, Қызылқұм, Арыс аймақтарында және Сырдария өзенінің оң жағында тағы 250 мың гектар суармалы жерлер жаңадан пайдалануға қосылады.

– Көп уақыттан бері айтылып келген өзекті мәселенің оң шешім тапқаны үшін алғысым шексіз. Ел игілігі жолында атқарып жүрген жұмысыңызға сәттілік тілеймін.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ:

Өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың 2019 жылдың қорытындысы бойынша қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы жоғарыда айтылған жобалардың іске асуы бойынша нақты тоқталып, қаламыздың климаттық жағдайы мен шаһарды суландыру мен көгалдандыру мәселесін арнайы атап өткен болатын. Ендеше, осы ауқымды жобалар толық жүзеге асса облыс орталығы тұрғындары жанға жайлылықты сезініп, өңіріміздегі ауыл шаруашылығы саласының қарыштап дамуына серпін берілмек.

Розиахун МАДАЛИЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы