Ерлан Құрбанұлы Сүлейменов 1967 жылдың 2 қаңтар күні Түркістан қаласы, Шорнақ ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Түркістан қаласындағы В.И.Ленин атындағы №1 жалпы орта мектебін тәмамдаған соң 1984 жылы Ташкент қаласындағы Беруни атындағы Ташкент политехника институтына түсіп, 1992 жылы бітіріп шығады.
1985-1987 жылдары әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын Ауғанстан Республикасында атқарды. Ауған соғысына қатысып, көрсеткен ерліктері үшін «За боевые заслуги», «От благодарного афганского народа» және көптеген мерекелік медальдарымен марапатталған.
Әскер қатарынан елге оралған соң, 1991 жылдан 2015 жылға дейін ҚР Ішкі істер органы, Түркістан қаласы полиция басқармасында қатардағы қызметкерден әкімшілік полиция бөлімінің бастығына дейін жоғарылап, абыройлы қызмет атқарды. Ауған ардагеріміз, полиция подполковнигі шенімен зейнеткерлікке шықты. Ішкі істер саласында қызмет атқара жүріп, қызметтен қол үзбей, Шымкент қаласындағы Халықтар Достығы университетінің заң факультетінде заңгер мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ішкі істер саласында мінсіз қызмет атқарғаны үшін бірнеше І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «ҚР Полициясына – 25 жыл» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталған.
Отбасында 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, олардан 6 немере сүйіп отырған бақытты шаңырақ иесі деп білеміз. Бейбіт өмірде сұрапыл соғыстың дәмін татқан ардагерімізді Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай, арнайы құттықтап, оған зор денсаулық, отбасына амандық пен береке тілейміз.
Батырхан САНСЫЗБАЕВ,
ҚР ІІО мен ҰҰ ардагерлері кеңесінің Құрметті ардагері.