БІР ҮЗІК СЫР…

1  022 көрілім

Бірде әкем екеуміз теледидардан Ауған соғысы жайлы хабарды көріп отырып, «басқа арнаға қояйықшы, түк те қызық емес» дедім. Сол кезде әкемнің жанары жасқа толып, терең тебіреністе отыр екен. Өз қылығыма өзім ұялып, үнсіз тосылып қалдым. Алғашқыда арқасүйер тауымның мұнша күйзеліп отырғанына таң қалғаным да жасырын емес. Дегенмен, әкемнің менен жүзін жасырып, дереу өзгергісі келгенімен, тебіреніске толы дірілдей шыққан дауысы жылдар бойы жүрегінің түбінде сақтаған бір сырдың көбесін ағыта бергендей болды.

Атамыз қазақ ел басына күн туған сонау бір жаугершілік заманда да ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осыншама кең байтақ жерімізді көз алартқан жандардан қорғады емес пе? Әйтсе де бұның бәрі де тарих қойнауында көмескіленіп, оның қасіретін дұрыс бағамдай алмай келеді екенбіз-ау! Әкеммен болған осы бір әңгімеден кейін мен «соғыс», «Отан», «борыш» деген сөздердің мән мағынасын терең түсіне бастадым. Менің әкем Алишеров Әділхан Болатұлы 1985-1987 жылдар аралығында Ауған соғысында әскери борышын өтеген.

– Біз көрген қиындықты сендер, келешек ұрпақ, көрмеңдер, – деп ауыр күрсініспен бастады әңгімесін әкем. – Сол бір жылдар менің бүкіл өмірімнің тұздығы іспетті. Қанша жылдардан бері сол бір ауыр күндерді ұмыта алмай келемін. Кей күндері қанды көйлек достарыммен бірге тау қойнауында, жаумен арпалыс үстінде жан қиналған шарасыз сәттерімді бастан кешіріп шырт ұйқыдан шошып оянамын. Жылдар легі алыстағанымен, сол бір жылдардағы қасірет бұлты ой-санамыздан алыстай қоймады. Көз алдымызда бірге жүрген достарымыз жау оғынан мерт болып жатқанын алғаш көргендегі күйзелісті айтып жеткізу, әрине, қиын. Біз небәрі он сегіз-жиырма жаста ғана едік-ау! Өмір сүруге деген құштарлықты басыңа ауыр сын түскенде сезінеді екенсің. Тіпті, «Адам ит жанды» дегенге ауған жерінде көзім жетті. Адам ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да, денеге түскен жарақатқа да шыдайды. Бірақ, ұйқының орны бөлек екен. Талай түн ұйқысыз өтті. Орнымызда түрегеп тұрып мызғып қана алушы едік. Кейде қиялға беріліп, сол ойдан ләззат алып, бір сәт сергіп те қалушы едік. Елден жырақта болдық. Кей-кейде ұзақ уақыт азық-түлік жеткізілмей, аштықтың азабын да тарттық қой! Қыстың күндері тауда қар астында, қарды ауызға салып, содан да нәр алып күн кештік. Қаншама жауынгер көз алдымызда минаға жарылып, қаншасы қас-қағым сәтте снайпер оғынан ажал құшты. Оны көрген қандас жолдастарымыз «келесі кезек менікі шығар…» деген оймен өмірден түңілуші еді. Бірақ бұл ойлар әрбіріміздің ішкі сырымыз ғана еді, оны айтуға дәрмен болмады ғой! Бұл сынақты әр азаматтың борышындай сезініп, жігіттік намысқа тырысушы едік-ау!

Бірде ротамен операцияға шыққанымызда, біздің взвод ротадан бөлініп қалып, «Зуб» деген биіктікте қоршауда қалып қойдық. Дұшпандар оқты қарша боратып, біз орналасқан биіктікке өрмелей ұмтылды. Мақсаттары – өздерінен саны аз бізді тірідей қолға түсіру. Өмір мен өлім арасындағы арпалыс басталды. Әрқайсысымыз өзіміз таңдаған қолайлы жерге жайғасып, дұшпандарға оқ жаудырдық. Қосымша күш келмейтінін де білеміз. Дұшпандар асықпады. Уақытты соза тұруға тырысты. Біздің оқ дәріміздің таусылуын күткендей болды. Командир дұшпанның пиғылын тез түсініп, жау шебін бұзу жоспарын айтты. Пулеметші Надыр Абдуллаев пен мерген маған және молдаван жігіті Михаил Мединскийге жау шебінің осал тұсын көрсетіп, дұшпандардың көзін жою тапсырылды. Біз алға шығып, қалған жауынгерлердің жылжуына жағдай жасадық. Командирдің шеберлігі мен жігіттердің қайсарлығының арқасында кескілескен сегіз сағаттық шайқастан кейін қоршауды бұзып шықтық. Алғашқы кездегідей емес, уақыт өте біз әрбір соғыс қимылының өз өміріңе қатер екенін түсіндік. Балалықтан арылмаған жұмсақ жүректеріміз аз ғана күннің өзінде қатайып кеткен еді, – деп әкем сөзін аяқтады.

«Соғыстың жақсысы болар деймісің?… Бірін-бірі жоюды көздеген жау. «Атақ, даңқ, мәртебе» қажет те шығар, алайда елдің тыныштығы бәрінен жоғары. Ендеше, болмасын соғыс!» деген ой тізбектері санамды жаулап алды. Мен осындай бейбіт елде туып, өмір сүріп жатқанымды сезіндім, бұрын да білетінмін. Бірақ дәл қазіргідей сезіне алмаған едім.

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы