САҒЫНЫШ

1  221 көрілім

Бүгiнгi мақаламыздың кейiпкерi марқұм Бибiажар Байтенова 1917 жылы 21 наурыз күнi Оңтүстiк Қазақстан облысы, Фрунзе ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. Сол кездегi колхоздың товарлы-сүт фермасында алдыңғы қатарлы сауыншысы болып ауданның бiрнеше мадақтамаларына ие болған. Еңбекте озат болған Бибiажар Есентайқызы 2 рет Шорнақ ауыл советiнiң депутаттығына сайланса, 2 рет «Бес жылдықтың озаты» төсбелгiсiмен марапатталған. Отағасы Әлiбек Бәйтенұлымен 4 ұл, 1 қыз тәрбиелеген.

Жарық дүниеге сыймай кеткен, халқына қадiрлi болып мейiрiм шапағатын төге бiлген, мол жүрегi мен ұрпағына үлгi-өнегесiн қалдырған әкем Әлiбек шеттей балаларын тастап, үш жасымда 1960 жылы 45 жасында дүниеден өттi.

Мен дүниеге келгенде әкешiм: “Отбасына қыз бала дүниеге келсе, сол үйдiң тiлеуiн перiштелер тiлеп отырады”,-деп қуанып, атымды “Балымхан” деп қойып, “балдай тәттi қызым” деп еркелетедi екен. Әкем қараса шалқамнан құлайды екенмiн. “Ой, саңқағым” деп, рахаттана күледi дейтiн анашым. Мен осы сөздердi естiгенде, Сiз жанымда тұрғандай, көкiрегiмдi қуаныш кернеп, масаттанатынмын. Сондықтан да бүгiн қолыма қалам алып, әкем мен анама деген жүрекжарды сағынышым мен естелiктерiмдi қағаз бетiне түсiрудi жөн көрдiм.

Әкем дүниеден өткенде үлкен ағаларым Қордабай мен Шалабай ес тоқтатқан бала жiгiт кездерi едi. Кәдiрбай ағам – 5 жаста, iнiм Мамырбай – 1,5 жаста екен. Сол күнi есiктiң алды қарақұрым адамға толды. Бiздi көршi туысымыз Балай апаның үйiне жетектеп апарып, қолымызға бiр үзiм нан мен қант (ол кезде тапшы едi) ұстатып, отырғызып кеттi. 3 жастағы кiшкентай қыз болсам да көз алдымда сол бейне қалып қойыпты. Кәдiрбай ағам бiзге қамқорлық жасап, жетектеп қарап жүрдi. Сөйтсем, 5 жасар бала көңiл, асқар тауымыздың құлағанын, анамыздың асыл ерiнен айрылып аңырап қалғанын сезген екен-ау.

Бибiажар анам 5 баламен жесiр қалып, жоқтық пен жесiрлiктiң ащы дәмiн татыпты. Қиыншылыққа мойымай, бiздi ел қатарына қосу үшiн аянбай еңбек етiп, талай белестердi бағындырды. Колхоз кезi болғандықтан анам сиыр фермасында сауыншы болып жұмыс iстеп, жоқшылықтың не екенiн бiлдiрмей өсiрдi. Сондай қиын-қыстау заман болса да, адамдардың бiр-бiрiне қамқорлығы, мейiрiмдiлiгi мен адамгершiлiк қасиетi өте жоғары болатын. Барды бөлiп жейтiн, жоқ болса да барын беретiн.

Бiр жылы сиыр фермасына Ахмет, Надежда есiмдi ерлi-зайыпты 6 баласымен Ресейден көшiп келедi. Соларды үйге кiргiзiп, бiр баласындай қабылдап, 7-8 жыл бiрге бiр шаңырақтың астында 2 бөлмелi үйде, бiр отбасының баласындай, бiр қазаннан ас iшiп, бiр-бiрiмiзге бауыр басып өстiк. Сөйтiп оларға еншi бердi. Одан Райым деген ағамызды да дәл осылай қамқорлыққа алып, үйлендiрiп, еншi бердi. Анамыз жаны жайсаң, жүрегi ақ, қолындағы барын елмен бөлiсетiн жомарт жан едi. Шiркiн, балалық-ай, десеңшi! Анашымның абзал жанын түсiнбей: “Көшеде қалғанның бәрiне Сiз қамқор болмасаңыз болмай ма?!” деп сөйлейтiнмiн.

Анамның қолынан КСРО-ның басшысы Д.А.Қонаев дәм татқан едi. Еңбегi еленiп «Еңбек Қызыл Ту» орденi, «Ерен еңбегi үшiн» медалi және баcқа да марапаттарға ие болды. Алматыға колхозшылардың 27 съезiне қатысып, абыройы асқақтаған едi. Сол кездерi еңбек озаты ретiнде газет беттерiнен жиi-жиi көрiнiп тұрды. Менiң арманым ұлылардың табаны тиген жер, қазақтың рухани ошағы мен мәдени ордасы, сол кездегi астанамыз – Алматыға оқуға түсу едi. Арманым мен мақсатыма жетуге ақ батасын берiп, Шалабай ағамды шақырып алып: “Қарындасыңды Алматыға алып бар, жалғыз қарындасың, өмiрден өз орнын тапсын, оқимын деген оқуына түссiн, әкесi болмаса арқа сүйер ағалары Қордабай ағаң екеуiң барсыңдар, айтқанын iстеңдер!” деп, ақ батасын берiп, жолға шығарып салды. Сөйтiп, 1976 жылы Қыздар педагогика институтының тарих факультетiне оқуға түстiм. Студенттiк өмiрдiң қызықты да, қиын кезеңдерiн өткiзiп жүргенмiн. Алып ұшқан дархан көңiлiм мен қуанышым 1978 жылдың 28 қарашасында су сепкендей басылды. Асыл анам 2-3 күн ауырып дүние салыпты.

Ия, содан берi қаншама жылдар өттi десеңшi! “Орныңда бар – оңалар” демекшi әкемiз бен анамыздың сауапты iстер жасағанның шапағаты мен ақ батасының дарығаны шығар ұрпақтары үлкен “Бәйтерегi” жайқалған әулетке айналды.

“Тау баласы тауға қарап өседi” деген осы емес пе?!

Асыл анашым, биыл сiз 100 жасқа толыпсыз! Қазiр ортамызда болғанда ұл-қызыңыз, немере-шөберелерiңiзбен мақтанар едiңiз! Тұла бойы тұңғиық аналық сезiмдi оятқан үлкен ұлыңыз, Қордабай ағам, өзiңiз бiлетiндей ел көрген небiр ауыр қиыншылықтарды бастан кешiрдi. Жастайынан Сiзге көмектесемiн деп, балалық шағының бал дәуренiн, жастық шағының балғын кезеңiнде ойнап-күлудiң орнына күндiз-түнi ауыр еңбек еттi. Соғыстан кейiнгi ауыр жылдарда қым-қиғаш тiрлiктен шет қалмай көш басында жүрiп еңбек еттi. Халықтың қалаулысы, елiнiң елеулiсi болды. Өзiнiң жомарттығымен, пейiлiнiң кеңдiгiмен, iзгiлiгiмен, өз жоғынан гөрi өзгенiң жоғын ойлайтын, әулеттiң арашашысы болды. Жүрегiмiзде ағалық қана емес, әкелiк орны бар ағамның да қасқағым сәтте өзегiмiздi өртеп, қайта оралмас сапарға кеткенiне 2 жыл болды. Алғашқы ақ босағаңа келiн болып аттаған алғашқы қуанышың Бибiқатша келiнiң бүгiнде әулеттiң батагөй анасы, ұл-қыздардың тiлекшiсi болып отыр. Шалабай балаңызды да өзiңiз мақтан тұтар едiңiз: “Өте ұқыпты, тiрлiгi тиянақты, сауатты, бiлiмдi сендердi сүйрейтiн ағаң болады” дейтiнсiз. Колхозда мал дәрiгерiнiң басшысы болып адал еңбек етiп, зейнеткерлiкке шығып, Дариға келiнiң екеуi 2 ұл, 5 қыздан немере мен шөбере көрiп отыр. Ал, ақкөңiл, ақжүрек Кәдiрбайдың өзiнен бұрын өзге үшiн жанын берiп тұратын, бойы тұнған адалдық, жамандық атаулының атын бiлмейтiн, аңқаулығы басым, қолының ашықтығымен елдiң ықыласына бөленiп жүрген асыл ұлыңның 3 ұл, 2 қызы бар, немере сүйiп отыр.

Қазiр қарашаңырақта, өзiңiздiң еңбегiңiз бен салынған ыстық ұяңызда кенже ұлыңыз Мамырбай, мiнезi ауыр, көп сөйлемейтiн, момақан едi ғой, ия, әлi сол мiнезi. Келiнiңiз Зейнеп екеуiнің 5 ұл, 2 қыздары бар. Адал еңбектерiнiң арқасында қордалы мекендерiңiздi қандай бастан кешкен тоқырау жылдарында да мойымай жұмыс жасап, шаңырақтың берекесiн кетiрмей, қазаны майлы, шайы қайнаулы болып, берекелi отбасының түтiнi түзу шығып, өсiп-өнiп жатыр. Ал, өзiме келсем, Қырғызәлi елiнiң Iзбасар атты азаматына тұрмысқа шықтым. Әрине, алғаш рет елдiң босағасын аттағанда жаныма жалау болып ақыл-кеңес беретiн өздерiңiздi қалай аңсап iздедiм! “Ананың ыстық құшағында жұмақтың иiсi аңқиды” дегендi сол кезде түсiндiм. Бүгiнде қаншалықты белестердi бағындырсам, оңайлықпен келген жоқ. Көп қиыншылықтарды бастан кешiрдiм. Сiздерден мәңгiге айрылғанымды сезгенде, бойымдағы Сiздерден алған азығымды пайдаланып, әр iстi сабырлықпен шешуге тырыстым. Анашым, сiз айтар едiңiз: “Бiреудiң ала жiбiн аттама, ұрлық қылма, өтiрiк сөйлеме” деп. Осы айтқандарыңызды жадымда, бойымда ұстадым. Iзбасар екеуiмiз 4 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, ұлды ұяға, қыздарды қияға қондырып, немере сүйiп, қара шаңырақтың иесi болып, киесiн мықты ұстап отырмыз. Сiздерге ұят келтiрген жоқпын. Қолымнан келгенше әулеттiң ұйытқысы болуға тырыстым. Өзiңiз армандағандай “ұлы ұстаз” болдым. “Бiлiм мен iзгiлiк қана мұратқа жеткiзедi” дегендей, балалардың бойына имандылық қасиеттерiн дамытып, iзгiлiкке тәрбиелеуде аянбай еңбек еттiм. 40 жыл халықтың баласына бойымдағы бiлiм мен тәрбиемдi бердiм. Ұл-қыздардың барлығы жоғарғы оқу орындарын бiтiрiп, әр салада еңбек етуде. Қазiр зейнеткерлiкке шығып, немерелердiң ортасындамын.

Балымхан БАЙТЕНОВА,

Шорнақ ауылының тұрғыны.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы