ЖАРИЯЛАНБАҒАН СОҒЫСТЫҢ ҚАҺАРМАНЫ

1  203 көрілім

Түркістан облысы атанған тұста бұған дейін төрағалық тізгінді мінсіз атқарып келген, ардагер ағамыз Әзімбай Қожабаевтың қаламызда атқарған ерен еңбегін айта кетуіміз абзал. Әзекең төрағалық қызметін өзінен кейінгі артынан ерген бауырына ұсынуды шешіпті. Сонымен, 2019 жылы тамыз айында облыстық Ауған соғысы ардагерлерінің қолдауымен облыстық Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып, жерлесіміз Тұрғанбек Әшірұлы Бегимов сайланды.

Тұрғанбек Әшірұлы 1969 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Түркістан қаласына қарасты Аманкелді ауылында Аманкелді атындағы жалпы орта мектебін бітірген. Одан соң 1987 жылы кеңес әскері қатарына шақырылып, Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласында әскери дайындықтан өткен. Кейін Ауған Республикасында Пули-Хумри провинциясында қызмет атқарады. Әскери қызметте тәулігіне 24 сағат бойы күндіз де, түнде де жаттығу жасап шыңдалады. Соғыста дабыл қағылған кезде әрдайым дайын отыру керек. Ұрыста жүріп, атыстың неше түрін, жүйрік жүгіріс өнерін, парашютпен секіруге әбден машықтанған.

Дұшпандар негізінен жергілікті елге, сол жердің әскеріне қарсы халық. 1988 жылы жергілікті әскер құрамы дұшпандардың қоршауында қалады. Оларға қанша мәрте көмекке барғанымен, оларды дұшпандардың мықты шеңгелінен шығара алмайды. Дегенмен бір апта көлемінде құрамында 1 офицер, 3 солдат болып, қоршауды бұзып, жергілікті әскерді аман-есен алып шығарады. Осы ұрыста көрсеткен ерліктері үшін 4 азаматқа Ауғанстан үкіметі «За отвагу» медалін берсе, ал Кеңес үкіметі «За боевые заслуги» медалімен марапаттаған.

Міне, биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерін біржола тастап шыққанына 31 жылдығын атап өткелі отырмыз. Он жылға созылған ауған соғысы біздің тарихымыз және оны халық жадынан біржола өшіру мүмкін емес. Өйткені, бұл жарияланбаған соғыс Қазақстан үшін орны толмас қайғы – қасірет әкелді. Оған қатысқан 22 мың отандасымыздың 761-і қаза тапты. 21 азамат хабар-ошарсыз жоғалғандардың тізімінде. Туған жерге оралғандардың үштен біріне жуығы мүгедектер қатарында.

Бүгінде Түркістан облысы бойынша Ауған соғыс ардагерлері мен мүгедектері кеңесі қоғамдық бірлестігінде 1400-ге жуық мүшесі бар. Арада 30 жылдан аса уақыт өтсе де Ауғанстан соғысының ашылмаған жұмбағы, айтылмаған құпиясы әлі де көп. Сондықтан солақай саясаттың кесірінен бұл соғыстың салған жарасы көптеген жылдар бойы жазылмасы анық. Қаншама боздақ қыршынынан қиылды, көптеген отбасы қара жамылды, адамдардың тағдыры күл-талқан болды. Ауғанстанның кеңес әскерлерінің шығарылғанына 31 жыл өтсе де, сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері соғыс жарасынан әлі де айыға алмай келеді. Бүгінде өзімізбен арамызда жүрген ауғандық ардагерлер жауынгерлерді қадірлеп, оларға құрмет көрсету – азаматтық борыш деп білемін.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы