ӨРТ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ЕСКЕРІҢІЗ

993 көрілім

Пәтердегі өрттің негізгі себептері: отты абайсыз пайдалану; жарамсыз электр желілері мен тұрмыстық аспаптардан; әсіресе мас күйде төсекте темекі шегуден; розеткаға бір уақытта бірнеше электр аспаптарын қосудан; киім-кешекті жуу немесе тазалау үшін тез тұтанғыш сұйықтықтарды қолдану; қараусыз қалған балалардың отпен ойнауы; қараусыз қосулы қалған тұрмыстық электр аспаптарынан (теледидар, үтік, шәйнек, фен және т.б.) пайда болып жатады.

Төтенше жағдай орын алғанда міндетті қағиданы есте сақтаңыздар: пәтердегі жалыннан бұрын түтін иісі шықса «101», «112» телефондары арқылы өртке қарсы қызметті шақыру қажет. Отты өз күштерімен жою көбінесе нәтиже бермей, уақыт зая кетіп, өрттің одан әрі өршуіне және жайылуына әкеп соғады. Өртке қарсы қызметіне өрт туралы хабарлаған соң балаларды, науқастар мен қарияларды қауіпсіз орынға шығарып, жақын орналасқан пәтердегі көршілерді құлақтандырыңыз. Баспалдақ торындағы немесе пәтердегі электр қалқанынан электр қуатын өшіріңіз. Ас үйдегі газды да жабыңыз.

Өрт сөндірушілердің келуін күтпей қолда бар құралдар – суы бар шелекпен, өрт сөндіргішпен, суланған матамен жалынды сөндіруге кірісіңіз.

Бүгінгі күнгі тәжірибе әрбір пәтерде өрт сөндіргіштің болуы қалыпты жағдай екенін көрсетіп отыр. Терезе мен есіктерді ешқашанда ашпаңыз, өйткені қосымша кірген ауа оттың өршуіне алып келеді.

Егер отты өз күштеріңізбен сөндіруге қауқарыңыз жетпесе, дереу бөлмеден шығып, есігін тығыздап жабыңыз. Отты бөгеу үшін есіктің сыртынан су құйыңыз. Өрт сөндірушілерді қарсы алуды ұйымдастырып, оларға өрт ошағы мен жанып жатқан бөлмедегі адамдар туралы хабар жеткізіңіз. Ең бастысы үрейге бой алдырмай, нақты іс-шараларды ұйымдастырыңыз.

М. ХАЙДАР,

Түркістан қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы