ЖАҢА ЗАҢ МҰҒАЛІМДЕР МӘРТЕБЕСІ МЕН МІНДЕТІН АРТТЫРАДЫ

2  001 көрілім

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойып, педагог мәртебесін заңмен бекітті. Осы орайда, қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің (білім бөлімі) басшысы Ақмарал Батырбековаға жолығып, мұғалімдер қауымын қуанышқа кенелткен жаңа мәртебе жайында сұхбаттастық.

– Ақмарал Үсенқызы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Ұстаздар қауымының көптен күткен қуанышы құтты болсын. Ұстаздар арасында заңды түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Үлкен рахмет. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылғандығы баршамызды қуантты. Заң қабылданған сәттен бастап қалалық адами капиталды дамыту бөлімінің жоспарына сәйкес, Заңды педагогтар қауымына түсіндіру бағытында арнайы кесте түзілді. Осы кесте бойынша әрбір аймақта сол аймаққа жақын орналасқан мектеп ұстаздарын жинап, өзім кең көлемде түсіндіру және Заңды жан-жақты талқылау шараларын өткіздім. Сонымен қатар, аталған Заң мектеп директорлары, пән бірлестік жетекшілері арасында да кеңінен насихатталды. Қала көлемінде осы Заңды талқылау мақсатында жас мамандармен брифинг өткізіп, педагог жастардың көкейіндегі сұрақтарға да барынша жауап беруге тырыстым.

«Педагог мәртебесі туралы» Заң бүгінгі таңда барлық білім және тәрбие ұйымдарында педагогтар арасында талқыланып, оң қолдауға ие болды деп айта аламын.

– Жаңа заң туралы кеңінен айта кетсеңіз? Қандай ерекше жаңалықтарымен қуантуда?

– Ең бастысы педагогтың мәртебесін айқындайды, оның құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін, міндеттерін, жауапкершілігін белгілейді. Заң 21 баптан тұрады. Әрбір бапта педагогқа қатысты қағидалар кең көлемде нақтыланып берілген. Сондай-ақ, педагогтік кәсіптік қызметінің негізгі міндеттерін айқын көрсеткен. Мұнда педагог мәртебесі, педагогтік әдеп жайлы нақты анықтамалар айтылған.

Сонымен бірге педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен материалдық қамтамасыз етілу құқығы Қазақстан Республикасының Заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалып көрсетілген.

Педагогтарды қуантып отырған жағдай – мемлекеттік білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің апталық нормативтік оқу жүктемесінің 16 сағат болатындығы, сынып жетекшілік, дәптер тексеруге төленетін үстемақының 2 есеге ұлғаюы, магистрлік дәрежесі бар педагог пен жас мамандарға бекітілген тәлімгерлерге арнайы үстемақы тағайындалуы және ең бастысы педагогтардың айлық жалақысы 2020 жылдың қаңтар айынан бастап 25%-ға, 4 жылда 100%-ға дейін көбейетіндігін айтуымыз керек.

– Қай сала болмасын мәртебе сол саланың қызметкерінің жылдар бойы атқарған еселі еңбектерінің жемісімен келеді деген ой пайыммен өмір сүріп келген елміз. Аты айтып тұрғандай «Педагог мәртебесі туралы» заң шыққаннан кейін (көпке топырақ шашпайын) кейбір мұғалімдер өздерінің мәртебесін заңның күшімен көтеріп алғандарына масаттанған күй кешіп кетпей ме?

– Әрине мәртебе педагогке Заңмен белгіленбейді. Ол – жылдар бойы адал атқарған еңбектің жемісі, тынымсыз ізденістің нәтижесі.

Сонау ХХ ғасырдың басында ұлт көсемі, ағартушы педагог М.Жұмабаев «Алты алаштың басы қосылған кезде, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген еді. Яғни, сол кезеңдегі педагогтардың мәртебесі қандай еді? Бүкіл қазақ жұртын оқу-біліммен, өнегелі тәрбиемен сусындатқан педагогтар өз орнын төрден өздері белгілеп алды емес пе? Ендеше қазіргі педагогтарымыз ұстаздықтың – ұлы есім екендігін сезіне біліп, өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі жоғары деңгейде болса ғана, мәртебесін шәкірті алдында да, ел алдында да өзі белгілей алады.

Түсіне білген, осы Заңды терең зерттей білген адамға педагогтың мәртебесі немен өлшенетіндігі анық көрсетіліп берілген.

– Ақмарал Үсенқызы осы заңды талқылау барысында қандай ойда болғаныңызды айтып берсеңіз?

– Кесте бойынша педагогтермен кездесу барысында бір байқағаным, біздің мұғалімдер Заңды егжей-тегжейлі терең оқымаған, оны талдап, зерттеп, ой елегінен өткізбеген. Сұрақ-жауап барысында педагогтар Заңның тек материалдық жағдайды түзету бағытындағы, яғни айлықтың көбейетіндігін, үстемеақылар қосылатындығын ғана тілге тиек етіп жатыр. Бұл жауаптар әрине, мені қынжылтты.

Педагогтарымыз Заңда көрсетілген өз құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін, шектеулерін, міндеттері мен жауапкершіліктерін терең зерделемеген. Сондай-ақ педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің қызметі туралы да терең талдаудың жүргізілмеуі де педагогтар тарапынан түсініспеушілікке алып келіп жатыр. Заңда педагогтік әдеп туралы, білім ұйымдарында құрылған педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің негізінде педагогтің мәртебесін, құқығын қорғауға негізделгендігін айқындай алмай отыр.

– Халықтың көбіне шағым айтар жері газет редакциясы. Ел іші болғандықтан, көптеген жағдайлар орын алады емес пе? Жақында қала тұрғыны мектептегі жоғары сыныпта оқитын қызының сабағына 5 минут кешігіп барғаны үшін ұстаздардың алғашқы сабақ уақыты біткенше дәлізде тұрғызып қойғаны жөнінде (төменгі және жоғары сыныптың кешіккен оқушыларын дәлізде тізіп қойған) шағымын айтып келді. Осы орайда өзіміздің мектеп өмірімізді еске алсақ, осылай кешіккен оқушыны өз сыныбына кіргізетін және ол түрегеп тұрса да сол күнгі жаңа сабақты тыңдап, ұғынып тұратын. Бүгінгі ұстаздардың кешіккен оқушыларға қолданған тәсілі дұрыс па? Осыған не айтасыз?

– Менің ойымша, бұл жағдай ұстаздарымыздың педагогтік әдеп туралы оқушымен қарым-қатынасы жөніндегі тәжірибесінің аздығынан туындаған деп ойлаймын. «Педагог мәртебесі туралы» Заңда педагогтің міндеттері аталатын 15-бапта: Педагог: білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті деп көрсетілген. Міне, осы Заңда педагогтің ең негізгі міндеті айқын көрсетіліп тұр. Дегенмен, осындай күнделікті сабаққа кешігіп келуді әдетке айналдырған оқушымен басқаша әдіс-тәсіл арқылы сабақтан қалдырмаудың жолын табуымыз керек. Оған да көнбеген жағдайда, сынып жетекшісімен директордың тәрбие жөніндегі орынбасарымен, мектеп инспекторымен бірлесе отырып, ата-анамен сөйлесіп сабаққа кешігіп келудің себебін айқындауымыз керек еді. Сондықтан әрбір педагогке ең алдымен Заңда көрсетілген өз міндеттерін терең оқып, ұғынып алуды сұрар едім.

Ләззат САРЫБАЕВА,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы