«ЖАСТАРДЫҢ ИМАНДЫЛЫҚҚА БЕТ БҰРУЫ ЖЫЛ САНАП АРТЫП КЕЛЕДІ»

1  031 көрілім

Бүгінде Қазақстан – дінаралық тұрақтылықтың аймағы. Сондықтан да елімізде этностардың келісімі ғана емес, сонымен қатар конфессияаралық татулықтың да орны ерекше. Тәуелсіздік алғаннан бері дінаралық қақтығыстар, мемлекеттік органдар мен діни қауымдастықтар арасында келіспеушіліктер орын алған емес. Мұның барлығы Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатының арқасында жүзеге асып келді. Бұл – мемлекет түрлі діндердің арасындағы қарым-қатынасты көрегенділікпен реттеп отыруының жемісі. Осы мақсатта имандылық иірімдерін сөз етіп Түркістан қаласының бас имамы Жүсіпбек Қасымбековпен сұхбаттасқан едік.

– Әңгімеміздің басын имамның қызметі мен жауапкершілігі тұрғысынан бастасақ.

– Әуелі Аллаға шексіз мақтаулар, мадақтаулар, Пайғамбарымызға салауат сәлемдер болсын. «Имам» деген мешіттегі намазды бастап толық өтейтін, жаназаның басында жаназа намазын өтейтін, діни жоралғыларды жасайтын адамды имам деп атаймыз. Жалпы, имам деген басшы деген мағынаны білдіреді. Имамдықтың ең басы – Пайғамбарымыздан басталады. Жүректен шығып, жүрекке қонымды үгіт-насихатты жеткізуге имамдар барынша қызмет жасауда. Имамдар белгіленген орындарында ғана үгіт насихатын жеткізуге құқылы.

– Қазір заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме? Кезінде есікті ілу, қора мал жайларды мықтап бекіту деген түсінік жоқ еді. Қазір үйінде адам отырса да жауыздық жасап, шабуылдайтындар көбейді. Мұндай қатігездіктің белең алуына сіздің пікіріңіз қандай?

– Заман өзгерген жоқ. Барлығы сол әуелі бастан Алла Тағаланың қойған жүйесі. Бірақ адамдардың өздері, қоғам өзгерді. Бүгінгі күні ғаламтордағы байланыс жыл өткен сайын өте қатты дамып жатыр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кім өзін-өзі жақсы танитын болса, ол Жаратушысын жақсы танитын болады» дейді. Адам өзін тәрбиелесе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін діни, салт-дәстүр тұрғысынан қарап ұстанатын болса қоғамда дұрыс жолды таңдай алады. Ал біздің исламдағы қағидаларымыздың барлығы салт-дәстүрімізде бар. Ата-бабаларымыз ұят болады, обал болады деген тәрбиелік мәні бар сөздермен тәрбиелеп келген. Жүректе иман болатын болса, қатыгездіктің жолы жабылады. Өйткені, бізде қанағат, шүкір, сабыр ету сияқты жақсы сипаттарды өзіміз бойымызда сақтауымыз керек деп білемін.

– Сіздің көзқарасыңыз бойынша бүгінгі жастар қандай? Оларға көңіліңіз тола ма?

– Пайғамбарымыздың бір хадисінде былай дейді: «Қиямет күні Алланың ешбір құлы өмірін қайтіп өткізгендігі, жастық шағын қалай өткізгендігі, дүние-мүлкін қандай жолдармен тауып, қайда жұмсағандығы және алған білімімен не істегендігі жайлы есепке тартылмайынша бір адам да орнынан тапжылмайды» деген. Жас кезде күш қуат бар. Нәпсі деген өте асау болып тұратын кез. Өз нәпсісін тәрбиелеген жастарды Алла Тағала жақсы көреді. 15-20 жас аралығындағы жастар алып ұшып тұрған кезде оның нәпсісі басым болады. Ақыл тоқтатпай, ашуға берілу, ойын автоматтары мен құмар ойынға кіру барлығы осы жастардың арасында орын алады. Оларға үгіт насихат жасау арқылы, Алланы таныса, жастарымыз түзелер еді. Жас түзелді деген қоғам түзелді деген сөз. Ал, қазіргі қоғамдағы жастарға келсек. Ерікті жастарымыздың қызмет жасап жатқандары өте көп. Жалғызбасты, мүгедек жандарға қаржымыз болмаса да қол ұшын тигізіп, көмек берсек дейтін жастар да кездесіп жатады. Мешіттердің сыртқы ішкі тазалықтарына өз үлестерін қосатын жастар да аз емес.

– Соңғы уақытта мешіттерге қай буын өкілдері жиі бас сұғып, көбіне қандай мәселе төңірегінде ақыл кеңес сұрайды?

– Мешітке келетіндердің басым көпшілігі жастар деуге болады. Келешегі бар елдің жастары мешітке келгені өте маңызды. Жастарымыздың дұрыс бағытты таңдап жатқандығы көңіл қуантады. Мысалы, Еуропада шіркеулерге бас сұғып жатқан жастар жоқ. Бізге құмар ойыны, ішкілік секілді жаман әдеттерден өзін тежей алмау сынды мәселелер бойынша ақыл кеңестерін сұрап жатады. Кейде «талақ» ажырасу төңірегінде де сауалдар түсіп жатады. Оларға қажетінше түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз.

– 2018 жылдың 18 маусымында Елбасымыз Түркістанға жаңа мәртебе беріп, жаңа тарих беттері ашылған еді. Сол күннен бері 1 жылдан аса уақыт өтті. Осы тұста, бұрынғы Түркістан мен қазіргі Түркістанның айырмашылығы жайында айтарыңыз болса?

– Баяғыда жас күнімізде ұстаздарымыз, қарияларымыздан: Түркістанның бір уыс топырағы, ат басындай алтынға тең болады деп айтып отыратын. Елбасымыз 18 маусымда Түркістан тарихында үлкен оқиға болды. Бүгінде қаламыз көркейіп жатыр. Келешекте ислам әлеміне танымал қала болайын деп тұр. Бұдан өзге, шаһар «Біріккен қала және жергілікті билік» атты Халықаралық ұйымға мүше болды. Бұл да үлкен жетістік. Қаланың көркейгені руханиятымыздың көркейгені деп білемін.

– Қазіргі таңда қаламызда қанша мешіт бар? Әр мешіттің жамағатын қоса есептегенде жалпы тұрғындардың қанша пайызы жұма, айт намаздарына келеді?

– Қалада жалпы саны 32 мешіт бар. Оның 28-де жұма намазы оқылады. Қалғандары намазхана есебінде тіркелген. Әрбір мешітте күнделікті 20-30 жамағат намаз оқиды. Ал, жұма намазында әр мешітте өзінің сыйымдылығына қарай жамағат толады деуге болады. Айт намазында орталық «Хилует» мешітінде шамамен он мыңдай адам келеді. Өйткені, мешіттің ішіне толып, ауласына дейін оқылады. Осы ретте, қуанышты жаңалықпен бөлісе кетсем. Қаламыздың кіре беріс жерінен 5000 адамға лайықталған мешіт салынып жатыр. Одан соң 400 оқушыға арналған медресе де сол жерде орналасады. Бұның өзі Түркістан қаласы руханиятының көтерілуіне бірден бір себеп болмақ.

– Халықтың діни көзқарасы туралы айтып өтсеңіз. Қазір түрлі бағыттағы дін өкілдері бар. Кез келген азамат дәстүрлі дінді ұстану үшін қандай белгілерді ажырата білуі керек?

– Қоғамда керағар діни ағымдар бар. Ондай адамдар жолықса имамдар «мәсхапқа» бет бұруды, ата-баба дәстүріміздегі ұстанымымызға бет бұруды үгіт насихат жасайды. Өзге бағыттағы дін өкілдерін бес уақыт намазда жүрген адамдар оны анықтай алады. Сыртқы бейнесінен қараған кезде іс-әрекетімен амалымен жамағаттан ерекшеленіп тұрады. Оғаш іс-әрекеттерінен айқын байқауға болады. Мысалы, намазда қол көтеру, «әмин» деген кезде дауыстап айтып, бет сипамау, намаздан кейін Құранды тыңдамау осындай сынды іс-әрекеттері арқылы тануға болады. Қазіргі таңда қоғамда діни білім дамып жатыр десек болады. Өйткені, адамдардың діни сауаты 5-10 жыл бұрынғыдай емес, жоғары деңгейде көрініп келеді.

– Жастарға айтар ақыл кеңесіңіз…

– Жас бола тұра қоғамда пайдасын тигізетін жастарға Алла разы болады екен. Сондықтан да жастарымыз қай мамандық иесі болса да, қоғамға пайдасын тигізсе сол сауап болады. Ол арнайы дінді оқып, ғұлама ғалым болуы шарт емес. Білгенімен жақсы жағынан пайдасын тигізсе мінекей сол өте маңызды. Жастарымызды Алла Тағала тура жолға салса, біздің келешегіміз жарқын болатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан:

Шынар ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы