«Аяла» қайырымдылық қоры Қазақстан Халық банкі АҚ-ның қаржылай қолдауымен қаламыздағы №3 Түркістан облыстық перинаталдық орталыққа жаңа туған сәбилердің терапиялық гипотермия кешені – TecoTermNeo және электроэнцефалография аппараттарын тарту етті. Орталықтың мәжіліс залында өткен басқосуға «Аяла» қайырымдылық қоры мен Қазақстан Халық банкі АҚ-ның қызметкерлері, облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында «Халық банкі» Түркістан облыстық филиалының директоры Артур Тасқарин сөз сөйлеп: Ел халқының денсаулығы банктің назарынан тыс қалған емес. Қайырымдылық қордың бастамасын қолдап, банк көмек ретінде 27500000 теңге бөлді. Бұл медициналық құрылғылар мыңдаған сәби мен балалардың денсаулығын жақсартуға өз септігін тигізетініне сенімдіміз,-деп айтып өтті.
«Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Берік Даржанов «Сәбилер өлімін және мүгедектігін қысқарту жөніндегі жобаларды іске асыру біздің қор жұмысының негізгі басымдығы болып табылады. Демеушілеріміздің қолдауымен біз мұндай 5 аппаратты – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығына және Алматы қаласындағы перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығына, Атыраудың облыстық перинаталдық орталығына орнаттық. Жабдықтың бесінші жиынтығын перинаталдық орталыққа әкеліп отырмыз. Бұл жабдық Түркістан облысындағы сәбилердің тіршілікке қабілеттілік және бала туу көрсеткіштерін жақсартуға көмектесетініне сенімдімін» дей келе, жаңа гипотермия аппараты туралы толық мағлұмат беріп өтті.

Орталықтың бас дәрігері Нұржан Махмутов жаңа туылған нәрестенің өмірінің ең алғашқы сағатында және тіпті минуттарында қолдануды өте қажет ететін терапевтік гипотермия жабдығын сыйлаған демеушілерге алғысын жеткізді.
Аппарат жаңа туған нәрестенің барлық денесін немесе жекелей өте дәл нақты температура дәрежесінде салқындатып, ал қажетті жағдайда қыздыра алады. Нақты температура әсері қан айналымын түзетуге мүмкіндік береді және сол арқылы клеткалардың немесе сәбидің зақымданған ми клеткаларының қалпына келуін бақылауға алады.
Қор бұл медициналық жабдық өңірде гипоксияның ауыр түрлерімен байланысты сәбилер өлімін төмендетуге көмектесетініне сенімді.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша мұндай аппаратпен қамтылу алғаш рет болып отыр. Бұрын дәрігерлер бұл жағдаймен ескі әдіс бойынша күресіп келді: баланың денесіне салқын су толтырылған резеңке қолғаптарды қойып қоятын. Енді бұл өмірлік маңызы бар жұмысты арнайы аппарат атқаратын болады.
Ләззат САРЫБАЕВА,
«Түркістан».