АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫ – ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ҮЛГІСІ

1  854 көрілім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміз тарапынан кең қолдауға ие болуда. Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толмақ. Қазақ халқының ұлы кемеңгерінің мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында Үкімет деңгейінде ауқымды шаралар қолға алынып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды», – деп бастайды мақаласында.

Иә, Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңсеретініміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеріміз айдан анық. Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет-өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

Мақалада қазақтың рухани және мәдени әлемін әлемге Абай арқылы таныту туралы өзекті мәселе көтерілген. Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады. Тиісінше, ол арқылы қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін танытуға болатыны айтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық сананы жаңғырту және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру үшін Абайдың шығармаларын мұқият оқу керектігіне тоқталады. Өйткені, Абайдың қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Сондықтан да Қазақстан халқы Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіс. Мемлекет басшысы «әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқаны сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек», – деп санайды.

Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес. «Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған», – деп жазады мақаласында.

Айта кетерлігі Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару керек екенін айтты. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржімаланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсірілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, мақалада ақын тойынан өнер саласының майталмандары республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдерін өтізетін болады. Биылғы бәйгелер Абай шығармашылығына арналатынын, әдебиет және өнер саласындағы үздік туындыларға берілетін мемлекеттік сыйлық алдағы уақытта Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталатыны жария етілді. Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау шетелдерде де жалғасып, Ресей, Франция, Ұлыбритания және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру көзделіп отыр.

Мемлекет басшысы атап өткендей, биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатын болады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналмақ. Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция мен басқа жиындар Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеу және оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылатын болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз мақаласында Абай мұрасының өскелең ұрпақ пен ел болашағы жастарға тигізетін пайдасы туралы ой өрбітіп, Ұлы ақын шығармашылы-ғының қай кезеңде де өзектілігін жоймай, замана жүгін көтеріп, Абай ұлағаты барша адамзат игілігі үшін рухани азық екенін де атап өтті. Демек, қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық құндылықтарымызды, ұлы Абайдың даналық сөздерін әр бала жастайынан өз отбасында ұғынуы керек деген ой түйіндейміз. Біз Мемлекет басшысының мақаласында айтылған дүниелерді басшылыққа алып, Абай мұрасын жастарға кеңінен дәріптеп, жас ұрпақтың бойына сіңіріп, патриоттық рухта тәрбиелеуге күш жұмсайтын боламыз.

Бақытжан БУКЕБАЕВ,

Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы