ОБЛЫСТЫҚ ЧЕМПИОНАТ БАСТАЛДЫ

175 көрілім

Бүгін Түркістан қаласында тұңғыш рет жастар мен жасөспірімдер арасында ушу сандадан облыстық чемпионат басталды. Байрақты бәсекеде өңірдің 8 ауданынан жиналған 151 спортшы 41 салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Айта кетейік, чемпионатта топ жарған облыс спортшылары 9-14 қараша күндері Тараз қаласында өтетін Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының намысын қорғайды.

Ушу санда спорты Түркістан облысында 2019 жылдан бастап дамып келеді. Қазіргі таңда өңірде осы спорт түрінен 9 жаттықтырушы жұмыс істейді. Солардың бірі – облыстың аға жаттықтырушысы Марат Абдиев. Жаттықтырушының айтуынша, кейінгі жылдары түркістандық спортшылардың республикалық және халықаралық додалардағы нәтижесі де артып келеді.

– Бұған дейін біздің облыстың спортшысы 2023 жылы АҚШ-тың Техас штатында өткен Әлем чемпионатында 3-орын алды. Бұл – біз үшін тарихи жеңіс. Ал 2026 жылдың сәуір айында Алматыда ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында облыс құрамасы 5 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль иеленіп, жалпы командалық есепте 3-орынға тұрақтады, – дейді М.Абдиев.

Бұл көрсеткіш өңірде ушу санда спортының қарқынды дамып, спортшылардың бәсекеге қабілеті артып келе жатқанын көрсетеді. Ендігі кезекте бапкерлер жасөспірімдер мен жастар арасынан халықаралық деңгейде өнер көрсете алатын спортшыларды дайындауға басымдық беріп отырғанын байқадық.

– Ендігі мақсатымыз – жастар арасындағы Таразда өтетін Қазақстан чемпионатына қатысып, үздік нәтиже көрсету. Сол арқылы алдағы уақытта Филиппин елінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алуды көздеп отырмыз, – дейді аға жаттықтырушы.

Естеріңізге сала кетейік, өңір біріншілігі екі күнге созылады. 2 қыркүйек күні финалдық жекпе-жектер өтіп, жүлдегерлер мен жеңімпаздар марапатталмақ.

Д.ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы