Ел мен елді жақындастыратын үлкен істің бастауы кейде қарапайым ғана ізгі ниеттен туады екен.
Түркістаннан Баянауылға жеткен Тайқазан – екі өңірдің тарихи тамырластығы мен рухани сабақтастығын айшықтайтын белгі. Бір кезде Баянауылдан келген қарағай Түркістан топырағына тамыр жайса, енді қасиетті Түркістанның символы іспетті Тайқазанның үлгісі Баянтау төрінен орын алды.
Дүйсенбі күні, қыркүйектің 14-інде «Жаратқан жолымызды оңғарсын» деп, Түркістаннан он бір адам Шымкентке жолға шықтық. Одан ұшаққа отырып, елордасы Астананың әуежайына қондық. Алдымыздан кортеж көліктерінен кем түспейтін бір жол талғамайтын көлік пен шағын автобус күтіп алды. Сөйтіп, Сарыарқаның сұлу төрі – Баянауылды бетке алдық.
Бұл жердің ерекшелігі тек табиғатында емес. Қазақтың талай тарланын түлеткен, ел тарихында өзіндік орны бар қасиетті мекен. Әңгімеміз түсінікті болуы үшін сәл шегініс жасайық.
Осы көктемде Павлодар облысының Баянауыл ауданынан бір топ зиялы қауым Түркістанға арнайы сапарлап, құр қол келмей, қылқан жапырақты ағаш көшеттерін әкеліп отырғызған еді. Бұл – киелі Түркістанға деген сый-құрметтің белгісі болатын.
Игі істің бастамашысы – Баянауылдан шыққан белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Рымтайұлы Ізбастин. Бабалары мәңгілік мекен тапқан Түркістан топырағына игілікті іс жасауды перзенттік парызы санаған Марат ағамыз көптен бергі арманын осы жолы жүзеге асыруға бекінген екен. Оның бастамасымен Б.Саттарханов даңғылының бойындағы желілік саябаққа елу түп қарағай көшеті отырғызылды. Баянауыл топырағынан нәр алып, Түркістанның жасыл желегін молайтып, саф ауа тынысын кеңейтсін деген ниетпен егілген ағаштар бүгінде жайқалып өсіп тұр.
Бұл қадамға ризашылық білдірген Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қонақтарға арнайы құрмет көрсетіп, қонақкәде ретінде Тайқазанның көшірмесін сыйға тартқан еді. Біздің он бір адам болып Баянауылға сапарлауымыздың мәнісі де осыдан басталады.
Түркістаннан жеткізілген теберік сыйды зор құрметпен қабыл алған баянауылдықтар Марат Рымтайұлының қолдауымен Тайқазан үлгісін аудан орталығындағы құтты орнына қондырған. Ағамыздың көңіл түкпірінде жүрген арманы Түркістан топырағына ағаш егумен ғана шектелмей, осылайша екі өңірдің рухани сабақтастығына ұласып отыр. Шын ниетпен жасалған істің соңы қашанда ізгілікке жалғасады емес пе?!
Осы жәдігердің ашылу салтанатына бізді арнайы қонақ ретінде шақырды. Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қала әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов бастаған руханият жанашырлары осылайша жолға шыққанбыз. Топ құрамында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Есенәлімұрат Ізтілеуов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оспанов, белгілі айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков, қалалық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Мұстафаева, Түркістан облыстық Аналар кеңесінің төрайымы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Гүлсара Тоққұлова, ҚР Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, «Түркістан медиа» ЖШС директоры Мәлік Дәулетов, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Нұрлан Дүкенбаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы Мырзахан Байболов, Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев болды.
Қос көлікпен сырғып отырып, ел жатпай Баянауылға да жеттік. Сарыарқаның төрінде бізді Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғұжинов, осы іске мұрындық болған белгілі кәсіпкер Марат Ізбастин, Марғұлан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Алтынбек Нұхұлы, Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаев бастаған азаматтар қарсы алды.
Ұлттық дәмдермен көмкерілген дастархан басына жайғасып, қос тараптың таныстық кездесуі өтті. «Беу, жігіттер» ән-аспаптық ансамблі Шәмші әндерінен бастап, Сарыарқаның сағындырған әуезді әндерімен жанымызды жырға бөледі.
Кешкі астан соң қарсы алған азаматтар күн бойы жол жүрген біздерді «Jasybai Resort» демалыс кешеніндегі жеке бөлмелер мен шағын үйлерге жайғастырды. Ақ көйлек киген арулардай тізілген қайыңдар мен жұпар иісі аңқыған қарағай орманында кең тыныстап, демалдық.

Келесі күні таңғы асқа жиналып, негізгі іс-шараға дайындығымызды пысықтадық. Меймандос керекуліктер арнайы бағдарлама түзіп қойыпты. Соған сәйкес Баянауыл ауылындағы «Сарыарқа сыры» визит-орталығына бардық. Биыл ғана қолданысқа берілген орталық Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің келушілеріне арналған негізгі ақпараттық және бағыт-бағдар беретін орын екен. Сәулеті келіскен ғимарат ішіндегі арнайы экран арқылы өңірдің туристік бағыттары, табиғи көрікті жерлері, киелі нысандары мен мәдени мұрасы туралы жан-жақты мағлұмат алдық. Цифрлық жүйемен жарақтандырылған орталықта қажетті дүниелермен виртуалды түрде танысуға мүмкіндік мол. Өркениетке қол созған еліміз үшін әр аймақта осындай орындар болғаны жөн. Одан әрі қазақ ғылымының негізін қалаушы, ұлтымыздың көрнекті тұлғаларының бірі, академик Қаныш Сәтбаев атындағы мұражайға табан тіредік.
Туған еліне өлшеусіз еңбек сіңірген ұлт зиялыларының ғұмыры мен қызметін кітаптан оқып білген бір бөлек те, олардың туған топырағын басып, тұтынған дүниелерімен жақыннан танысудың әсері басқа емес пе? Осындай ішкі толқыныспен «біссіміллә» деп, Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің табалдырығын оң аяқпен аттадық.
Азат еліміздің тынысымен үндесіп, құнды жәдігерлермен толыққан рухани орында қолымдағы фотоаппаратпен әлек болып жүріп, бұрын оқыған, естіген-білгендерімізді көзбен көріп, көңілге түйдік. Академик, геолог Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары қойылған зал баршамыздың қызығушылығымызды оятты.
Бізбен бірге жүрген Марғұлан университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы музей қызметкерімен бірге тың мағлұматтар айтып, ұлтымыздың ғылым алыбы туралы танымымызды тереңдете түсті. Музей академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғұмырнамасы мен ғылыми еңбектерінен сыр шертіп қана қоймай, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізіп келеді екен. Иә, Сәтбаевтың есімі ғылым мен елдік мүддені ұштастырған қайраткер ретінде халқымен бірге жасай беретіні анық.
Мұражайдан алған әсерімізбен толқып отырып, Түркістан қаласының Баянауыл ауданына жасаған сыйы – Тайқазан үлгісінің салтанатты ашылуы өтетін Баянауыл ауылының орталық алаңына келіп жеттік.

Жергілікті жұртшылық көптеп жиналыпты. Бізді ерекше құрметпен қарсы алды. «Киелі мекеннен келді» деген ықыласты пейілдері жүздерінен байқалып тұр.
– Мағжан ақын жырлаған «…Екі дүние есігі, Ер түріктің бесігі» – Түркістаннан Торайғыр би айтқан «Ой қозғайтын ақылдың, сөз қозғайтын ақынның, берік оба тас тұлға, сыралғы болған батырдың жері» – Баянауылға ізгі тарту – Тайқазан үлгісінің ашылу салтанатына қош келдіңіздер! – деген іс-шара жүргізушісі Еламан Хасенұлының қоңыр дауысы сапарымыздың негізгі мақсатын еске салды.
Екі өңірді байланыстыратын тарихи құндылық бар. Ел тарихында өзіндік орны бар Шоң би Едігеұлы, Торайғыр би Едігеұлы, Мырзақұл батыр, Бекше мерген, Азынабай Ақмырзаұлы сынды ардақты тұлғалар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде мәңгілік мекен тапқан. Қос аймақты жалғап тұрған терең тарихи сабақтастықтың бір көрінісі осы десек, қателеспейміз.
Осындай тарихи тамыры сабақтас қос өңірдің жұртшылығы Баянауыл ауылының төрінде иықтасып тұрып, Тайқазан үлгісінің ашылу салтанатына куә болды.

Алғаш сөз алған Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Барлыбайұлы облыс басшысы Асайын Байхановтың сәлемін жеткізді. Көрегендікпен теберік сый ұсынып, екі облыс халқының бірлігін нығайтатын игілікті іске мұрындық болған Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлына және қуанышты бөлісуге келген түркістандық делегация мүшелеріне арнайы алғыс білдірді.

Бұдан соң Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов сөз алып, мазмұнды іс-шараның маңызына тоқталды. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген тәмсіл аясында Түркістан қаласы әкімінің бастамасымен жасалған тартуға қосымша кәдесый ретінде шағын Тайқазанды Серік Барлыбайұлына тапсырып, барша баянауылдық жұртшылыққа түркістандықтардың және қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының атынан ыстық сәлемін жолдады.
Екі өңірдің жауапты тұлғалары осылайша бір-біріне ілтипат білдіріп, көпшілікке жылы лебіздерін арнады.

«Ақынға қара сөзден өлең оңай» деген емес пе?! Кезекті сөздің сәтінде бар қазақтың мақтанышына айналған белгілі ақын Бекарыс Шойбеков қолына қара домбырасын алып:
Көктемде осы жақтан жігіттер кеп,
Арамыз ұзақ емес, дым демепті.
Самсатып қарағайын алып келіп,
Жан-жағынан көмкеріп, гүлдер екті.
Әкімі Түркістанның Әзекең де,
Ойланып күн демепті, түн демепті.
Сыйға сый, сыраға бал жасайық деп,
Осы еңбекті әрі қарай жүлделетті.
Сыйлыққа тайқазанның өзін беріп,
Ізетін сізге деген ілгері етті.
Таяқ ұстап келгенге тай беретін,
Бір аңыз өздеріңмен бірге жетті.
Тал егіп келгендерге Түркістаным,
Тайқазан сыйлайтұғын күнге жетті.
Ел бастаған жігіттер осындағы,
Екі елдің арасын жалғай берсін.
Сіздер кеп егіп берген қарағаймен,
Түркістан жасай берсін, жайнай берсін.
Ал біздер сыйлап берген тайқазанның,
Мәнісіне мына жұрт бойлай берсін.
Қысқасы, барлығыңа айтар тілек:
Әр үйде қара қазан қайнай берсін! – деген арнауымен көпшілікті дүр сілкінтті.
Әуезді ән, ақжарма тілек, жүрекке жеткен арнаулармен басталған іс-шарада Тайқазан үлгісіндегі ескерткішті бүркеп тұрған жібек матаны ашатын сәт те келіп жетті.
Салтанатты рәсімге екі өңірдің құрметті азаматтары – Баянауыл ауданынан Мұрат Рахметов, Қайрат Сарбасов, Түркістан қаласынан Есенәлімұрат Ізтілеуов пен Қыдырәлі Рысбеков шақырылды. Жібек мата түрілген сәтте Тайқазанның бейнесі жарқ етіп көрініп, көпшілік көзайымына айналды.
Осы арада Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Ксентаевтың бірқатар азаматқа алғыс хат табыстағанын да айта кеткен жөн.
«Түркістан мен Баянауыл өңірінде тарихи үндестікті бекіткендеріңіз үшін барша Баянауыл жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Қасиетті Түркістаннан байрақты Баянауылға жеткен тарту – рухани сабақтастықтың айқын үлгісі. Ұлттық құндылықты ұлықтап, достықтың алтын көпірін салғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз бекем болсын!» – деген мазмұндағы алғыс хат Түркістан қаласының әкімдігіне арнайы құрметпен тапсырылды.
Айтпақшы, Тайқазанды кім жасады деген мәселені де назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Түркістанға келген соң жәдігер сыйды жасаған шебермен байланысқа шықтық.
Шымкенттегі Балалар қолөнер мектебі, Шымкент қаласы Әбілхан Қастеев атындағы көркем сурет колледжі және Т.Жүргенов ұлттық өнер академиясының түлегі түркістандық шебер Сүйімбаев Есболат Тасболатұлы.
Тайқазан үлгісін үш ай көлемінде шыныпластиктен жасап шыққан. Салмағы 200 келі тартады.
Шебер Әзірет Сұлтан қорық мұражайына зергерлік бойынша реставратор мамандығымен қызмет етеді. Тайқазанның жасалу технологиясына қызығып жүріп, құнды жәдігердің көшірмесін жасаған.

Бұдан соң Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қорабай Шәкіров, қоғам қайраткері, кәсіпкер, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Марат Рымтайұлы Ізбастин және Марғұлан университетінің ректоры, академик, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Нұхұлы сөз сөйледі. Олар келген қонақтарға алғыс айтып, рухани сабақтастыққа ұласқан жәдігер сыйдың мәні мен маңызына тоқталды.
Жаңылыспасам, біз көрген Түркістан тарихында бұрын-соңды мұндай тарту-таралғы жасалған емес. Иә, кәдесый ретінде ұсынылған шағын естелік сыйлар көп. Бірақ Тайқазанның өз көлеміндей жәдігер бұған дейін Жезқазғаннан Түркістанның 1500 жылдық тойына тарту етілген болатын. Одан бергі кезеңде мұндай қадамды алғаш рет көріп отырмын.

Сөзімді қуаттаған Марғұлан университетінің Басқарма төрағасы – ректор Алтынбек Нұхұлы да өз пікірін білдіріп, бастаманы екі өңір арасындағы жай ғана алыс-беріс аясында қарастыру оның мән-маңызын тарылтатынын атап өтті. Бұдан Сарыарқа төсіндегі ағайындардың да аталмыш бастамаға кеңірек мән беріп отырғанын аңғардық.

Түркістанның ақыны Бекарыс ағамыз көпшілікке жырдан шашу шашқанда, Баянтаудың арқалы айтыскер ақыны, жыршы-жырау Аспанбек Шұғатай да қарап қалсын ба?! Ол да жиналған жұртқа арнауын төкті:
Жұрттар жасап жатқанда шоудан аңыз,
Біз нақты фактілерді қолданамыз.
Театр салған менің Жұматыма,
Оңтүстіктей бар ма екен орда нағыз.
Ағайын, Түркістаннан қош келдіңдер!
Сіздерге беріледі оң бағамыз.
Ясауидің қасында жатқаннан соң,
Мырзағұл батыр менен Шоң бабамыз…
Киелі Түркістанды білеміз ғой,
Қазақтың туып-өскен Шахановы.
Киелі Баянтауды білесіздер,
Туылған ғалым Әлкей Қаханұлы.
Тапқанын ауылына таситұғын,
Жасасын Ырымтайдың Марат ұлы…
Ағаларым ел үшін еңбек етті,
Ауылымның азайтсам деп қайғы-азабын.
Ал, қонақтар, дұрыстап демалыңдар,
Көріңдер Баянтаудың бай назарын.
Көрші ауылда той болып қалады-ау деп,
Құшақтап алып келген Тайқазанын…
(Қос ақынның жыр шумақтарын ықшамдап алдық).

Осылайша Сарыарқа төріндегі сапарымыздың негізгі іс-шарасы арнайы әзірленген дастархан басында жалғасын тапты. Визит-орталықтан бастап жүргізушілік міндетін мүдірмей атқарып жүрген Еламан Хасенұлы мұнда да тізгінді алып, жергілікті азаматтар мен қонақтарға ретімен сөз кезегін ұсынды. Делегация өкілдеріне сый-сияпат жасалып, рухани кездесудің ажары ашылды.
Келесі бағытымыз – табиғаты мен тарихы астасқан Баянауылдың киелі орындары.
Осы өңірдің тумасы, белгілі өлкетанушы, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мемлекеттік инспекторы, қасиетті Қоңыр әулие үңгірінің ұзақ жылғы шырақшысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Алтынбек Құрманов жол бастап, өңірдің тарихымен таныстырып жүрді. Сапарымызды Жасыбай көлінің жағалауынан бастап, Торайғыр ауылы бағытында жалғастырдық. Мұнда ел арасында қасиетті саналып, тарихы мен аңызы қатар өрілген Әулие бұлаққа аялдадық. Бұлақтың мөлдір суы мен айналадағы табиғат тынысы сапардың шаршауын ұмыттырып, ерекше әсер сыйлады.

Жол бойындағы Кемпіртас пен Саймантас та назарымызды аударды. Табиғаттың өзі қашап жасағандай ерекше пішінді жартастарға қарап, олардың әрқайсысына қатысты ел аузындағы аңыздарды тыңдаудың өзі қызық. Ал сапарымыздың ең әсерлі нүктелерінің бірі – Қоңыр әулие үңгірі болды. Алтынбек Құрмановтың айтуынша, тау қойнауындағы бұл табиғи жаратылысқа қатысты ел арасында ғасырлардан жеткен түрлі аңыз-әңгімелер бар. Табиғи ерекшелігі мен киелі орын ретінде қалыптасқан тарихы үңгірге өзіндік жұмбақ сипат береді. Табиғаттың тылсым тынысын сезініп, бұл мекеннің халық жадындағы орнына қаныға түстік.
Бір күндік экскурсия барысында бірнеше тарихи әрі табиғи нысанды аралап, Баянауылдың біз біле бермейтін қырларына үңілдік. Мұнда әрбір төбенің, тастың, бұлақ пен үңгірдің өзіндік тарихы бар. Сондықтан бұл сапар біз үшін жай ғана табиғатты тамашалау емес, ел тарихын танып, аңызға айналған мекендердің сырын ұғуға мүмкіндік берген мазмұнды саяхат болды.

Кешкісін Жасыбай жағалауындағы демалыс орнында дастархан басына қайта жиналып, алған әсерімізбен бөлісіп, келесі күнгі жоспарымызды ақылдастық. Айта кетейік, түркістандық делега-цияны қарсы алған облыс әкімінің бірінші орын-басары Серік Барлыбайұлы бастаған топ сапардың соңғы күніне дейін жанымызда жүрді. Бұл да ерекше атап өтер құрметтің белгісі деп түйдім.

Сапарымыздың тағы бір тағылымды аялдамасы – қазақтың ұлы ойшылы, ақын, этнограф, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі болды. Бұл киелі мекенге де бізді өлке тарихын жетік білетін Алтынбек Құрманов бастап барды.

Көлік ішінде Баянауылдан шығып, киелі орынға жеткенше Алтынбек аға Мәшһүр атаның өмірі мен шығармашылығы, ел арасындағы абыройы, ұлт руханиятына сіңірген еңбегі туралы тағылымды әңгіме өрбітті. Кесене маңындағы тыныштық, таудың саф ауасы мен айналадағы табиғат көрінісі адамды терең ойға жетелейді. Өткен мен бүгінді жалғап тұрғандай ерекше әсерге бөлейді.

Мәшһүр Жүсіптің кесенесіне келу – жай ғана тарихи орынға ат басын бұру емес, ұлттың рухани мұрасымен қайта қауышып, ел тарихында өшпес із қалдырған тұлғаның өнегесіне үңілу болды.
Бізге жол көрсетіп, әрбір нысанның тарихы мен ерекшелігін кеңінен әңгімелеген Алтынбек Құрмановтың еңбегін де ерекше атап өткен жөн. Оның өлке тарихына деген сүйіспеншілігі, әрбір аңыз-әңгімеге ұқыптылықпен қарауы саяхатымыздың мазмұнын тереңдете түсті.
Баянауылдан алған ең үлкен әсеріміз – бұл өлкенің сұлулығы көзбен көріп қана қоятын табиғат көрінісі емес, әр тасы мен топырағына тарих сіңген қасиетті мекен екендігі. Сондықтан Баянауылмен қоштасар сәтте көңілде «тағы да келсек екен» деген сағыныштың оянуы заңды еді.

Ал осы сапардан түйген ең басты ойымыз басқа.
Ел мен елді жақындастыратын үлкен істің бастауы кейде қарапайым ғана ізгі ниеттен туады екен. Баянауылдан Түркістанға әкелініп егілген елу түп қарағайға жауап ретінде Сарыарқа төріне жеткен Тайқазан бүгінде жай ғана жәдігер емес. Ол – қос өңірдің тарихи тамырластығы мен рухани сабақтастығын айшықтайтын белгі.
Бір кезде Баянауылдан келген қарағай Түркістан топырағына тамыр жайса, енді қасиетті Түркістанның символы іспетті – Тайқазанның үлгісі Баянтау төрінен орын алды. Бірі – табиғаттың, екіншісі – тарихтың аманаты. Бірақ екеуін байланыстырып тұрған құндылық біреу. Ол – елдің бірлігі, ағайынның ықыласы, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани сабақтастық.
Қарсы алушы ағайын ұлы ойшыл Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесінде ақжолтай тілегін айтып, дұғай сәлемін жолдап, бізді шығарып салды. Қыркүйектің 14-і мен 16-сы аралығындағы Баянауылға жасаған сапарымыз осылай қорытындыланды.
Мәлік ЖҰМАХАНҰЛЫ.
Сарыарқалық ағайындар сапар соңында бізді тағы бір тосынсыйға бөлеп, бәрімізді кітапқа қарық қылды. Түркістаннан шыққанда қол жүгімізбен ғана ұшаққа еркін отырып едік. Қайтар жолда кітапқа толы сөмкелерімізді арнайы багажға тапсырып, біраз әуреге түстік. Әзіл ғой… Алайда бұл – жай ғана сыйлық емес, салмағы сөмкеге сыймайтын, мәні көңілге сыйған үлкен тарту болды. Меймандос баянауылдықтардың әрқайсымызға қазынаға толы кітаптар сыйлауы – олардың қонақжайлығының ғана емес, рухани дүниеге деген айрықша құрметінің белгісі болса керек.