Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ерекше орын алатын асыл қазынасы – сөз өнері. Қасиетті де қастерлі сөз өнерінің ішіндегі алтын қазына – айтыс өнері екені де ақиқат құбылыс. Қазақ халқының ерекше бағалайтын рухани байлығы болып саналатын «Айтыс – халық ауыз әдебиетіндегі аса бай, өзіндік ерекшеліктері мол жеке жанр. Айтыс қазақтың айтысу деген сөзінен шыққан. Айтыс қара сөз, күй, суырыпсалма өлең түрінде де болуы мүмкін».
Қалың халықтың алдына шығып, қандай қиын жағдай болса да аса тапқырлық пен қалт жібермес алғырлықты, қиыннан қиыстыратын хас шеберлікті талап ететін бұл қасиетті өнерге кез келген ақынның жүрегі дауалап, батыл қадам жасап, тәуекелмен бара бермейді. Есте жоқ ескі замандардан бері еліне етене жақын болып, сан ғасырлар бойы халық өмірімен бірге біте қайнасқан бұл жанрдың танымдық қасиеттерін айтып жеткізу мүмкін емес, бағасы орасан зор. Айтыс өнерінің тарихына тереңірек үңілгенде халқымыздың бастан кешкен сан алуан тұрмыс тіршілігінің қат-қабат көріністерін қапысыз аңғарамыз. Ұлы жазушы, ғылым әлемінде де өлшеусіз із қалдырған, абайтану ғылымының іргетасын қалаған академик Мұхтар Әуезов те айтыс өнерінің ғылыми мәнін терең талдап, ерекше баға берген. «Қазақ ескілігінің үлкен бір саласы – айтыс өлеңдер», – деп ХХ ғасырдың алғашқы кезінде-ақ «Әдебиет тарихы» (1927) атты монументальды еңбегінде пікір сабақтаған ғалым қазақ айтыстарын түре айтыс (тұрмыс-салт айтысы), сүре айтыс (ақындар айтысы) деп екі ірі салаға бөліп, бұл жанрдың театрлық, драмалық сипатын да ерекше атап, ғылыми тұрғыдан да атап көрсеткен. Уақыт бір орнында тұрмайды, ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі де артта қалған қазіргі кезде айтыс тақырыбы мен мазмұны жағынан жаңарып, тың сарынға ие болып, жаңа заманның, азат еліміздің тәуелсіздік рухындағы жалынды жаршысына айналып келеді.
Айтыс өнерінің халықаралық маңызы да ерекше. Бұл жайында айтылған «Әдебиеттану терминдер сөздігіндегі» келесі бір тұжырымға назар аударсақ: «Айтыс – қазақ және қырғыз, қарақалпақ халықтарында ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Айтыс – өмірдегі әлеуметтік тартыстар мен адам қатынастарына негізделген желіге құрылып, кезектесе айтылатын қисынды, дәлелді, ұтқыр өлең». Сахна төріндегі сайысқа жүйріктен жүйрік шыққан шын таланттылар ғана, яғни суырып салма ақындар ғана қатысады. Қазақ халқының ақындар сайысы өнерінде өшпес із қалдырған тұлғалар аз емес. Өткен заманда өмір сүрген әйгілі ақындар қатарында Жанақ, Сүйінбай, Шөже, Түбек, Кемпірбай тәрізді айтыс ақындары өкілдерінің тамаша өнерін Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Иса, Доскей, Орынбай, Нартай, Кенен секілді халық ақындары одан әрі дәстүрге сай жалғастырды. Қазіргі айтыстарда заман өзгерісі, қоғамда болып жатқан жаңалықтар, халық өмірінің әлеуметтік жағдайлары сөз болып келеді. Сондай-ақ, бейбітшілік, азаттық, гуманизм, экология, т.б. сан алуан мәселелері қозғалады. Мұның өзі айтыс өрісінің кеңейгенін, бұрынғыдан гөрі қанатын кеңге жайғанын айқын көрсетеді. Бүгінгі өткізіліп жүрген айтыстарға тек өз республикамыздың ғана емес, шетел қазақтары да қатысып, өнер көрсетіп келеді. Сөйтіп, халықаралық, жалпы адамзаттық проблемалар алға тартылады. Мұның өзі айтыстың уақыт өткен сайын жаңаша дамитынына толықанды айғақ деп айта аламыз.
Баға жетпес асыл мұра жайындағы келесі бір ғылыми тұжырым «Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалық» еңбегінде былай деп берілген екен: «Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан поэзиялық жанр, топ алдында қолма қол суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. …80-жылдары сөз киелерінің алдын көрген, өнегесін алып қалған Манап, Қалихан, Көпбай, Тәушен сынды ақындар айтыс өнерінің жаңа дәуірін бастап кетті. Әселхан Қалыбекова, Шынболат Ділдебаев, Қатимолла Бердіғалиев, Шорабек Айдаров, Есенқұл Жақыпбековтер алдыңғы буын ақындардың дәстүрін көш ілгері жылжытты. Осы тұста Қазақ Республикасының теледидары ақындар айтысына өлшеусіз ықылас танытты. Жаңа технологиямен жарақтанған телеарна салтанатты сарайларда айтыстар өткізіп, оны бүкіл республикаға көрсетіп отыруды үрдіске айналдырды. Бүгінде айтыстың абыройын асырып жүрген А.Әлтаев, М.Қосымбаев, А.Леубаева, М.Тазабеков, С.Құсанбаев, А.Тұрсынбаева, Б.Шойбеков, Б.Имашев, Д.Кәпұлы, Р.Зайытов, т.б.ақындар айтыс өнерінде жаңа жыр өрнегін тудырды».
Тәуелсіз Қазақстан еліндегі қазіргі таңда айтыс саласы жедел дамып, шын мәнінде халықаралық сипат алды. Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Ресей елдерінен келген қандас айтыскерлерінің қатысуымен Алматыда, Ташкентте, Бішкекте бірнеше рет халықаралық айтыстар өтті, мұның бәрі бауырлас халықтардың арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түсуде.
Бүгінгі әңгіме айтыс өнерінің абыройын асырып жүрген кейінгі толқын ішінде аты аталып өткен Бекарыс Шойбеков жайында. Айтыс өнерінің алдаспаны болып жарқылдайтын Бекарыс Шойбеков – биылғы жылы ердің жасы елуге толды.
