Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар Конституциялық заңдарға қол қойды. Құжаттар Президент институты, Вице-президент лауазымы, Құрылтай, Қазақстан халық кеңесі, елорданың мәртебесі және әкімшілік-аумақтық құрылым мәселелерін қамтиды.
Құжаттардағы басты жаңалықтардың бірі – Вице-президент институтының енгізілуі. Осы заңға сәйкес Вице-президент өзіне жүктелген міндеттерді орындайды. Бұл лауазым мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа институттардың бірі болмақ.
Заңда Құрылтайдың мәртебесі бекітілді. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң Құрылтайдың қызметін, заң шығару үдерісіндегі рөлін және депутаттардың құқықтық мәртебесін нақтылайды.
Құрылтайды депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланатын төраға басқарады. Төраға мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс. Заңда айқын көрініс тауып отырған бұл талап халықтың қолдауына ие болып отыр. Осы нақты шешімнің жергілікті билік органдарының қызметіне де оң ықпал ететініне үміт зор.
Заңдағы Құрылтайдың өкілеттігіне Вице-президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру, сондай-ақ Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметінен босату сияқты маңызды функциялар кіреді. Бұл өкілеттіктер Құрылтайдың қызмет аясын нақтылай түседі. Заңда Қазақстан Халық кеңесі құрылатыны айқындалып, бекітілді. Осы уақытқа дейін бұл бағытта Қазақстан халқы Ассамблеясы қызмет атқарып келді. Көпұлтты елімізде оның облыстық және аудандық құрылымдары түрлі этностар арасындағы бірлік пен келісімді нығайтуға үлес қосты. Соңғы жылдары Ассамблея туралы ел арасында екіұдай пікірлер айтылатын болды. Осындай пікірлердің негізі, сайып келгенде мұндай ұйымның қажетсіздігіне келіп тіреліп жатты…
Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан халық кеңесі туралы» Конституциялық заң жаңа консультативтік органның құқықтық мәртебесін, өкілеттіктерін, құрылу тәртібін және қызметін ұйымдастыру қағидаларын айқындайды.
Қазақстан халық кеңесі жалпыұлттық диалогты дамыту және азаматтық қоғамның ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Кеңес заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы ұсыныс енгізуге құқылы болады.
Осылайша, Президент қол қойған заң Қазақстан халық кеңесінің республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі құрылымдарының мүмкіндіктерін кеңейтіп отыр. Бұл өз кезегінде кеңес мүшелерінің жауапкершілігін арттыра түседі.
Мемлекет басшысы қол қойған Конституциялық заңда Астананың мәртебесі де нақтыланды. Құжатта елорданың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздері айқындалған.
Сонымен қатар қала әкімі басқаратын жергілікті атқарушы органның өкілеттіктері нақты көрсетілген.
Президент әкімшілік-аумақтық құрылым туралы заңға да қол қойды. Бұл заң әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу мен өзгерту, атау беру және қайта атау тәртібін реттейді.
Осылайша, Мемлекет басшысы қол қойған бірқатар заңдар мемлекеттік басқару жүйесінің одан әрі жетілуіне жаңа серпін береді.
Елдің саяси-құқықтық құрылымындағы жарқын өзгерістер болашағымыздың кепілі боларына ешқандайда күмән жоқ.
Сейдулла САДЫҚОВ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, ф.ғ.д.
