ТҮРКІСТАН: АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АЛДАСПАНЫ – 3

33 көрілім

Академик Мырзатай Жолдасбеков «Айтыстың феномені» деп аса жоғары бағалайтын айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабековтің өнер әлеміндегі басты қарсыласы саналатын Бекарыс Шойбековтың халық алдындағы бағасын беріп, кімнің кім екендігін танытатын жыр жолдары да тым асқақ, мен мұндалап тұр. Мұхамеджан былай деп баға береді:

Айтыс деген айтулы ой жарысы,

Екі ауыз сөзден қозған ел намысы.

Египетті билеген ер бабам бар,

Бірақ ондай бұл күнде қайда кісі?

Соған сөзі ұқсаған сен отырсың,

Тұлпардай теуіп тұрған бойда күші.

Армысың, алты Алаштың Бекарысы,

Айтыстың алтын айдар Бейбарысы!

Қазіргі күні «Айтыстың арыстаны» атанып жүрген қарсыласын «Айтыстың алтын айдар Бейбарысы» деп шын көңілімен бағалайтын Мұхамеджанға да еріксіз риза боласың.

Айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков шығармашылығы сан қырлы, салмақты, ұлттық рухты жаңғыртып, жас ұрпақ бойына күш қуат беретін дарын иесі. Ақын айтыстарын шолып отырғанда бір аңғарған жайтымыз болды, ол ақынның қажет болған жағдайда, реті келіп қалғанда қалың көрерменнің көңілін тауып, әзіл-қалжыңды да ұмытпайды. Жансая Мусинамен, т.б. ақындармен болған сөз сайысында тамаша әзілдер аз емес. Мұхтар Ниязовпен болған айтыстағы әзілдер біздің ойымызды айқындай түседі. Дауылпаз ақын Мұхтар өз қарсыласының ауырып қалғанынан хабардар болып, бұл жағдайды айтыс барысында былай деп тілге тиек етеді:

Қайтыс болайын деп жатса да бұл Бекарыс,

Айтыс болайын деп жатса жүгіреді.

Мұндай аламанның талайын басынан өткізген біздің Бекарыс та оңай олжа емес, әзілге әзілмен тиісті тұрғыда жауап береді:

Бекарыс осы қашан өледі? деп,

Сендей мысықтілеулес тұрған кезде,

Маған дұшпан іздеудің керегі жоқ. Халқымыз айтады, «сөз тапқанға қолқа жоқ».

Ой қорытар тұсқа да жақын келсек. Өз қарсыласының шынайы бағасын берген, «Құлмамбеттен қалған құлынмын» деп ғұмыр кешкен жас пері Оразалы Досбосын былай дейді:

Бекарысқа қарасам батыр екен,

Айтатын сөздері де асыл екен.

Ақын болсаң, ел мұңын көтеруің –

Әрқашан да айтыста ақыл екен.

Әділ баға, сөзі асыл, халық мұңын көтеріп, ел жоқтаушысы болып жыр төгетін Бекарыс Шойбеков халық жүрегіне тым жақын тұлға.

Бекарыс Шойбековтің айтыста жүргеніне 40 жылға жуық уақыт есік қағып тұр екен. Небәрі 12 жасында айтысқа келіп, 13 жасында республикалық айтысты жеңген ақын бүгінгі күні елудің биігіне де үлкен абыроймен келді. «Мен айтысқа дайындалып келген адам емеспін. …Ұстаздарым қанат бітіріп, қолпаштаған соң республикалық айтыстан бір-ақ шықтым, Ізденесің. Оның қандай айтыскер екенін тексеріп көресің. Ақындар әр түрлі болады. Бірі бірден шабуылдайтын ақын болады, бірі тек тақырып аясында шабады. Енді бірі, сенің сөзіңді күтеді. Қарсыласыңа байланысты айтыс болады»,-деп ағынан жарылатын ақын Бекарыс Шойбеков ердің жасы елуге келді.

Қорыта келгенде, әйгілі академик Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігімен жазба айтысты зерттеп, ғылым әлеміне келген ол ұзақ жылдар бойы Түркістан қалалық білім бөлімінің жанынан ашылған «Өнер мектебіне» жетекшілік жасап, шәкірт тәрбиелеп келеді. Өзі де Қаныбек ақынның өнегелі мектебінен өтіп, жүйріктердің қатарына қосылған дарабоз ақын Тұрар, Сәкен, Шұғайып, Гүлмарал сияқты жас шәкірттеріне ұстаз болып, республикалық, облыстық айтыстардың төріне шығарды. Саналы ғұмырын білім мен ғылымға, жас ұрпақ тәрбиесіне арнап еңбек етіп келе жатқан айтыс өнерінің алдаспаны Бекарыс Ақсақалұлы Шойбековке тек қана шығармашылық табыстар тілейміз.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы