Ел ішіндегі еңсесі биік тұлға, жасындай жар-қылдап айтыс өнерінің алмас қылышы болып жар-қылдап жүрген ақынның аз-кем болса да өмір жолы мен өнер жолына шолу жасай кеткеннің жөні бар шығар деп ойлаймыз. Айтыскер ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Бекарыс Шойбеков 1976 жылдың 14-сәуірінде қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Отырар ауылында дүниеге келген. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі (1993-1997). Еңбек жолын 1999-2003 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы университетінде аударма орталығында аудармашы болып бастайды. 2003-2006 жылдары Халықара-лық қатынастар бөлімінің басшылығына тағайын-далады. 2006-2009 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің Түркология ҒЗИ-ның ғылыми қызмет-кері болса, 2009-2015 жылдары «Өнер мектебі» МКҚК-ның директоры болып қызмет етті. 2015 жылдан бастап Түркістан қаласы әкімдігінің Білім бөлімінің басшылығында. Қазіргі кезде Түркістан қалалық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры. Саналы ғұмырын туған елінің білімі мен ғылымына, ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан Бекарыс халық аманатына адал арда азамат. Соның бір дәлелі Түркістан облыстық мәслихатының белсенді депутаты ретінде де ұдайы халық қамқоры болып қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Алтын домбыра иегері Бекарыс Ақсақалұлы Жамбылдың 150 жылдығына арналған халықараралық айтыстың, Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған республикалық айтыстың, Шымкент қаласында өткен республикалық Наурыз айтысы, Н.Оңдасыновтың 100 жылдығына арналған республика айтыстарының бас жүлдегері атанған елімізге аты мәшһүр айтыскер ақын. Еңбегі бағаланып 2001 жылы ҚР «Тәуелсіздігіне 10 жыл», 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен, 2012 жылы «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Ол Отырар ауданы мен Түркістан қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өздерінің мақтан тұтатын түлектерінің бірі де бірегейі Бекарыс Шойбековтің 50 жылдық мерейтойына арналған «Қазіргі айтыс өнері және ақын тұлғасы» атты Халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырып отырғаны өте орынды әрі дұрыс шешім. Ғылыми конференция жұмысы Бекарыстанудың жаңа әлемін ашып, биік деңгейге асқақ ете түседі деп толық сеніммен айта аламын.
Ендігі кезекте айтыскер ақын жайындағы ойларымызды, жазбамызды қолда бар кейбір дерек көздеріне сүйене отырып жалғастырсақ. «Қазақ өнерінің антологиясында» (5-том) жарық көрген Оразалы мен Бекарыс айтысы да тартымды, тағылымды. Ақын Бекарыс толғауы былай өрбиді:
Осы күнгі адамның ойы базар,
Аудартпайды ақынның жайы назар.
Мәделі, Майлы менен Құлыншақтан,
Тыңдаған елдің кедей, байы ғазал.
Әселхан, Қаныбек пен Тәушендерім,
Өлеңімен кіргізген тойыңа ажар.
Солардың жолын қуып келеміз ғой,
Тұлпары озған елдің тайы да озар.
Ұлысымның ұйытқысы саналатын оңтүстік өңірі айтыс ақындарының да қасиетті ордасы, ақын Бекарыс атап көрсеткен арғы тарихтағы Мәделі, Майлы, Құлыншақтардың дәстүрін күні кешегі Қаныбек, Тәушен, Әселхандар одан әрі жалғастырды, бүгінгі таңда Бекарыстың өзі бастап келе жатқан айтыскерлер ішінде Маржан, Анар, Кәрима, Ақмарал, Біржан, Дәурен, т.б. айтыс ақындарын біз мақтан тұтамыз.
Өз басын өлең етуді ар санайтын асау ақын халық қамын көбірек ойлайды, халық қамын ойлаған ақынды халық та қастер тұтады, ақылды билік ақындарын қасына жинайды деп толғанатын ақын былай деп тебіренеді:
Ақынға көп болғанмен шимай түрі,
Белгілі жамандыққа қимайтыны.
Өз басын өлең қылған кімді көрдің,
Халықтың жағдайы ғой қинайтыны.
Содан болар оны да жалпақ елдің,
Ханнан бетер қастерлеп сыйлайтыны.
Осыдан ғой ақылды патшалардың,
Ақындарды қасына жинайтыны.
Аталған антологиядағы Әсия Беркеновамен болған айтыстағы Бекарыс ойларындағы атойлап тұрған әз анаға деген іңкәр сезім мен Әселхан апа рухын жаңғыртатын ойлардың тәрбиелік тағылымы тіпті ерекше. Жырдан үзінді:
Өлеңі келе жатқан тегі үзілмей,
Кәдімгі ұлы Каспий теңізіндей.
Армысың, Әсиядай апам менің,
Лебізі өз анамның лебізіндей.
Сіз кейде мына маған көрінесіз,
Әселхан апамыздың егізіндей.
Тартысты айтыстағы Бекарыс ақынның түйіні төмендегідей:
Құдайым құлқындыны шектесе екен,
Жақсыларды қолдасын, көктесе екен.
Ертеңге еге болар ұрпақтардың
Өмірі өкінішпен өтпесе екен…
Ел ертеңін ойлаған ақынның жырлары осылайша жалғаса береді.
Реті келіп тұрғанда айта кеткен жөн, халық ақыны Әсия Беркенованың айтыстың арыстаны жайында айтқан келесі бір жыр шумақтары да Бекарыстың шынайы бейнесін айқындай түседі. Мысалы:
Жігітсің сабыр кілтін иеленген,
Сөзің бар жібек оймен жүйелеген.
Салмақты сөзді екеуміз сайысқанда,
Келген соң Түркістандай киелі елден.
Ақын Әсия айырықша атап көрсеткен киелі Түркістан ұрпағы өзінің туған топырағын шексіз сүйеді. Мұхамеджан Тазабековпен болған аламан айтыстағы Бекарыс ойлары былайша асқақ суреттеледі:
Түркістан – түркілердің түп Отаны,
Туғызған талай-талай ұлы атаны.
Қанша ғасыр қараусыз қалып қойды.
Сол түркінің жүрегін жылатады.
Әзірет Сұлтанымыз әрленіп тұр,
Сол ғана жанымызды жұбатады.
Ясауи бабам барда Түркістанның,
Атпауы мүмкін емес құба таңы.
Ақын арманы орындалып келеді, түп Отанымыз Түркістанның түлегенін көрген бүгінгі ұрпақтың жүрегі жылып келеді. Әрленіп тұрған Әзірет Сұлтанымыздың ордасы түркі әлемінің Отанына айналды, Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласының мәртебесі Президентіміздің арнайы берген мәртебесімен бекітілді.
