Отбасылық құндылық – ұлт болашағының негізі

36 көрілім

Қоғамның берік тірегі, мемлекеттің мызғымас іргетасы – отбасы. Ұлттың рухани болмысы, мәдениеті мен салт-дәстүрі ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау – тек әр шаңырақтың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.

Қазақ халқы ежелден отбасы институтына ерекше мән берген. «Отан – отбасынан басталады» деген қанатты сөздің мәні терең. Себебі адам баласы алғаш рет мейірімділікті, сыйластықты, жауапкершілікті, еңбекқорлықты және үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өз отбасынан үйренеді. Ата-ананың тәлім-тәрбиесі баланың болашақ тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал етеді.

Бүгінгі таңда ғылым мен технологияның қарқынды дамуы, ақпарат ағынының көбеюі жас ұрпақтың дүниетанымына жаңа әсерлер әкелуде. Осындай кезеңде ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын нығайту бұрынғыдан да маңызды. Баланың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, ата-әжемен бірге уақыт өткізу, ортақ дастарқан басында пікір алмасу – отбасы бірлігін бекемдейтін қарапайым, бірақ аса маңызды қадамдар.

Отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластық қоғамдағы тұрақтылықтың да кепілі саналады. Тәрбиелі, білімді, еңбекқор ұрпақ өсірген отбасы елдің дамуына үлес қосады. Себебі әрбір адал азамат, білікті маман, елін сүйетін патриот – өнегелі тәрбиенің жемісі. Сондықтан ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауы – ұлт болашағына салынған инвестициямен тең.

Қазіргі қоғамда отбасы құндылықтарын нығайтуға мемлекет те, білім беру ұйымдары да, қоғамдық ұйымдар да ерекше көңіл бөліп келеді. Дегенмен қандай бағдарлама қабылданса да, тәрбиенің алтын бесігі – отбасының орнын ештеңе алмастыра алмайды. Баланың бойына адамгершілік, адалдық, жанашырлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттер ең алдымен шаңырақта дариды.

Ұлттық тәрбиенің өзегі – ата дәстүрін құрметтеу, ана тілін қастерлеу, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу. Осындай асыл қасиеттерді жас ұрпақтың бойына сіңіре алған елдің болашағы да жарқын болмақ. Өйткені отбасы мықты болса – қоғам мықты, қоғам мықты болса – мемлекет қуатты.

Қорыта айтқанда, отбасылық құндылық – ұлттың рухани байлығы мен жарқын келешегінің негізі. Әрбір шаңырақта махаббат, сыйластық, жауапкершілік және бірлік салтанат құрса, еліміздің ертеңі де баянды болары сөзсіз. Сондықтан отбасы құндылықтарын сақтау мен дәріптеу – баршамыздың азаматтық парызымыз.

Алия ПІРЖАНОВА,

Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы