Сауран ауданында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбында жасөспірім қыздардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нышанкүл Жұманова, Аналар кеңесінің мүшелері, аудандық полиция инспекторлары, Отбасын қолдау орталығының психологі, Жастар ресурстық орталығының өкілдері және жасөспірім қыздар қатысты.
Кездесу барысында ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Нышанкүл Жұманова жастарға арнаған сөзінде:
«Нашақорлық – адамның денсаулығына ғана емес, оның болашағына, отбасы мен қоғамға үлкен зиян келтіретін қауіпті індет. Әр жас өз өміріне жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, білімге, еңбекке және салауатты өмір салтына ұмтылуы қажет», – деді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен психолог мамандар есірткінің адам өміріне тигізетін зардаптары, заң алдындағы жауапкершілік және зиянды әдеттердің алдын алу жолдары туралы кеңінен түсіндірді. Жастарға темекі, алкоголь, есірткі және басқа да зиянды заттардан мүлде аулақ болудың маңыздылығы айтылды.
Іс-шараның мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу, жасөспірімдерге дұрыс бағыт-бағдар беру және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Сонымен қатар, қоғамдағы келеңсіз әрекеттерге бейжай қарамай, салауатты әрі саналы өмір салтын ұстанудың маңыздылығы айтылды.
