ТҮРКІСТАН: БИЫЛ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖЫЛЫ

3 көрілім

Мемлекет басшысы жасанды интеллект (ЖИ) саласын дамыту мәселелері жиында сөйлеген сөзінде Президент қазіргі таңда әлемде жасанды интеллекттің қарқынды дамуына байланысты елеулі технологиялық өзгерістер болып жатқанын атап өтті:

«Бұл технология әлемдегі барлық елдердің дамуына тікелей әсер етеді, онсыз жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Қысқаша айтқанда, озық технологиялар ұлттық тәуелсіздіктің кепіліне, экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналды. Біз жасанды интеллект саласында белгілі бір жетістіктерге қол жеткіздік, алайда босаңсуға болмайды. Бұл стратегиялық бағытта белсенді жұмыс істеу қажет. Бұл істі ең маңызды басымдықтардың бірі деп есептеймін. БҰҰ-ның Сауда және даму жөніндегі конференциясының (ЮНКТАД) болжамына сәйкес, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 4,8 трлн долларға жетуі мүмкін. Ал оның жаһандық технологиялық индустриядағы үлесі 7 пайыздан 29 пайызға дейін ұлғаяды. Бұл – бұрын-соңды болмаған өсім. Жасанды интеллект даму үшін кең мүмкіндіктер ашады».

Шын мәнінде, «жасанды интеллект» ғылым саласы ретінде және сол терминінің өзі алғаш рет 1956 жылы АҚШ-тың Ганновер қаласындағы Дартмут колледжінде өткен жазғы семинарда ресми түрде қолданысқа енді. Аталған семинарды төрт америкалық ғалым – Джон Маккарти, Марвин Мински, Натаниэль Рочестер және Клод Шеннон ұйымдастырған. Сол кезден бастап бұл ұғым соншалықты кең танымалдылыққа ие болды, бүгінде әлемде бұл туралы мүлде естімеген адамдар кемде-кем.

Жолдау барысында Мемлекет басшысы бір ай бұрын айтқан ойын қайта нақтылады: «Алдағы бес жылда Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – айқын әрі өзгермейтін мақсат. Біз жасанды интеллекттің әлеуетін толық көлемде пайдалана алатын елге айналуымыз керек», – дей келе, бұл мерзім үш жылға дейін қысқартылып, нақты тапсырмамен толықты: жасанды интеллектті еліміздегі экономикалық реформалардың негізіне айналдыру – стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Бірінші қадам ретінде цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындайтын Цифрлық кодексті жедел қабылдау қажеттігі айтылды. Бұл құжат жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен деректерді пайдалану және өзге де цифрлық аспектілерді қамтитын болады. Салаға жетекшілік ететін қазіргі уәкілетті министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылады. Оның басшысы Премьер-Министрдің орынбасары мәртебесіне ие болады.

Президент жасанды интеллектті өскелең ұрпақтың сауатты пайдалануының маңыздылығына ерекше назар аударады. Бұл – еліміздегі цифрлық трансформацияның міндетті шарты әрі адам капиталының шешуші рөлін көрсетеді. Басқаша айтқанда, бізге жоғары сапалы адами ресурстар қажет, өйткені білімді әрі жауапкершілікті азаматтар – ұлттық экономиканың негізі және Қазақстанның болашағы.

Сол себепті Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инновациялық саясат Ғылым және жоғары білім министрлігінде шоғырланады. Бұл ведомство Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе, жасанды интеллектті дамытуға басымдық беретін университеттерге кеңірек мүмкіндік ұсынылады.

Ресейдің Жоғары экономика мектебі – Ұлттық зерттеу университетінің Статистикалық зерттеулер және білім экономикасы институты ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарында ЖИ-технологияларды зерттеулер мен әзірлемелерде пайдалану тәжірибесіне қатысты статистикалық деректер мен арнайы сауалнама негізінде талдау жүргізді.

2023 жылы Nature журналы жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша, жасанды интеллектті өз зерттеулерінде қолданып жүрген ғалымдардың төртен бірінен астамы бұл технология келесі 10 жылда олардың ғылым саласы үшін ажырамас құралға айналады деп күтеді. Тағы 47%-ы оның аса пайдалы болатынына сенімді. Oxford University Press зерттеуіне сәйкес, 2024 жылы жетекші ғылыми журналдарда мақала жариялаған ғалымдардың 75%-ы түрлі ЖИ құралдарын қолданған. Атап айтқанда, 49%-ы – машиналық аударма сервистерін, 43%-ы – чат-боттарды, 25%-ы – іздеу жүйелерін пайдаланған. Респонденттердің пікірінше, ЖИ шешімдері ғылыми зерттеудің барлық кезеңдерінде және түрлі тапсырмалар үшін пайдалы. 41%-ы – әдебиеттерді іздеу үшін, шамамен 35%-ы – әдебиеттерді қорытындылау және/немесе мәтін өңдеуге (мысалы, мақала қолжазбасын өңдеу), 25%-ы – идея генерациясы, деректерді жинау және/немесе талдау үшін пайдаланған.

Ресейде де ғылым саласында ЖИ-ді енгізу үдерісі үдей түсуде. 2023 жылы ғылыми ұйымдардың шамамен 5%-ы, ал жоғары оқу орындарының 10%-ға жуығы жасанды интеллектті өз мақсаттарына қолданған. Алайда бұл деректер нақты жағдайды толық көрсете бермейді, өйткені олар тек ұйымдардың өз тәжірибесін сипаттайды, ал жеке қызметкерлердің пайдалануы есепке алынбайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы