ТҮРКІСТАН: 31 МАМЫР – ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ КҮНІ

3 көрілім

«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады», — дейді дана халқымыз. Халықтың басынан кешкен қасіретті жылдарын еске алу – тек аза тұту емес, рухани жадыны жаңғырту, елдік сананы тереңдету жолы. Тарих беттеріне қанмен жазылған ақиқат – бүгінгі ұрпақтың жүрегінде шырақ болып жануы керек. Зұлмат замандардың зарын ұмытпау – әділетке апарар жалғыз жол. Себебі тарих – ұлттың ұстазы, ал өткенге тағзым – болашаққа тағылым.Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу – ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Қазақ халқы ХХ ғасырдың алғашқы жартысында адамзат тарихындағы ең сұмдық трагедиялардың бірін бастан өткерді. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық жылдары ұлт болмысына, мәдениетіне, санына орны толмас зиян келтірді. 31 мамыр – осы зұлмат жылдарда құрбан болғандарды еске алу, тарихтың қасіретті беттерін ұмытпай, одан сабақ алу күні. Бұл күн – ұлт жадындағы ауыр естеліктерді тірілтетін, әділет үшін күресті ұлықтайтын, рухпен тілдесетін күн.

Саяси қуғын-сүргін – ХХ ғасырдағы сталиндік тоталитаризмнің ең қатыгез көріністерінің бірі. Кеңестік жүйе өз халқының миллиондаған өкілін «жаппай репрессиялау» саясаты арқылы аяусыз жойып отырды. Қазақстан да бұл зұлматтан тыс қалмады. Керісінше, отарлық езгінің сынақ алаңына айналды.

Қазақ жерінде қуғын-сүргін бірнеше кезеңмен жүргізілді:

1928 жылы ірі байлар мен дәулетті шаруаларды тәркілеу басталды. 700-ге жуық ірі байдың мал-мүлкі мемлекет пайдасына алынып, өздері жер аударылды.

1929–1931 жылдары ұжымдастыру саясаты күшпен енгізіліп, 1,3 миллион адам түрлі аймақтарға көшірілді. Көбісі аштық пен аурудан қырылды.

1937–1938 жылдары «үлкен террор» кезеңі басталды. Бұл жылдары:

103 мыңнан астам адам жазықсыз айыпталып, қуғын-сүргінге ұшырады;

25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қуғын-сүргіннің құрбандары – ұлттың ең зиялы, ең адал перзенттері еді. Олардың арасында мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, мұғалімдер мен дін өкілдері, қарапайым еңбек адамдары болды. Алаш арыстары – ұлттың алтын діңгегі еді.Сталиндік репрессия оларды «ұлтшыл», «буржуазиялық ұлтшыл», «халық жауы» деп айыптап, аяусыз жазалады.

Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов,Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты тұлғалар атылып кетті. Олардың өлімі – ұлттың мәдени, рухани және интеллектуалдық қазынасының жоғалуы болды. Олар армандаған Тәуелсіз Қазақстанды өз көздерімен көре алмай кетті.

Сталиндік саясат Қазақстанды тұтастай бір «жазалау алаңына» айналдырды.

1930–1950 жылдары 1,5 миллионнан астам адам Қазақстанға күштеп жер аударылды. Олардың ішінде:немістер, кәрістер, шешендер мен ингуштар, қырым татарлары, поляктар, түріктер және басқа да халықтар болды. Бұл халықтар қазақ жерінде ауыр еңбекпен өмір сүрді, бірақ қазақ халқы олармен нанын бөлісті. Бүгінде бұл халықтар Қазақстанның құрамдас бір бөлшегі болып отыр. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қазақстан осы зұлматты жылдардың шындығын ашық айтуға мүмкіндік алды.

1993 жылы – «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды;

1997 жылы – 31 мамыр — ресми еске алу күні болып жарияланды;

2000 жылдары – Алматыда «Жастар» саябағында, Қарағандыда «Қасірет» мемориалы, Астанада «АЛЖИР» кешені бой көтерді. Ал 2020 жылы  Президент Қ.Тоқаев арнайы мемлекеттік комиссия құрып, ақталмаған құрбандарды зерттеуді тапсырды. Мемлекет бүгінгі күні де тарих алдындағы борышын өтеуді жалғастырып келеді. Зерттеу жұмыстары жалғасуда, құпия архивтер ашылып жатыр. Бұл – тарихпен ашық сөйлесудің, кешігіп жеткен әділдіктің көрінісі.

31 мамыр – қазақ халқы үшін қасірет пен қайғы ғана емес, елдік пен ерлікке де толы күн. Бұл күн – азаттық жолында жанын қиған боздақтарды еске алу, солардың арманын ақтау, ұлт жадысын тірілту күні. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – сол құрбандардың арманы. Біз бейбіт өмір сүріп отырмыз. Бірақ бұл бейбіт өмір сол бір құрбандықтың өтеуімен келгенін ұмытпауымыз керек. «Атаның қанымен, ананың жасымен келген азаттықтың бағасын білмеген – мәңгілік ел бола алмайды» деген сөз текке айтылмаса керек. Қайғыға қасқайып қарсы тұрған ұлттың жігерін ешқандай империяның зұлматы өшіре алмады. Тағдыр талайынан сабақ алған ел ғана келешегін кемел ете алады. Ендеше, бүгінгі бейбіт өмір – сол боздақтардың бізге қалдырған аманаты. Бізге артылған ең ауыр жүк – жадымызды жаңғыртып, әділетті ардақтау. Біз – өткеннің қателіктерін қайталамау үшін, ұрпақтарымызға әділет пен еркіндіктің қадірін ұғындыру үшін тарихты білуіміз керек. Тарихты танып, тағзым етейік. Ұлттың жады – ұлттың күші.

Ысқақова Гүлшат Тынысбекқызы,

«Тұлғалар музейінің» қызметкері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы