ТҮРКІСТАН: ЖАСАЙ БЕР, ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰМАРЫ, ТҮРКІСТАН! – 3

1 көрілім

– Көп адамның есінде болмауы мүмкін, Түркі мемлекеттері ұйымының 2021 жылы онлайн форматта өткен жиынында Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы ретінде белгілеген болатын. Бірақ, мен айтар едім, Түркістан тек рухани астана емес, одан бөлек экономикалық-мәдени, сауда-саттық индрайверіне айналып жатыр түркі мемлекеттері ұйымының аясында. Оған негіз бар. Біріншіден, орта дәліз маршрутының бойында орналасқан. Одан бөлек Түркістанда «Тұран» еркін сауда ұйымы құрылған болатын. Халықаралық Орта Азия сауда хабы да Түркістанда құрылған. Оның барлығы үлкен жобаларды, инвестициялық жобаларды тартуға мүмкіндік ашып отыр. Сондай-ақ, көптен бері талқыланған, бүгіндері шешімін тапқан Түркі инвестициялық қоры құрылды. Оның көлемі шамамен 600 млн АҚШ долларын құрап отыр. Бүгінгі халықаралық саммитте осы қор аясында да қай жобаға басымдық берілетіні айқындалады. Соның аясында цифрландыру және жасанды интеллект мәселесін күн тәртібіне шығаруға Қазақстанның моральдық құқығы бар деуге болады. Халықаралық рейтинг те Қазақстанның цифрландыру мәселесіне қатысты жақсы инвестидцидтерге жеткендігін көрсетіп отыр. Біріншіден, мүше мемлекеттерге де, бұған дейін, әсіресе, кеденге қатысты, сауда-саттықтағы орын алған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ортақ сауда платформаларын құру, одан бөлек қолма-қол ақша айналымынан гөрі цифрлық ақша айналымын реттеуге, киберқауіпсіздік мәселелерін шешуге Түркістан саммиті жол ашады. Жалпы, саммиттің Түркістанда өтуінің рухани-мәдени символы өте жоғары. Осы жақсы эмоцияналды фонды практикалық негізге аударуға күш салу керек. Жасанды интеллект, цифрландыру болсын, экономикалық жобалар болсын нақтылы жобаларға негізделеді. Түркістандағы саммиттің артықшылығы осында», – дейді Қазақстан қоғамдық даму институты институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры, белгілі саясаттанушы Риззат Тасым.

Тарихта, халық жадында, жалпылама ауызекі сөзде «Түркістан саммиті» деген атпен қалатын халықаралық басқосу туралы сарапшылар мен саясаттанушылардың пікірлері салмақты. Байлам, болжамдары жарқын болашақпен астасып жатты. Сонда көңілге демеу болғаны – бәрінің де пікірінің бір арнаға тоғысқандығы. Әрі жоғарыда айтып өткенімдей, сөз арасында «Түркістан саммиті» деген тіркесті жиі қолдану арқылы көне шаһардың тарихы тағы бір ұлы жылнамалық парақпен толыққанын көрсетті. Осы орайда «Woosong University» базасында жасақталған «Медиа орталықтағы» журналистердің қыз-қыз қайнаған тіршілігінің ен ортасында болған Түркі мемлекеттер ұйымының бейресми саммитінің сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Гүлсара Тоққұлова бізбен ой бөлісе келіп, былай деген еді:

– Қазіргі таңда Түркі дүниесін біріктіретін ең қуатты идея – ортақ өркениеттік болашақ құру идеясы деп ойлаймын. Бұрын тарихи жады мен тіл басты фактор болса, бүгін оған технология, білім, логистика, цифрлық интеграция қосылды. Түркі мемлекеттері енді тек этникалық немесе мәдени жақындыққа емес, ортақ стратегиялық мүддеге сүйене бастады. Бұл – жаңа кезеңнің белгісі. Сондықтан да, бұл саммиттің бізге берері көп. Оны сала-салаға бөліп талдау – алдағы уақыттың еншісінде.

– Меймандар қазақ еліне, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ризашылығын білдіріп жатыр. Саммиттен елдің күтері көп. Ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің мәңгілік мекені – Түркістан топырағына табаны тигеніне, «ана жұрттан ата жұртқа» келгендеріне қуануда. «Бір шаңырақтың астында тату-тәтті жүре берейік» деген оң пікірлерін айтып жатыр», – дейді Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің халықаралық байланыс департаментінің жетекші маманы, бірнеше тілді меңгерген Үсен Жұмамұратов.

Барша түркі әлемін тоқайластырған Түркістанда өткен халықаралық саммиттің маңызды бастамасының айшықты ізін келешек келбетінен көретін боламыз! Жасай бер, түркі әлемінің мойнына таққан тұмары, Түркістаным!

Р.СЫЗДЫҚҚЫЗЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы