Жастар және жас мамандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Сауран ауданы әкімі аппаратының «Мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімі» ММ-нің бас маманы заңгер Сартбаев Серғали Аманғалиұлының қатысуымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының негізгі талаптары кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне қатысты заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдар, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары, сондай-ақ қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері сөз болды.
Заңгер С.Сартбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі қағидаттарына тоқталып, әрбір азаматтың заң талаптарын сақтауы, адалдық пен ашықтық қағидаттарын ұстануы қоғамның дамуы мен мемлекетке деген сенімді нығайтудың басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар, заңда көзделген міндеттерді бұлжытпай орындаудың маңыздылығы түсіндіріліп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу әр азаматтың жауапкершілігі екені айтылды.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, заң талаптары бойынша жан-жақты жауаптар алды. Дөңгелек үстел барысында ақпараттық үнпарақтар таратылып, еркін пікір алмасу форматында өтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы нығайтуға бағытталды.
