Қазіргі таңда Медиа және PR саласы қоғамның өмірінде ерекше орын алады. Дегенмен бұл мамандықтың мәнін көпшілік әлі де толық түсінбейді. PR салассының бүгінгі жағдайы, жасанды интелекттің ықпалы және университеттің медиа қызметі жайлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Медиа және PR орталығының басшысы Гүлдана Қазтаймен сұхбаттастық.
– Гүлдана, бұл салаға қалай келдіңіз?
– Мектеп кезімнен журналист болуды қатты армандадым. Бірақ өзімді өте тұйық адаммын деп есептейтінмін. 11 сынып бітіретін кезде нақты мамандық таңдау қажет болғанда, математика және физика бағытын таңдадым. Кейін туған-туыстарымның қолдауымен өзім қалаған мамандыққа құжат тапсырдым. Университетке барған кезде жаңадан ашылған «Қоғаммен байланыс» мамандығы туралы білдім де, оны екінші таңдауым ретінде көрсеттім. Осы мамандыққа грантқа түсіп, оқи бастағаннан кейін дәл өз орнымды тапқанымды түсіндім. Студент кезімнен түрлі тәжірибеден өтіп, театрдың PR бөлімінде жұмыс істедім. Кейін журналист ретінде еңбек жолымды бастадым. Уақыт өте келе Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне баспасөз хатшысы болып жұмыс жасауға шақырды, бұл мен үшін үлкен бір тәжірибе болатындықтан қуана келістім. Қазір Медиа және PR орталығының басшысы қызметін де қатар атқарып жатырмын.
– Ясауи университетінің Медиа және PR орталығының негізгі мақсаты қандай?
– Біздің негізгі мақсатымыз – университеттің имиджін көтеру және оның қызметін қоғамға кеңінен таныту. Университетте ғылыми, академиялық, мәдени және қоғамдық бағыттағы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Сол жұмыстарды сапалы ақпарат арқылы көпшілікке жеткізу. Сонымен қатар фото және видео контент дайындаймыз, газет шығарамыз, радио жұмысын жүргіземіз және студенттермен бірлескен жобаларды жүзеге асырамыз.
– Қандай тақырыптағы жаңалықтар оқырманның қызығушылығын көбірек тудырады?
– Нақты бір тақырыпты бөліп айту қиын. Барлығы материалдың қалай ұсынылғанына байланысты. Кез келген ақпаратты оқырманға түсінікті, қызықты әрі әсерлі тілмен жеткізе білу маңызды. Біз материалды мүмкіндігінше адамға жылулық сыйлайтындай етіп жазуға тырысамыз. Тіпті ресми жаңалықтың өзін оқырманды жалықтырмайтындай, ол жазылып тұрған ақпаратты оңай түсіне алатындай етіп жазып беру қажет.
– Қазіргі таңда PR саласының ең өзекті мәселесі қандай?
– Менің ойымша, бүгінгі таңда ең үлкен мәселе – қоғамда PR саласының нақты түсінігінің қалыптаспауы. Көпшілік PR-ды жарнамамен шатастырады. Негізінде жарнаманың мақсаты өнімді сату болса, PR-дың мақсаты қоғамның сеніміне ие болу және мекеменің оң имиджін қалыптастыру. Бұл мәселе мемлекеттік мекемелерден бастап аудандық, облыстық деңгейдегі ұйымдарға дейін байқалады. Сондықтан ең бірінші мәселе PR саласының мәнін дұрыс түсінбеу.
– Қазіргі қазақстандық медиа мен PR саласының ең осал тұсы неде? Бұл мәселелерді шешу үшін қандай қадамдар қажет?
– Медиа саласы бүгінде өз орнын қалыптастырып келеді. Ал PR саласында әлі де шешімін күткен мәселелер көп. Соның бірі – кәсіби мамандардың жетіспеуі. Кейбір мекемелерде PR маманының орнына әлеуметтік желіге жазба жариялай алатын кез келген адамды жұмысқа қабылдай салады. Ал шын мәнінде PR маманы сауатты жаза білуі, ақпаратты кәсіби өңдей алуы, дағдарыс кезінде дұрыс шешім қабылдауы, адамдармен тиімді қарым-қатынас орната білуі керек. Егер ұйым өзінің беделін арттырғысы келсе, ең алдымен кәсіби PR маманына жүгіну қажет. Білікті PR маманы қай жерде қалай жауап беру керектігін, ол ұйымның имиджін қалай жақсарту керек екендігін біледі.
– Жұмыс барысында ChatGPT немесе басқа жасанды интеллект құралдарын қолданасыз ба?
– Әрине, қолданамын. Қазіргі заманда технологияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды. Ақпаратты қысқа уақыт ішінде дайындау қажет болғанда ChatGPT көмектеседі. Дегенмен, оны сол күйінде қолдануға болмайды. Жасанды интеллект жазған мәтінде адамға тән эмоция мен шынайылық жетіспейді. Сондықтан мәтінді міндетті түрде өңдеп, өз ойыммен толықтырып жазамын. Бірақ ол үшін ең алдымен менде білім және сөз байлығым көп болуы қажет. Мен үшін ChatGPT – тек көмекші құрал. Оны тиімді пайдалану үшін адамның өзінде жеткілікті білім мен тәжірибе болуы керек. Сондықтан студенттеріме де жасанды интеллектіні қолданба демемймін, керісінше дұрыс қолдануды, бірақ ең алдымен өз білімдерін дамыту керектігін айтып жүремін.
P.S. Гүлдана Қазтаймен болған сұхбат PR саласының тек ақпарат таратумен шектелмейтінін көрсетті. Бұл қоғаммен сенімді байланыс орнатып, адамдардың ықыласына ие болатын маңызды мамандық. Кейіпкеріміз кәсіби білімнің, жауапкершіліктің және шығармашылықтың маңызын ерекше атап өтті. Ал жасанды интеллект қаншалықты дамығанымен, адамның жүрекпен жазылған сөзі мен шынайы ойын ешбір технология алмастыра алмайтынын жеткізді.
Аружан Досжанова,
Қ.А.Ясауи ат. ХҚТУ-нің 1-курс студенті.
