Еуропа төрiнде ұлттық өнердi ұлықтаған «Алқоңыр»

74 көрілім

Сәуір айында Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының ұстазы, белгілі дирижер Еркін Шаяхметұлы Нұрымбетов Еуропа төрінде қазақ ұлттық өнерін паш етіп қайтты. Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Конгресс холл» кешені жанынан құрылған «Алқоңыр» фольклорлық ансамблінің жетекшісі ретінде ол еуропалық көрерменге қазақтың төл өнерін танытты. Тұңғыш рет алыс шетелге гастрольдік сапармен шығып, Франция мен Испания елдерінің көрерменін тәнті еткен ұжымның жетекшісімен өнер сапары жайлы аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Еркін ағай, «Алқоңыр» ансамблінің бұл жолғы Еуропа сапары, оның ішінде Франция мен Испанияға баруы қалай ұйымдастырылды? Осындай үлкен халықаралық сахналарға шығуға кімдер қолдау көрсетті? 

– «Алқоңыр» салт-дәстүрлі ансамблі Түркістан облысы мәдениет басқармасына, дәлірек айтсақ, жаңадан бой көтерген «Конгресс холл» кешеніне қарасты ұжым. Ансамбльдің құрылғанына 5 жыл болса, менің бұл ұжымға жетекшілік ете бастағаныма 1 жылдай уақыт толды. Өзіндік орындаушылық мәнері мен стилі, өз көрермені қалыптасқан ұжым. Бұрын репертуар негізінен бір бағытта болса, мен келгелі бері дирижермен және дирижерсіз шығатын блоктарды бөліп, классикалық бағытты көбейттік. Бұрынғы бағдарламаға нұқсан келтірмей, жаңа шығармалармен толықтырдық. 

Бұл сапарға Испания Корольдігіндегі және Франциядағы Қазақстан Елшіліктерінің арнайы шақыруымен бардық. Әрине, 22 адамнан тұратын толық құрамды (15 музыкант, әншілер, жетекшілер мен гид) шетелге апару үлкен қаражатты талап етеді, бұған «Конгресс холл» басшылығы үлкен қолдау білдірді. Сондай-ақ, елшіліктер виза алудан бастап барлық ұйымдастыру жұмыстарына көмектесті. Бұл – ансамбльдің тұңғыш алыс сапары. Бұрын Азия елдеріне, Қытайға және отандық қалаларға шығып жүргенімен, Еуропаға бірінші рет жол тарттық. Ыстамбұл арқылы Мадридке, одан Парижге, кейін Швейцарияға өтіп, Түркия арқылы елге оралдық. Сонда бір сапарда 4 мемлекетті қамтыдық. Бұл біздің музыканттар үшін үлкен мектеп әрі ауқымды тәжірибе болды. 

– Париж бен Мадрид көрермендері біздің ұлттық аспаптарды, күйлер мен әндерді қалай қабылдады? Концерттерден кейін еуропалықтар келіп, таңданысын білдірген ерекше сәттер болды ма? 

– Әрине, ондай сәттер өте көп болды. Мадридте «Алқоңыр» ансамблінің жеке концерті өтті. Кешке Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев пен Мадрид қаласының мэрі арнайы қатысты. Біз ежелгі салтымызбен шаһар басшысының иығына шапан жауып, киелі Түркістан қаласының символы – Тайқазанның кәдесыйын табыстадық. Сондай-ақ, Композиторлар одағының мүшесі ретінде өзімнің авторлық жинақтарымды сыйға тарттым. 

Зал лық толы болды, ұйымдастыру деңгейі де өте жоғары. Көрерменнің қабылдағаны соншалық, әрбір күй мен шығармадан кейін 2 минут бойы тоқтаусыз шапалақ ұрып тұрды. Сахна адамы үшін бұдан асқан қолдау жоқ. Бағдарламаға қазақ композиторларының туындыларымен қатар, Испанияға арнайы дайындықпен Жорж Бизенің «Кармен» операсынан испан мотивтері бар антрактіні қостық. Өздерінің таныс әуендерін ұлттық аспаптарымызда естігенде испандықтар ерекше тебіренді. 

Сонымен қатар, Мадридте Димаш Құдайбергеннің фанаттарымен кездестік. Егде жастағы бір испандық әйел келіп, бізбен қазақша сөйлескенде таңғалдық. Ол: «Біз Димаш арқылы қазақ тілін үйреніп жүрміз», – деді. Димаш бауырымыздың арқасында ұлтымыздың тілі мен әні басқа елдерде дәріптеліп жатқаны үлкен мақтаныш әрі бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Олар концерт біткенше бізбен бірге болып, суретке түсті. Сондай-ақ, жергілікті қазақтар қауымдастығы да қатысып, төл өнерімізді сағынғандарын айтып, көздеріне жас алды. Концерттің финалында бүкіл әншілер мен ансамбль бірігіп, Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған, университетіміздің ұстазы, композитор Сауранбек Елеуов ағамыздың «Түркістан» әнін орындадық. Бұл туындыны да халық керемет қабылдады. 

– Шетелдік халыққа қазақ мәдениетін таныту үшін репертуарды қалай таңдадыңыздар? Еуропа жұртшылығына ең қатты ұнаған қай туынды болды? 

– Халықаралық фестивальдер мен конкурстарға шығу тәжірибеміз бар болғандықтан, қай елге барсақ та, репертуарға сол ұлттың музыкасынан бір үзінді қосуды жөн көреміз. Өз туындыларын өзге ұлттың орындауында есту шетелдіктерге әрқашан қызықты әрі ұнайды. Мадридте француз композиторы Жорж Бизенің шығармасын ойнасақ, Парижде бүкіл әлемге танымал «Под небом Парижа» туындысын арнайы дайындап орындадық. Эйфель мұнарасының түбінде, Париждің қақ ортасында бұл әуенді қазақ аспаптарымен орындау – әрбір музыканттың арманы шығар, біз бұл арманымызға қол жеткіздік. 

Бұл сапарда ансамбльмен қатар солистеріміз де жоғары деңгейде көрінді. Мәселен, әншіміз Айдос Иманжапаров «Түркістан» әнін шырқаса, сопрано дауысты Инабат Сатыбалды Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұл» вальсін нақышына келтіре орындады. Ал Ясауи университетінің аға оқытушысы, қобызшы Жәмилә Нұрымбетова Ықыластың «Жезкиік» күйін ансамбльдің сүйемелдеуімен жеке номер ретінде орындап шықты. Көрерменнің ыстық ықыласы музыканттарға қанат бітіріп, олар бар өнерін екі еселеп салды. 

– Өзіңіз «Орындаушылық өнер» кафедрасында сабақ беретін ұстазсыз ғой. Осы Франция мен Испания сапарына студенттерді тарттыңыздар ма, әлде құрамда тек кәсіби музыканттар болды ма? Жалпы, ұстаздық пен ансамбльді қатар алып жүру қиын емес пе? 

– Менің шығармашылық жолым Құрманғазы атындағы академиялық оркестрде домбырашы, кейіннен дирижер болудан басталған. Одан кейін Батыс Қазақстан облысында 24 жыл бойы Дәулеткерей атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі болдым. Сонымен қатар М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры қызметін атқардым. Сондықтан шығармашылық пен ұстаздықты қатар алып жүру маған қиын емес. Керісінше, білгеніңді шәкірттеріңе үйретіп, олардың үлкен сахнада, ансамбль құрамында ойнап отырғанын көру – ұстаз үшін үлкен бақыт. 

Ясауи университетіне келгеніме бір жыл болды. Қазірше «Алқоңыр» сияқты кәсіби ансамбль құрамында студенттеріміз жоқ, бірақ олар іс-тәжірибеден өтіп, жәймен араласа бастады. Болашақта оларды кәсіби ұжымға тартамыз. Бұл сапарға университеттің аспаптық орындаушылық кафедрасынан дирижер ретінде мен және қобызшы ретінде Жәмилә Нұрымбетова апайларың қатысты. Қазір университетте «Фольклорлық ансамбль» пәнінен сабақ беремін, алдағы уақытта бұл үйірме үлкен оркестрге ұласады деген жоспар бар. Факультет деканы Дархан ағай мен кафедра меңгерушісі Ұлбосын апайларың да бұл бағытқа үлкен үлес қосып отыр. Жақында ғана университетіміздің ансамбль құрамына ұлттық аспаптардың толық комплектісі сатып алынып, жаңа ұлттық киімдер тігілді. Келесі оқу жылында көрермен осы жаңа аспаптар мен киімдерді сахнадан көретін болады. Бұл студенттер үшін үлкен кәсіби іс-тәжірибе алаңы әрі болашақ сахна шеберлерін дайындаудың нәтижесі. 

– Бұл үлкен гастрольдік сапардан ансамбль мүшелері қандай әсер алды? Алдағы уақытта «Алқоңырдың» тағы қандай елдердің сахнасын бағындыру жоспары бар? 

– Әрине, бұл сапарға үлкен дайындық пен қаражат жұмсалды, бұл – бір күннің ісі емес. Ал алдағы уақытта басшылықтың шетелдік гастрольдермен қатар, отандық көрермендерді де қуантып, Қазақстан қалаларын аралауды жоспарлап отыр. Ең бастысы, қай мемлекетке барсақ та, өзіміз рухани дайын болуымыз керек. Сапалы бағдарлама жасау дирижердің қолында. Осы бағытта еңбек ете берсек, біз бағындырмайтын сахна болмайды деп есептеймін. 

Сұхбаттасқан: Толғанай АЙГӨЗ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы