СҰЛУЛЫҚ ПЕН НӘЗІКТІКТІ СЕРІК ЕТКЕН КӘСІПКЕР

77 көрілім

Бүгінде Түркістан қаласы тек тарихымен ғана емес, өз ісін дөңгелетіп отырған іскер жандарымен де ерекшеленеді. Көп адамдар үлкен бизнесті бастау үшін миллиондаған қаражат керек деп жатады. Алайда, небәрі 10 мың теңгемен үлкен сұлулық әлемінің іргетасын қалаған кейіпкеріміздің оқиғасы бұл ойды толықтай бұзады. Біз бүгін Түркістан төрінде бір-біріне ұқсамайтын, бірақ әдемілік атты ортақ ұғымды біріктіретін, қос кәсіпті қатар алып жүрген белсенді кәсіпкер, аяулы ана Арай Орынбасарқызы Қуанышпен сұхбаттасқан болатынбыз. Ол үйде декретте отырып-ақ, бүгінде қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған «Rai beauty» сұлулық өнімдері дүкені мен «Defio flowers» гүл дүкенінің жұмысын қалай бір арнаға тоғыстырғаны жайлы және үлкен табысқа жетудің қарапайым құпияларымен бөлісті.

– Арай ханым, гүл мен сұлулық әлемі — бір-бірін толықтыратын, бірақ басқаруы екі бөлек сала. Бұл екі кәсіпті бір уақытта дөңгелетіп әкету идеясы қалай туындады және алғашқы қадамды неден бастадыңыз?

– Шын мәнінде, бұл үлкен бизнеске аяқ астынан келген жоқпын. Барлығы үйде бала күтімімен, яғни декретте отырған уақытымда басталды. Уақытымды тиімді пайдалану үшін сауданы алдымен онлайн форматта бастап көрдім. Құдай бұйыртса, биыл осы салаға қадам басқаныма тура 3 жыл толады. Бұл жұмыс – менің өмірдегі ең қатты жақсы көретін, жанымды салып, сүйіп жасайтын істерімнің бірі. Адам өз ісіне ғашық болса, ол ешқашан шаршамайды екен. Мен де осы жұмыстан ешқашан жалыққан емеспін. Себебі, әр адам өзіне ұнайтын, жанына жақын кәсіппен айналысса, ешқандай шаршау, қажу деген болмайды, қайта содан қуат алады.

Ал гүл дүкенін ашу идеясы маған сәл кейінірек келді. Бір күні құрбым: «Декретте текке отыра береміз бе, неге бірге бір жаңа іс бастап көрмеске?» деген ой тастады. Тәуекел еттік. Ойлана келе, Түркістанда сұранысқа ие екі бағытты біріктіруді жөн көрдік. Солайша, қазіргі ғимаратымыздың бірінші қабатында гүлмен айналыса бастадық, ал екінші қабатында сұлулық өнімдері дүкенімізді офлайн, яғни нақты дүкен ретінде аштық. Осылайша, екі кәсіпті бір арнаға тоғыстырып, қатар алып жүруді үйрендік.

– Әр қаланың өз ерекшелігі бар дейді ғой. Бүгінде Түркістан халқының гүл сыйлау мәдениеті мен сұлулық өнімдеріне деген қызығушылығы, сұранысы қаншалықты? Жергілікті тұтынушылардың талғамын табу қиын емес пе?

– Жалпы, сұлулыққа деген көзқарас пен талғам әр қызда әртүрлі болады. Менің ұстанымым бойынша, әлемдегі барлық қыз баласы әдемі болып жүруге, өзіне күтім жасауға лайықты. Сондықтан сұлулық өнімдері саласына келгенде, Түркістандағы сұраныста басқа ірі қалалармен деңгейлес, ешбір айырмашылығы жоқ деп айта аламын. Қыздар трендтегі өнімдерді жақсы біледі және сұлулыққа әрқашан уақыт табады.

Ал гүл нарығына келетін болсақ, Түркістанның өзіндік ерекшелігі бар. Әр қаланың өз қымбатшылығы мен арзаншылығы болады ғой. Түркістанда көптеген дүниелердің бағасы қолжетімді, басқа аймақтарға қарағанда арзандау. Содан болар, біздің жергілікті халық тауар таңдағанда бірінші кезекте арзан әрі сапалы нәрселерді іздейді. Біз нарықтың осы ерекшелігін ескердік. Тұтынушылардың қалтасына қолайлы, бағасы тиімді гүл композицияларын ұсындық. Осы стратегиямыз өз жемісін берді – қазір қаламызда гүлге деген сұраныс өте жоғары және сатылымдарымыз да өте жақсы жүріп жатыр. Түркістан халқының талғамы мен көзқарасы басқа қалаларға қарағанда өзгеше, олар ерекше ықыласты қажет етеді.

– Көп адамдар үлкен бизнесті бастау үшін миллиондаған қаражат керек деп ойлайды. Сіз өз бизнесіңізді қандай капиталмен бастадыңыз? Ең алғаш рет еңбегіңіздің берекесін көріп, қомақты табыс түскенде қандай сезімде болдыңыз?

– Бұл сұраққа жауап бергенімде көбі таңғалып жатады. Мен ең алғашқы бизнесімді небәрі 10 мың теңгемен бастаған болатынмын. Ең алғашқы тауарымды небәрі 7 мың теңгеге ғана сатып алдым, қалған 3 мың теңгесі тауардың жеткізілуіне кетті. Осылайша, қолымдағы жалғыз 10 мың теңгені айналымға жібердім.

Сол 7 мың теңгенің затын сатып, таза 12 мың теңге қылып шығардым. Кейін сол 12 мың теңгені қайта айналымға салып, 22 мың теңге деңгейіне жеткіздім. Осылайша тиыннан тиын құрап, капиталды біртіндеп көбейттім. Осы кішкентай жеңістерден кейін менде жұмысқа деген керемет бір ұмтылыс, ниет пайда болды. Көз алдымда табысымның өскенін көрген соң, түн болсын, күн болсын тоқтаусыз еңбек етуді өзіме дағдыға айналдырып жібердім. Әлі күнге дейін сондай қарқынмен жұмыс істеймін. Бастапқы 10 мың теңгем уақыт өте келе үлкен, тұрақты әрі елеулі табыс әкелетін үлкен жұмысқа айналды. Ісіме береке қонды. Сол сәтте өзіме деген, кәсібіме деген өте күшті сенімділік пайда болды. Еңбек еткен адамның далада қалмайтынына көзім жетті.

– Сырт көз үшін гүл де, сұлулық өнімдері де тек әдемілік сыйлайтын жеңіл кәсіп болып көрінуі мүмкін. Бірақ, әр бизнестің өз қиындығы бар. Сіздің жағдайыңызда екі саланың қайсысы көбірек еңбекті қажет етеді?

– Иә, әр жұмыстың өзіне тән қиындығы мен жеңілдігі қатар жүреді. Маған гүлмен салыстырғанда сұлулық өнімдерінің саласы әлдеқайда оңайырақ көрінеді. Неге десеңіз, гүл деген – тірі нәрсе. Ол өте нәзік болғандықтан, дұрыс күтім жасалмаса, небәрі 1 сағаттың ішінде солып қалуы мүмкін. Яғни, оның қашан бұзылып, жарамсыз болып қалатынын нақты болжай алмайсың. Сондықтан гүлмен жұмыс істеу өте ауыр, жауапкершілігі жоғары жұмыс деп айта аламын.

Сырт көзден бәрі оңай, әдемі болып көрінуі мүмкін, бірақ оның артында үлкен еңбек тұр. Гүлді уақытында суару, баптау, орау процестері бар. Оның үстіне, әр клиенттің талғамы, қызығушылығы әртүрлі – біріне ұнаған дүние екіншісіне ұнамай жатады. Гүлде уақыт шектеулі: оны бүгін әкелдің бе, бүгін немесе жақын күндері міндетті түрде сату керек деген мақсат тұрады. Ал сұлулық өнімдерінің жөні басқа. Тауарды әкелесің, витринаға қоясың, клиенттерге ұсынасың. Сұлулық өнімдерінде әркімнің өз таңдаған, сүйікті брендтері бар, соған қарай таңдап алады. Бір тұтынушы бүгін алмай кетсе де, ол тауар бұзылмайды, нақты жарамдылық мерзімі ұзақ болғандықтан тұра береді. Осы тұрғыдан алғанда, сұлулық өнімдері бизнесі тұрақтырақ әрі стресі аздау сала.

– Қазір көптеген жастар жоғары білім дипломын алғанымен өз саласында жұмыс істей алмай жатады, ал сіз қарапайым істі үлкен бизнеске айналдырдыңыз. Кәсіпте табысты болу үшін диплом маңызды ма, әлде іске деген сүйіспеншілік пе?

– Менің ойымша, адамның өз жұмысын жақсы көруіне дипломның ешқандай қатысы жоқ. Қазір байқап қарасақ, жастардың көбі өздері мүлдем жақсы көрмейтін, ата-анасының қалауымен таңдаған мамандықтарда оқып жүр, ұнатпайтын жұмыстарын істеп жүр. Мысалы, менің өз мамандығым – инженер-технолог. Бірақ менің қазіргі айналысып жатқан саламның оқыған оқуыма ешқандай қатысы жоқ. Мен тіпті университетте оқып жүрген кезде де бизнес саласында жүрдім, іздендім. Одан кейін үйде декретте отырғанда да әртүрлі сауда желілерімен айналысып, бағымды сынадым. Соңында осы сұлулық өнімдері мен гүл саласына тоқталып, тұрақтадым.

Өйткені, бұл сала маған қатты ұнады. Ішкі дауысымды тыңдай келе: «Менің негізгі салам – сауда, менің бағытым – сатумен айналысу» деген нақты ұстанымға келдім. Сондықтан жастарға айтарым: диплом тек қағаз болуы мүмкін, ал егер сіз өзіңіздің сүйікті ісіңізді тапсаңыз, оған дипломның ешқандай қатысы болмайды. Ең бастысы — ниет, еңбек және өз ісіңе деген махаббат. Егер осы үшеуі болса, кез келген қарапайым істен үлкен табыс тауып, биік шыңдарды бағындыруға болады.

– Кейіпкеріміздің бұл әңгімесі үйде отырған кез келген анаға, оқу бітірген жас маманға үлкен мотивация берері сөзсіз. Небәрі 10 мың теңгемен басталған шағын қадамның бүгінде Түркістан төріндегі екі қабатты үлкен дүкенге айналуы – еңбек пен мақсатқа деген адалдықтың айқын дәлелі. Өз ісін сүйген жан үшін ешқандай кедергі жоқ екенін ұғынғандай болдық.

Сұхбаттасқан: Толғанай АЙГӨЗ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы