РУХАНИ КЕМЕЛДІК – НАҒЫЗ БАЙЛЫҚ

72 көрілім

Бүгінгі қу тіршілік пен зулап өтіп жатқан заманында «жанды» емес, «тәнді» тойдырумен әлек болып жүргеніміз жасырын емес. Сәт сайын өзгерген қоғамда адам жанының тазалығын сақтап, рухты биіктетудің жолы қандай? Бүгінгі сұхбатымызда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, Журналистика кафедрасының оқытушысы Әтіркүл Ташимовамен адам өміріндегі әдебиет пен театрдың рөлі, Абай философиясы және өз соқпағыңды табуға көмектесетін жапондық «Икигай» қағидасы төңірегінде әдемі әрі тұшымды ой өрбіттік.

– Кітап оқу мен театрға жиі бару сізге қандай ой немесе сезім сыйлайды? Олар арқылы әлемді қалай қабылдайсыз? 

– Мен бала күннен кітап оқуға құштар болып өстім. Біздің балалық шағымызда теледидар сирек болатын. Отбасымызбен радио тыңдап, газет-журнал, кітаптарды көп оқитынбыз. Соның да әсері мол болған шығар. Ол уақытта кітап оқу қазіргі жастардың тілімен айтқанда нағыз «тренд» еді. Әсіресе, 1970 жылдары қазақ халқы әдебиетті өте көп оқитын. Мысалы, қазір кітаптар мың данамен ғана шықса, ол кезде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы 100 000 тиражбен жарық көретін. Кітапты жақсы көруіме осындай рухани ортаның ықпалы тиді. Өзім өте қиялшыл бала болдым. Анамыз жұмыстан келген соң күйтабақтан «Қобыланды батыр» сияқты жырларды қосатын, мен қасында отырып, соларды ұйып тыңдайтынмын. Мектеп табалдырығын аттағанда да ең алдымен «Ана тілі» мен «Әдебиет» сабақтарын ерекше жақсы көрдім. Солай кітапты көп оқып, көп жинадым. Студент атанып, 18 жасымда педучилищеге түскенде жеке кітапханамда 2000-нан астам кітап болды. Өкінішке қарай, кейін көшіп-қонудың салдарынан олардың көбінен айырылып қалдым.

Жақында кітап талдау клубтарына қатысып жүріп байқағаным – мен тек көркем әдебиет бағытында ғана оқыппын. Мұны қызым да бірде кемшілік ретінде ескертті. Жастық шақта зердеміз мықты болғанымен, оны жан-жақты пайдалана алмаған екенбіз. Көркем әдебиет тіл байлығын арттырады, жазуға бейімдейді, менің қалам ұстауыма да осы әдебиеттің септігі тиді. Бірақ, нағыз оқырман болу үшін түрлі салада, мысалы, тарих, тұлғалық даму, кемеңгерлік туралы жан-жақты оқу керек. Сонда ғана адамның оқу мәдениеті жоғары болады.

Ал театрға келетін болсақ, бұрын Алматыда екі-ақ театр бар еді: Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры. Біз олардың қойылымдарынан қалмай баратынбыз. Театр – адамның жанын нұрландыратын эстетикалық өнер. Шерхан Мұртазаның «Елде театр көп болса, түрме азаяды» деген тамаша сөзі бар ғой. Қазір театрлар түрлі бағытта дамып жатыр. Өзім нағыз театрал, театр сүйгіш адам болғандықтан, мүмкіндік болса басқа қалаларға іздеп барып көруден еш жалықпаймын. Тіпті, кезінде үш жылдай Р. Сейтметов театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істедім. Райымбек ағамыздың көзін көріп, ғибратты әңгімелерін тыңдау бақыты бұйырды.

Сондай-ақ, Р. Сейтметовтің досы, мықты театр танушы Ғ. Бексай деген кісінің де рефлексиялары мен сөздерін тыңдап, көп нәрсе түйдім. Менің үлкен бір арманым бар: зейнетке шыққанда немесе қолым босағанда Италиядағы әлемдік деңгейдегі «Ла Скала» опера театрының ғажап аурасын сезініп, өз көзіммен көргім келeді. Сондай-ақ, жол түсіп жатса, Мәскеудегі «Большой театрды» да көру жоспарымда бар. Мен театр туралы үнемі оқып тұрамын, өйткені бұл – адам жанының айнасы іспетті ерекше өнер.

Осы екі рухани дүние арқылы мен әлемді кіршіксіз таза, мөлдір қалпында қабылдаймын. Мүмкін қазіргі заман тұрғысынан бұл дұрыс емес те шығар, себебі нарық қоғамына өткен 35 жыл ішінде болмысымыз қатты өзгерді. Заман адамдардың неғұрлым нақты әрі прагматик болғанын қалайды. Әлемге қияли көзбен қарап, барлық адамды бірдей қайырымды, мейірімді, кең әрі ізгілікті деп ойлауға болмайтын уақыт туды. Бірақ әдебиет пен театр адамды дәл осындай ізгілікке тәрбиелейді.

Ішкі жан дүниемнің тазалығы сондай, әлеуметтік желілердегі негатив жаңалықтарды көрсем, жүрегім ауырмасын деп бірден блоктап тастаймын. Кейде Facebook әкімшілігінен «Бұл жаман жарнама емес, неге көргіңіз келмейді?» деген хаттар да келеді. Бірақ менің ондай жаман хабарларды естігім келмейді, шаршап қаламын. Жамандық атаулы тыйылса екен деп тілеймін, бірақ ол таусылар емес. Қорыта айтқанда, мені осылай тәрбиелеген – менің қос қанатым болған әдебиет пен театр өнері.

– Адамның жаратылған тарихы мен барлық өмірін түсіну үшін сізге ең қатты әсер еткен оқиға болды ма? Қалай болды?

– Өмірімде бұған түрткі болған нақты бір оқиға болған жоқ. Мұның бәрі Абай атамыздың еңбектерін оқып, ес тоқтатып, жан-жағымызға қарағаннан кейін келген ой түйсіністері. Хаким Абай өзінің қара сөзінде: «Адам баласы дүниеге келгенде екі түрлі мінезбен туылады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Екіншісі – көрсем, білсем, үйренсем деген» – дейді. Бірінші мінез адамның пенделік, хайуани инстинктінің күштілігін танытады. Адам баласы мұндай нәрселерге қай уақытта да бейім келеді. Ал рухани кемел адам ізгілікке қарай ұмтылады.

Өкінішке қарай, қазір қанша жерден мәдениетті, оқыған, зиялы деген адамның өзінде де осы пендешілік қалау бірінші орынға шығып кете беретінін байқаймыз. Қазіргі адамдардың басым бөлігі материалдық қалауларды алға тартады. Адам ешқашан дүниеге тоймайды. Философияда «Дүние» деген үлкен категория бар. Қазақта «Кештік өмірің болса, түстік мал жина» деген сияқты дүниенің мықтылығын дәлелдейтін мақалдар жеткілікті. Бірақ бұрынғы ата-бабаларымыз: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп, малды байлық емес, тек материалдық қажеттілік деп санаған, яғни ар-ұятты бірінші орынға қойған.

Ал соңғы бес жылда біздің қазақы болмысымыз 180 градусқа өзгеріп кетті. Ар-ұятты ысырып қойып, бай болуды, ақша табуды бірінші орынға қоятын болдық. Менің ең қарным ашатыны – қу тіршіліктің соңында жүріп, бір-біріміздің қадірімізді білмей барамыз. «Ата-анама кейін барамын, құрбыларыммен кейін кездесемін» деп жүргенде өмір өтіп кетеді. Бұл – өмірдің қамшының сабындай қысқа екенін түсінбеушілік, нағыз пендешіліктің көрінісі.

Рухани инстинкті жоғары, рухы мықты адам солқылдақ болмайды, ештеңеге ермейді, жаман әдеттерге бой алдырмайды. Рухани кедейлік бар жерде осы келеңсіздіктердің бәрі бас көтереді. Рухты тіктеп, оны байыту үшін иманымыз күшті, рухани азығымыз көп болуы керек. Мұның бәрі көркем дүниемен, мықты тәрбиемен және дұрыс идеологиямен келеді. Қазір біз рухани жағынан әлсіреп, жанды емес, тәнді тойдырып жүрміз. Ақша мен байлықтың құлы болмай, одан биік тұра алған адам ғана нағыз рухты адам. Ал рухы мықты ұлтты ешқандай жау ала алмайды.

– Өткен уақыт пен келешек жайлы ойлаған кезде сіз үшін ең маңыздысы сәт пе, іс пе немесе жүректегі сезім бе?

– Бұл сұраққа жапондардың «Икигай» философиясы арқылы басқашарақ жауап бергім келеді. «Икигай» – адамның қабілеті мен өмірлік мәнін анықтайтын, алты шеңберден тұратын формула. Ол арқылы адамның мінез-құлқы мен табиғи дарыны анықталады. Жапонияда балаға «ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл ал» деп қысым жасамайды, бірінші кезекте оның икигайын анықтауға тырысады. Икигайы табылған адам өмірден өз орнын тауып, жақсы маманға айналады. Ол шеңберлердің ішінде: «Сізге ең көп табыс алып келетін дүние не?», «Сіз қандай жұмысқа таңғы сағат 06:00-де ренжімей тұрып барар едіңіз?» деген сияқты маңызды сұрақтар бар.

Бұрын біз жоспарлы экономика заманында өмір сүріп, советтік идеологияда тәрбиеленгендіктен, өз қабілеттерімізді дұрыс анықтай алмадық. Өткенге қарасам, мен де өзім шынайы сүйген жұмыспен айналыспаппын, үкіметтің жоспарлы, жалдамалы жұмысын істедім. Алаш арысы Әлихан Бөкейханов нағыз президент болатын тұлға еді ғой. Оның мемлекет басқаруда жапон моделіне сүйенгісі келгені де тегін емес, өйткені жапон менеджменті өте мықты.

Жапон философиясымен қарасақ, біз икигайымызды дұрыс таппағандықтан, өмірден ештеңе бермей өтіп бара жатқандаймыз. Мысалы, менің негізгі қабілетім – жазу. Егер басынан бастап осы жазудың соңына түскенімде, мүмкін мықты жазушы, белгілі журналист болар ма едім. Жапон моделімен жүрсем, фрилансер болар ма едім, кім білсін. Ақша сенің соңыңнан жүреді, ал сен өз сүйікті ісіңмен айналысасың. Ал менің өмірім күнделікті қайталанатын жалдамалы жұмыстың процесімен, өзім сүймейтін есеп-қисаптармен өтті. Мұның орнына күніне 1-2 сағат шабытпен шығармашылықпен айналысқанымда, өмірім әлдеқайда жемісті болар еді.

Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек, сонда ғана жұмыс өнімді болады. Кейде «егер барлық материалдық мәселелерім шешіліп, ештеңеге алаңдамай, ертең жұмысқа бармай үйде отырсам не істер едім?» деп ойлаймын. Өзім қалаған жазу өнерімен айналысар едім. Бірақ үкіметтің жұмысымен уақытымыз өтіп барады, шығармашылыққа уақыт жоқ. Шығармашылық деген аттың жалында, түйенің қомында қатар жүретін дүние ғой. Қазіргі жоғары білім беру жүйесі бізден ғылыммен айналысуды талап етеді, бірақ оған тиісті жағдай жасалмаған, уақыт та қалдырмаған. Бұл нәрселердің бәрін қатар алып жүру өте қиын.

Әңгімелескен:

Толғанай АЙГӨЗ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы