«ҚАЙЫРШЫЛЫҚ КӘСІП» БЕЛЕҢ АЛУДА

1  205 көрілім

Облыс орталығы мәртебесін иеленген Түркістан қаласында қашанда қайнаған тіршілік. Әсіресе, базар маңында халықтың саны басым. Бірі қолындағы жүгін межелі жерге жеткізуге асықса, енді бірі үйіне ертерек жетуді көздейді. Барлығы да өз шаруаларымен асығып барады. Тіпті, бағдаршамның жарығы мен зулаған көліктерге көз салуға да мұршалары жоқ бұл жұрттың. Қалың көпірден тезірек өтіп кеткісі келіп, жүйткіген көлікті жанына келгенде ғана сезетін сыңайлы. Жалпы, жаяу жүргіншелер жолы атауы түркістандықтар үшін жаратылмағандай. Мұны жан-жақты талқыласақ, ұзын-сонар әңгіме болары сөзсіз.

Түркістанның базары көрші елдерге де танымал. Іздеген затыңызды бағасына қарай кез келген сапада таба аласыз. Оған қоса, түрлі ұлт өкілдері мен сан қилы тағдырларды кездестіресіз. Әсіресе, көше жиегіне жайғасқан «қолы қысқа» жандар көзіңізге оттай басылады. Айтпағым, алдымен Алладан, одан соң адамдардан медет сұраған қайыршы қауымы жайлы. Иә, тыныс-тіршілігі қайнап жатқан қаладан еңбекке елгезек жанды да, көше кезген қайыршыны да, көпшіліктің мейірін күткен мигрантты да табасыз.

Мүгедек арбасына таңылған, аяқ-қолдан айырылған жандардың қарынның тоқтығынан емес, амалдың жоқтығынан осылай жан бағып жүргені жайлы жазылған қағазды көргенде жүрегіңіз елжірейді. Өйтпегенде қайтсін?! «Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрердің» нақ өзі емес пе? Жұмысқа жарамсыз адамның жанына туыстары да сая болмасы анық. Адами санаға дендеп енген нарықтық заманда тума-туыстың да күнкөрісті сылтауратып сырт айналары сөзсіз.

Бұлардан өзге, тағдырына өздері балта шапқандар, ащы судың арбауына түсіп, шаңырағы шайқалып, бас жазуына бақыр сұрап жүргендер. Мұндайларды мүсіркеуге де арланасың. Қайыршылардың қалған қауымы – балалы аналар, жанұя мен қоғамға сіңісе алмаған қариялар, отаға қажет қаражатты іздегендер мен әртүрлі жағдайға байланысты осы статусты иеленгендер. Бұлардың дені өзіміздің қаракөз қандастарымыз.

Ал, соңғы топты құраушылар әртүрлі ұлт өкілдері. Негізгі әңгіме де осылар туралы. Көпшілігі шекара асып, шет жайлап жұмыс іздеп келіп, қалтадағы құжаттан қағылғандар мен себептері беймәлім мигранттар. Оңай ақшаға дәніккендердің кейбірі қарапайым жұрттың қыр соңынан қалмай құтын қашырады. Жақтыртпаса да, Алланың атын атаған соң «кет» деп айта алмайды.

Осы орайда, саудагерлердің қитығына тиіп, заңсыз орында жұмыс істеудесің, – деп қарапайым жұрттың «қаққанда қанын, соққанда сөлін» алатын полиция қызметкерлері алаңсыз. Сонда, біздің құзырлы органдар аталған қауымның алдында расында қауқарсыз ба?! Мұндай жандардың саны еселенбей жатқанда өз елдеріне ертерек өткізу керек секілді. Әлде, оларды кеденнен өткізіп жіберу тым қиын ба? Әйтеуір бәрі бізге белгісіз.

Көше кезген келімсектердің саны артса қалада нендей жағдай орын алары беймәлім. Белгілісі, бір күндік ас-суын тілемсектікпен айырып жүрген жанның таңсәріден тағы көше жағалайтындығы ғана…

Б.АНАРБАЙ,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы