«Түркістандағы той түнгі сағат 23:00-де аяқталуы тиіс». Бұл бастаманың көтерілгеніне де біршама уақыт болды. Нәтижесі де жоқ емес. Той десе қу басы домалайтын біздің халық үшін бұл бетбұрыс оң өзгеріс болмақ. Облыстық ақсақалдар алқасының ұйытқы болуымен жүзеге асқан игі іс қазіргі таңда өз жемісін беріп келеді. Салтанатты шарасы кеш түсе күн батқанда басталатын рухани шаһар жұртшылығы үшін бұл бастама алғашында оғаш көрінгені жасырын емес. Түркістан өңірінің орталығынан басталған жүйе алдағы уақытта өңір аудандарында өз нәтижесін көрсетеді деп сенеді ақсақалдар.
– Тойханалар мен мейрамханаларға тәртіп орнатып, жұмыс уақытын сағат 23.00-ге дейін тоқтату жөнінде талап қойдық. Тойханалар қауымдастығын құрып, бір пәтуаға келдік, – дейді Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.
Түркістан облысынан бөлек тойдың ерте аяқталуы еліміздің өзге қалаларында бұрыннан барын жақсы білеміз. Мәселен, өзімізбен көрші Қызылорда қаласында кешкі алтыдан кеш барсаңыз тойдың басталып кеткенін байқайсыз. Ерте басталған істің ерте бітері де бар емес пе? 23:00-ден кейін тойханада сол жердің қызметкерлері мен күзетшіден өзге ешкім көзіңізге көрінбейді. Ал, Қазақстандағы ең ұзақ болатын тойлар Қарағанды қаласында екен. Мысалы, неше жылдан бері күткен ұлы қуанышын көп тойлағысы келетін бұл өңір, өз мерекесін түскі 13:00-14:00 бастайтын көрінеді. Оның арасында түскі асы беріліп, одан соң үзіліс болып, жілік сындыру мен арқан тарту, асық ойнау сынды ұлттық ойындарға ден қояды-мыс. Сонан соң тәттімен шәй беріліп, күн ұясына бата бергенде жұрт кешкі асқа қайта жиылып дастарқанға жайғасып тойдың жалғасына куә болады. «Отыз күн ойынын, қырық күн тойын» өткізеді дегендей бұл өлке шаңырағындағы шаттықты 10 сағат тойлайды екен.
Аллаға шүкіршілік, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, тал бесік пен жер бесіктің арасын қазақ елі тоймен өткізіп келеміз. Кейде таңсәріге дейін жалғасатын Түркістан топырағындағы торқалы тойлар осы күні бір ізге келген. Тойдың бұрынғы уақытына қарағанда ерте аяқталғаны дұрыс па? Осы сұрақты той саласының сахнасында жастығына қарамастан көпті орамды ойы мен сүбелі сөзі арқылы ұйыта алатын асабаның бірі Жалғас Сабыровқа қойдық.
– Бұл өзгерісті өз басым қолдаймын. Себебі, түн ортасынан ауа үйіне қайтатын біздерге тиімді болмақ. Оның үстіне қазір той дегенің баяғыдай аптаның сенбі, жексенбі күндері ғана емес, бір жеті бойы болып жатады. Жұмыс күндері кеш қайтқан қонақтың ертесіне жұмысқа баратындығын да ескергеніміз жөн. Біздің қала халқы думаннан ерте қайтуды үйренсе де, ерте келуге әлі дағдылана алмай келеді. Меймандар келмесе біздер де тойды бастай алмаймыз. Сондықтан, той барысында барша жиылғандарға ескертіп ертерек келсе екен деп те жатамыз. Себебі, бір жанұяның көп уақыт бойы күткен қуанышын бір жарым немесе екі сағат ішінде өткізе салу өз ісіңе ат үсті қараумен тең. Ендігі біз, асабалардың елден сұранарымыз ертемен келіп, баяғы күн батқан соң ғана тойға баратын әдетті тастау керектігі, – деді Жалғас Асылбекұлы.
Ал, дәрігерлердің айтуынша, ерте ұйқыға жатқан адамның денсаулығы мығым, ғұмыр жасы ұзақ болмақ. Мәселен, ұйқыға ерте жатсаңыз қан қысымыңыз көтерілмейді, бас ауруы мен шаршағандық белгілері болмайды. Америкалық ғалымдардың зерттеуінше, түн ортасына дейін ұйықтамау ағзадағы алмасу процесін бұзады. Сол себепті кеш ұйықтау әдеттегіге қарағанда екі есе семіруге жол ашпақ. Сондай-ақ, ұйқының қанбауынан есте сақтау қабілеті мен ақпаратты саралау төмендейді. «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деп текке айтылмаса керек. Ерте ұйықтасаңыз ерте тұрасыз, ертеңге қалдырған істі ертесімен аяқтайсыз. «Тәртіпке бағынған құл болмас» демекші тәртіп баршамызға ортақ. Тойдың ерте тәмамдалуының тиімді жағы көп екендігін байқадық. Ақсақалдардың облыс орталығы үшін жасаған бұл өзгерісін көп болып қолдау қай жағынан болса да тиімді екені анық аңғарылып тұрғанын баса айтқанымыз жөн.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».