ЖҰМЫРТҚА ӨНДІРУДІ ҚОЛҒА АЛҒАН

1  132 көрілім

Күнделікті пайдаланып жүрген тауық жұмыртқасының нағыз өндірісі Ораңғай ауылында да қарқынды жүруде. Соңғы технологиямен жабдықталған «Яссы құс» шаруа қожалығы 2016 жылы ақпан айында іске қосылып, жылына 6 млн жұмыртқа шығарып отыр. Қожалық «Ломан ЛСЛ» және «Декалб уайт» тұқымды ақ қанатты тауықтардың ақуызы мол өнімімен қала халқын түгелдей қамтамасыз етуде. Ендеше, «Яссы құс» шаруа қожалығының басшысы Әріпжан Сыздықов ағаны сөзге тартып көрелік. «Байқап отырғандарыңыздай, өндірістің айрықшаланып тұратын тұсы да сол, мұнда бүкіл үдеріс автоматтандырылған. Құны 76 млн тұратын «Facco» және «Valli» итальяндық фирмаларының құрал-жабдықтарын несиеге алдыртып, алдағы уақытта 2-ші кезеңді іске қосқалы отырмыз. Атап өтсек, жемшөп үлестіру, су беру, климат-бақылау, қи-тезегін тазалау және жұмыртқа жинау үдерістері «Орион» фирмасымен компьютерлендірілген. Мемлекеттік қолдау өндіріс ауқымдылығына қарай берілетіндіктен, біз ол санатқа іліге алмай қалдық. Содан соң 15 % -бен несиеге аталған құрал-жабдықтарды алып, оның 6 %-ы «Даму» бағдарламасы тарапынан төленетін болды. Осындай озық аппараттардың арқасында алдағы уақытта межелі санатқа ілігеміз деген жоспарымыз бар»,- деді бізбен әңгімесінде.

Жоғарыда аталып өткен «Декалб уайт» тұқымдасының ерекшелігіне тоқталсақ бір мекиен тауық жылына 320-330 дана жұмыртқа береді екен. Жұмыртқа бағытындағы өте өнімді өнеркәсіптік кросс, яғни бұл тауықтардың 4 айлығында-ақ жұмыртқалағыштығы байқалады. Өзге өнімдік сипаттамаларға қарағанда әзірге мұнымен теңдесі жоқ. Аталмыш тұқымның басты өзгешелігі жұмыртқалардың азықтық сапасы жоғары, ешқандай «ГМО-сыз», таза экологиялық және бағудың қарапайымдылығы. Декалб тауықтарының сырт келбеті ешқандай ерекшеленбейді. Мекиен тауықтың орташа салмағы – 1700 грамм, қоразы 2000 грамға дейін. Бір тауық тәулігіне 100-110 грамм жем жейді. Оларды арнайы дайын құрама азықтармен қоректендіреді. Сондай-ақ, олардың тағамына кальцийге бай, минералды қоспалар қосылады. Олай етпесе, жұмыртқа қабығы жұқа және жұмсақ болып қалады. Осы 14-16 ай бойы өнім беру кезеңінде мекиеннің жұмыртқалағыштығы төмендеп кетпес үшін дәруменді қоспалар үздіксіз беріледі. Құстар жабық режимде ұсталады. Қазіргі таңда қожалықта 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Н.ИМАНҚҰЛОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы