Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Ғаппар Амантайұлы атқарылатын істі сөзбұйдаға салмай, тиянақты жүзеге асыруды көңілі құп көретін жан. Бойға дарыған қасиеті солай болған соң шығар, ел алдында да оңды-солды тәтті баяндама жасаудан аулақ жүретіні. Ресми шараларда Жарылқаушысын естен шығармай, сөзінің тобықтай түйінін «Құдай қаласа», – деп тәмамдайды. Әсіресе, спорт десе ішкен асын жерге қоятын Ғабекеңнің бұл саладағы жетістіктерін екі ауыз сөзбен айта салатын дүние емес. Халық қалаулысының депутаттық мансабындағы қадамдарын және туған жер топырағын түлетудегі азаматтық істерін суыртпақтап сұрап көріп едік. Ендеше сұхбатымызға назар салыңыздар.
– Қазақстан Республикасының жаңа Президенті болып Қасым-Жомарт Тоқаев сайланды. Ұлықтау рәсімі өтті. Жаңа Президентіміз бастаған еліміздің болашағынан не күтесіз?
– Биылғы жыл еліміз үшін тарихи оқиғаларға толы болып отыр. Мемлекет басшысы болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сайланды. Елдің басым дауысына ие болған Президентіміздің алға қойған бағдары айқын. Сондықтан елім дейтін ерге сүйеу болуымыз керек. Менің әлгінде айтып кеткен сын айту турасындағы сөзімді осы жерде де қайталағым келіп отыр. Рас, көпшілік болған соң түйсік пен түсініктің үйлесе бермейтіні белгілі. Сонда да болса біз сабырлық танытып, әрбір отбасының оның ішінде әрбір жанның болашағы үшін ерінбей еңбектеніп, қажет кезде сабырлық сақтауымыз керек. Мәселен, бір ауыл тұрғыны өзінің мәселесін шешуге мемлекеттік мекемеге барды делік. Ол жерде бұл адамның ойындағысы өз шешімін таппаса, оған Президент кінәлі. Бұны қалай түсінесіз? Егер шаруаңыз созбалаңға салынса, жауапты адам өз міндетін орындамаса билікті қаралағанша тиісті орындарға шағым түсіріңіз. Зайырлы мемлекетімізде халықтың құқығын қорғайтын құзырлы органдар бар. Сол арқылы мәселенің ақ-қарасын ажыратуға болады. Сонда кім кінәліні тиісті салалар сізге анықтап, әрі мәселеңізді шешіп береді. Менің күтетінім де сол және оны айтудан жалықпаймын. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегендей біз еңбегімізді еш кетірмеуіміз керек. Бұл зайырлылықтың белгісі. Елбасымыздың «біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз» дейтіні сондықтан. Оны біз жете түсінуіміз керек. Өз құқымызды өзіміз қорғауымыз керек. Бұның барлығын тізбектеп айтып отырған себебім, біз өз ісімізге, бағытымызға берік болып, Мемлекет басшысының саясатына сай әрекет етсек, еліміздің ертеңі жарқын болмақ.
– Ғаппар Амантайұлы, сізді көпшілік белгілі спортшы ретінде жақсы таниды. Сонымен бірге, жастар жанашыры деп біледі.
– Иә, мектеп жасынан бастап спортпен шұғылдандым. Спортта жүріп, жетістіктерге қол жеткіздім. Ел көріп, жер көріп дегендей дос арттырып, көппен араластық. Азаматтардың үйде қалай болатынын, түзге шыққанда қандай күй кешетінін көз көріп, басымыздан өткердік. Менің жастарға деген жанашырлығымның басты алғышарттары осыдан бастау алады деп ойлаймын. Себебі, жастық жігерді жалындату үшін оған лайықты қолдау қажет. Өзіміз де жас болдық. Сол спортта жүріп көп мүмкіндіктерді көрдік. Кейде жетістікке қол жеткізсек, бір кездері жолымыз бөгеліп жатты. Бірде қаржы тапшылығы болса, енді бірде рухани қолдауымыз кем болды дегендей. Ал енді қазір еліміз еңсесін тіктеп, көптеген мәселелер өз шешімін табуда. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар жұмыс жасап жатыр. Сонымен бірге, өздеріңіз білетіндей Елбасымыз биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл шешім біздің жастарға оның ішінде Түркістан өңірінің жастары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашып жатыр деп есептеймін. Мәселен, жас кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, жас отбасыларды баспанамен қамту сол секілді жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту бағытындағы қадамдарды жалпы жұрт көріп жүр.
Осы орайда айта кетерлігі, мен өзімнің сайлаушыларыммен кездесулерімде одан бөлек басқа да басқосуларда жастарға еңбекқор болуды ұсынып отырамын. Бейнеттен қашқан адамның болашағы бұлыңғыр. Жасыратын несі бар, бір кездерде артық қимылдағымыз келмей тұрады. Сөйтіп жүріп өзгенің сыртынан сын айтып жатамыз. «Еңбегің болмаса елге өкпелеме, ықтасының болмаса желге өкпелеме» деген емес пе дана халқымыз. Сол секілді кейбіріміз біреуді сынамас бұрын, өзін түзеуді түсінсе екен деймін.
– Сіз осындай лауазымды қызметке қалай келдіңіз, «еңбек жолым осылай өрілсе», деп армандадыңыз ба?
– Мақсатым – елге қызмет ету. Басты себеп осы. Биліктің немесе қызметтің үлкен кішісі жоқ. Егер мен осы орында отырмаған болсам да елге пайдамды тигізетін жол іздейтін едім. Мәселен, сіз базарда тұрып, сауда-саттықпен айналысып, сататын дүниеңізді қолжетімді бағада ұсынсаңыз оның өзі елге жасаған қызмет. Ал, ойыңызға келген нарық құнынан жоғары бағаны айтып, аспандап тұрсаңыз сіздің халыққа пайдаңыз шамалы. Сондықтан қандай да бір іс жасағанда қанағатшылдық танытып, қарапайым халыққа жақын болсаңыз ол сіздің азаматтығыңыз. Елге деген жанашырлығыңыздың белгісі. Сол себепті, әрбір азамат елге қызмет етуі үшін ең бірінші кезекте көпшіліктің жағдайына қарайласып, соның ыңғайына қарай жұмыс жасауы керек. Менің негізгі мақсатым осы.
– Ағайын-туыстарыңызға және мұқтаж жандарға көмектесіп тұрасыз ба?
– Иә, қолдан келсе неге көмек көрсетпеске. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген емес пе. Бұл бағытта жасаған істерімді жария ете бергім келмейді.
– Түркістан қалалық мәслихатының бүгінгі тынысына тоқталып өтсеңіз?
– Айта берсек, ұзын-сонар әңгіме болып кетер. Десе де мен жұмысымызды өткен жылмен сабақтастырғым келіп отыр. Былтыр Түркістан қалалық мәслихатының депутаттарымен Түркістан қаласының әкіміне және басқа да жергілікті атқарушы органдардың басшыларына 9 депутаттық сауалдар жолданып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданып, жауаптары алынған.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған Заңға және Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, 2018 жылғы 26 қыркүйегінде Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаевтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі Түркістан қалалық мәслихатында қаралып, нәтижесінде Түркістан қаласының әкіміне ұсыныстар берілді, атап айтқанда:
– көшелерді абаттандыру және көгалдандыру, жарықтандыру, санитарлық тазалығын қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыру;
– қалада туризмді дамыту жұмыстарына қолдау көрсету;
– жұмыссыздықты азайту мақсатында шағын және орта бизнесті қолдай отырып, жаңа кәсіпорындардың іске қосылып, жаңа жұмыс орындарының ашылуын ерекше назарда ұстау;
– қалалық мәслихат депутаттарының ұсыныстары мен депутаттық сауалдарына, қала тұрғындарының арыз-шағымдарына тиісті лауазым иелерінің жауапкершілікпен қарауын үнемі бақылауда ұстап, қадағалап отыру;
– қаламызды газдандыру жұмыстарын жеделдетуді және толық әрі үнемі электр жарығымен қамтамасыз етуді бақылауда ұстау;
– тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында бала-бақша, мектеп салу жұмыстарына ықпал ету;
– ауыл шаруашылық саласында қабылданған бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету іс-шараларын ұйымдастыру және басты назарда ұстау.
Ал биыл жылдың басынан бері бес сессия өткізіліп, тиісті шешімдер қабылданды. Әсіресе қаламыз облыс орталығы болуына байланысты мемлекет тарапынан көптеген қаржы бөлінуде. Сол бөлінген қаржының өз мақсатында толық игерілуін қадағалау біздің басты міндетіміз деп ойлаймын.
Бұған қоса, қалалық мәслихат депутаттары шаһарымыздағы өтіп жатқан түрлі шараларға қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ, облыс орталығы атанғанымызға бір жыл толып отыр. Осы айтулы оқиғаның бастауында жергілікті халық қалаулылары көптеген іс-шараларға қатысып, қала әкімдігімен бірлесіп, өздерінің қомақты үлестерін қосқанын айта кетуіміз қажет. Бұдан тыс депутаттар өз міндеттерін орындау барысында сайлаушыларымен кездесіп, жеке қабылдауларды ұйымдастырып келеді.
Сұхбаттасқан:
Мәлік ДӘУЛЕТОВ,
«Түркістан