«АРЫС, БІЗ БІРГЕМІЗ!» АРЫСТА ТІРШІЛІК КӨЗІ ЖАНДАНЫП КЕЛЕДІ

1  050 көрілім

Күн өткен сайын Арыс қаласындағы тіршілік жанданып келеді. Арыс қаласына арнайы барып қайтқан тілшіміздің ой түйіні осындай. Еліміздің барлық аймақтарындағы жұрт жаппай қол ұшын беріп, арыстықтарға демеу болуға атсалысып жатса, билік тұрғындарға мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасаудың тетіктерін ұсынып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Сөзіміз дәлелді болуы үшін қолда бар мәліметтерге кезек берсек.

Қазіргі таңда Арыс қаласы 17 секторға бөлінген. Бұл секторлардағы жөндеу жұмыстарына республиканың 14 облысы мен 3 қаласынан 170 арнайы бригада келіп, 1194 құрылысшы іске кірісті. Олар тұрғын үйлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп, 400-ден астам үйге жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Айта кетерлігі, Арыс қаласы мен қала маңында 8867 үй болса, 6127 үй жарылыстан зардап шеккен. Соның ішінде 27 үй толықтай қайтадан салынады. Қалада азық-түлік дүкендері мен наубайханалар да жұмысқа кірісті. Қала аумағында және өзге аудан, қалаларға қатынайтын көлік тасымалы да бұрынғыша қалыпқа келтірілген. Үйі жарамсыз болып қалған тұрғындарға 800 орындық уақытша лагерь дайындалып, ол үш мезгіл тамақпен қамтылған.

ҚР Қорғаныс министрлігінің өкілі саперлар қала аумағын таңнан кешке дейін аралап, тазалау, тексереу жұмыстарын жалғастырып жатқанын, ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеуде. Дегенмен, тұрғындар күмәнді заттарды байқаса, дереу 112 және 102 нөмірлеріне хабарласу керектігін жеткізді.

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, жарылыстан кейін 77 адам ауруханаға жатқызылған. Оның 40-ы жазылып, үйлеріне жіберілген. Бес науқас республикалық емдеу мекемелеріне жатқызылған. Қазіргі таңда Арыстағы 17 секторда бір-бір жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр. Қала аумағында 4 мобильді медициналық пунктер орнатылған. Дәрі-дәрмек пен мамандар жеткілікті.

Сөз басында айтып кеткеніміздей алапат жарылыстардан бой тасалаған арыстықтарға көпшілік көмегін аяған жоқ. Соның ішінде Түркістан қаласының қарапайым тұрғындарынан бастап, ат үстіндегі ағалар да барын салды.

Бүгінгі таңда, Арыс қаласындағы зардап шеккен нысандарды қайта қалпына келтіру барысындағы жұмыстардан да түркістандықтар шет қалып жатқан жоқ. Атап айтсақ, Арыс қаласындағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарын жою бойынша құрылған облыстық штабтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласы мен Түркістан қаласына 9-аумақ бекітіліп, тиісті іс-шараларды жүргізу тапсырылған болатын.

Берілген тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан қаласы әкімдігінің тиісті шешімі шығарылып жұмысшы топ құрылды. Жұмысшы топ Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігімен бірлесіп, 9-аумақтағы 596 жеке тұрғын үйлер, 51 көпқабатты тұрғын үйлер, 6 әлеуметтік және 22 кәсіпкерлік нысандар анықталды. Сонымен қатар, 9-аумақты 15 секторға бөліп, әр көшелерге 94 жауапты белсенділер белгіленіп бекітілді. Осы бекітілген жауапты белсенділер арқылы жергілікті халыққа жалпы күні бүгінге дейін 72 тонна азық-түлік таратылды. Сонымен қатар, Түркістан қаласынан келген арнайы техникалар арқылы 9-аумақтағы барлық көшелер бойындағы зардап шеккен тұрғын үйлер, кәсіпкерлік және әлеуметтік нысандардан шыққан 125 тонна күл-қоқыс шығарылды. Бұл бағыттағы шаралар күнделікті атқарылып жатыр. Тағы айта кетерлігі, Түркістан қаласы әкімдігі мен белсенді кәсіпкерлер, жеке тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктер атынан күні бүгінге дейін арыстықтарға арнайы көмек үшін азық-түлік, қаржылай қолдау көрсету өз жалғасын тауып отыр.

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы