ЖАҢА ОҚЫРМАНДАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

1  103 көрілім

Бұдан алдын газетімізде «Түркістан», «Туркистон» газеттері әрбір шаңыраққа!» акциясы өтетіндігі туралы қалың оқырманды құлағдар еткен болатынбыз. Қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің «Керуен сарай» кешенінде өткен акцияға оқырмандар көп жиналып, төл басылымға жазылуға бей-жай қарамайтындықтарын байқатты. Бұлардың арасында қаламызға қарасты бұрынғы 12 ауылдық округіндегі оқырмандарымыздың да болғаны көңілге қуаныш ұялатты. «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» демекші, Елбасының сындарлы саясатын насихаттап, ел мерейін үстем етумен қатар, халықтың мұңын назардан тыс қалдырмайтын 90 жылдық тарихы бар «Түркістан», «Туркистон» газеттеріне алғашқылардың бірі болып кәсіпкер Тайыр Абдувалиев 10 дана газетке жазылып көпшілікке үлгі көрсетті. Акция жайлы хабарландыруды әлеуметтік желі арқылы қалың жұртшылыққа таралуына өзіндік үлесін қосқан «Үлес» қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, жаны жомарт азамат Райымжан Қошқаров та 10 дана жергілікті басылымға жазылуға ұйытқы болды.

«Керуен сарай» кешені басшысының орынбасары Мұтәліп Омаровқа редакция атынан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадыр Ирсметовтің атына жазылған ресми хат тапсырылды. Айта кетейік, кәсіпкер Бахадыр Ирсметов 2019 жылдың бірінші жарты жылдығына 50 дана «Түркістан», «Туркистон» газеттеріне жазылуға ұйытқы болған. Облыстық ақсақалдар алқасының мүшесі Толқын Саидмұратов баспасөзге жазылу науқанында қаламыздағы мөлтек аудан төрағаларын жұмылдыру керектігі туралы ұсынысын жеткізді. Ал, зейнеткер Ирисқұл Аббасов газетіміздің тұрақты оқырманы. Мәдениет майталманы бұл жолы да дәстүрден жаңылмайтынын айтты.

Акция барысында көптеген оқырмандар қатарында Қарашық ауылдық округіндегі мәдениет үйінің бұрынғы басшысы Мукаррам Құлжанова да көпшілікке үлгі боларлықтай 5 дана «Туркистон» газетіне өзінің есебінен жаздырды. Мәдениет жанашырының жақында ғана Кентау қаласында «Елеулі еңбегі үшін» медалімен марапатталғанын қуанышпен жеткізгіміз келеді. Сондай-ақ, «Түркістан-насос» мекемесінің басшысы Қахраман Ирисбеков 25 дана, кәсіпкер Алым Исетов 10 дана «Түркістан», «Туркистон» газеттері жазылғанын мақтанышпен айтқымыз келеді. Акция күні тарихы тереңде жатқан қос басылымның көптеген жанашырлары ортадан табыла білді. Осылайша жаңа оқырмандарымыздың қатары арта түсті. Ендеше, акцияға үн қосу азаматтық парызым деп санаған барша оқырмандарымызға өз алғысымызды білдіреміз. Өз кезегінде алдағы уақытта да оқырмандарымыз бізбен бірге болады деген нық сенімдеміз!

Райымжан ӘЛІБАЕВ,

«Түркістан».

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы