- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Қаламыздағы «Саз мектебінің» оқушысы Елбілге Келес халықаралық өнер фестивалінде бірінші орынды иеленіп, елге жеңіспен оралды. Жуырда Болгарияның Варна қаласындағы «Алтын құм» курорттық аймағында «Алтын арман-2019» халықаралық байқауы өткен болатын. Қара теңіз жағалауында өткен өнер додасына әлемнің 14 елінен 30-дан астам талантты балалар қатысты. Ел намысын қорғаған Елбілге прима қобызымен Ақан Серінің «Қараторғай» әні мен халық әндерінен папури орындап, қазақтың әнін шет елде әуелетті. Қазылар алқасы қазақ қызының өнеріне тәнті болып, жоғары баға берді. Осылайша Елбілге Келес қатысушылардан оқ бойы оза шығып, жеңімпаз атанды. «Құс қанатымен, адам талантымен самғайды» демекші талантымен талайды таң қалдырған ел мақтанышын қаламыздағы темір жол вокзалынан түркістандықтар құшақ жая күтіп алды.
– Саз мектебінің 60 жылдық тарихы болса, соның ішінде шетелдегі халықаралық жарысқа шәкірттеріміз алғаш рет қатысуда. Балада 1 пайыз талант болса, 99 пайызы еңбекпен келеді. Бұл жерде ата-ананың қолдауымен қатар, ұстаздың еңбегін ескергендігіміз жөн. Бүгін міне, саз мектебінің бөлім меңгерушісі Қаламқас Өтеуова мен жас маман, қобыз пәнінің мұғалімі Индира Кәрібайдың төккен терлері мен еткен еңбектері еленді, – дейді «саз мектебі» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлмира Жүсіпбекова.
Елбілгенің ендігі межесі 2020 жылдың ақпан айында АҚШ-та өтетін өнер фестивалі болып отыр.
Орынбек ҚАСЫМБЕКОВ,
«Түркістан».
