Иә, биыл Елорда жаңа жасын жаңа атаумен атап өтпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттігін тоқтатқан ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан үшін жасаған орасан зор еңбегі үшін дәл осылай атауды ұсынып, ол оң шешімге ие болып, үш ай бұрын «Нұр-Сұлтан» атауына ие болған еді. 21 жылдық тарихы бар жас, сәулетті, сұлу астанамыз тағы бір жылды артқа тастап, жаңа тарихтың сүбелі жолына тағы да қадам басты. Міне, тәуелсіз еліміздің саяси, мәдени әрі экономикалық алаңына айналған, қанаты құлаш сермеген, өркениеті кеңге жайылған, асқақ айбынды, тарихы таңбалы шаһарымыз жарқын болашақтың көрінісіне күн санап айналғандай.
1997 жылы егеменді еліміздің көшбас-шысы Н.Назарбаевтың Жарлығымен Елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданып, 1998 жылдың мамыр айында жаңа атау «Астанаға» өзгертілді. Осы жылдың шілдесінде Астананың халықаралық тұсауы кесіліп, ЮНЕСКО-ның шешімімен «Бейбітшілік қаласы» жоғары атағы беріліп, мәртебесі асқақтай түсті.
Осы ретте, сәулеті дамып, көркін танытқан теңдесіз ғимараттар қатарында Нұр-Сұлтанның символы атанған – «Бәйтерек» монументін ерекше айта аламыз. Ежелгі түркі сөзімен «Зәулім ағаш» деген мағынаны білдіретін ғимарат – қалаға табан тіреген әрбір азаматтың аяқ басар жері екені даусыз. Нысанның ең жоғарғы бөлігінде орналасқан «Аялы алақан» композициясы бәріміздің бірінші көзбен көріп, қолымызды тигізуге асығатын көрінісіміз екендігі де жасырын емес. Пирамида іспетті болат пен тастан тұрғызылған, достық қарым-қатынасты ту етуде бой көтерген Бейбітшілік және келісім сарайы дүние жүзін бірлікке бастайтын жиындардың өткізілетін орны ретінде әлемге танылған көрікті ғимарат. Ою-өрнектермен керілген керегелер арқылы көптің таңданысын арттырған Тәуелсіздік сарайы Қазақстан бойынша көркі келіскен ғимараттар қатарында. Ресми іс-шараларды, мәжілістер мен кездесулердің алаңына айналған ғимараттың халықаралық деңгейдегі жиындарды өткізуде бірден-бір маңызы зор. Елорданың атын әлемге тағы бір паш еткен EXPO-2017 Халықаралық көрмесі осынша жылда қаланып, ел игілігіне берілген таңдаулы ғимараттар қатарына енді. «Жасыл экономиканы» дамытуға іргелі септігін тигізген көрме еліміздің Халықаралық деңгейде алға жылжуындағы үлкен қадам болды. ЭКСПО-2017 – тәуелсіз еліміздің еңселілігін, мығымдығын, халқымыздың қонақжайлылығын көрсете білді. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үшін түрлі мемлекеттер сынға түскенде Қазақстанды 103 ел қолдап, дауыс бергені есімізде. Сол тұстары жеңісті естіп шат-шадыман кейіпке енген Елорда тұрғындары мен жастары күннің қақаған суығына қарамастан жиналып Елбасының тікелей Франциядағы мәлімдемесін тыңдап, рухтарын, патриоттық сезімін паш еткендігі де көз алдымызда. Ал, көрмені абыроймен өткеруде мемлекеттің барша өңірлерінің жастары шетте қалмай, қызмет көрсетіп, ауызбіршілік пен достықтың туын тағы бір мәрте көрсеткен болатын. Жалпы, 21 жыл ішінде қаншама ғимараттар Елорданың көркін аша түсті. Жас қаламыз күн өткен сайын адам танымастай кейіпке еніп, араға уақыт салып барсаңыз, жаңа нысандардың бой көтергеніне куә болып жатасыз. Мұның барлығы ел игілігі, дамуы жолында қызмет етіп жатқан жандардың нәтижелі жұмысы деп бағамдай аламыз.
Нұр-Сұлтан – арман қала. Ал, арман мен болашақ тоғысқан жас шаһардың әрбір күні тарих десек қателеспейміз. Жемісті де жеңісті жылдарды бастан кешіріп жатқан Нұр-Сұлтан – ынталы, білімді жастардың ортасына айналды. Бүгінде онда дархан даланың түкпір-түкпірінен ағыла барып, болашағын Нұр-Сұлтанмен ұштастыратын жандар қаншама. Онда жастар сүйікті жұмысын тауып, отбасын құрып, жас қаланың бір кірпіші болып қалануда.
Соның бірі, 2003 жылы рухани шаһар Түркістаннан арқа төсіне көшіп барған Жанболат Әзіретберген. Ол да жас шаһарға үкілеген үмітпен барып, кейін екі қолға бір күрек тауып, онда отбасын құрып, бүгінде Нұр-Сұлтанның тұрғындарына айналып отыр. Екі қыз бен бір ұлдың әкесі балаларының да болашағын арман қаламен ұштастырады. Жас шаһардың даму жолында сүбелі еңбек етіп жүрген азамат алғашында келгенде жаңа астанамыз жапан дала іспетті болғанын да жасырмайды. «Есімде, Нұр-Сұлтанның ең шеті әл-Фараби мөлтек ауданы деп ойлайтынбыз. Өйткені, одан арғы аумақ бос жататын. Сол жағалаудың жалпы орны, орналасқан жері еркін экономикалық, қоршаулы аймақ болатын. Кейіннен қаншама құрылыс жүрді. Қазір Астана құлашын кеңге жайып ұлғайды. Мұның барлығы біздің көз алдымызда өткен үлкен еңбекпен келген жемісті жұмыстар», – деген Ж.Әзіретбергеннің болашағын қалыптастыруға мүмкіндік туғызып, бағын ашқан жас шаһарға айтар алғысы да шексіз. Ешкімнің пікіріне назар салмастан, өзінің ерік-жігеріне сеніп келгеніне бүгінде еш өкінбейді. Керісінше, өзінің ғана емес, балаларының да еңсесін тіктеп үлгерген қалада абыройлы қызмет еткенін қалайды. Дәл осы тұста отбасылық көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын, Гиннестің «Рекордтар кітабына» енген «Думан» (қазіргі атауы «Ailand») ойын-сауық орталығы ашылғанын да айта кеткен жөн.
Ендеше, келісті келбеті көз сүріндірер қаланың құшағы кеңге жайылып, әлем халқы сүйсіне қарайтын, туристер ағыла келетін шаһар болуын шын ниетімізбен тілей отыра, еліміздің мақтаны бас қаламыздың алда жетер жетістігі мен басынан өткерер таңбалы тарихы көбейе берсін демекпіз. Туған күніңмен, еркіндіктің Елордасы – Нұр-Сұлтан!
Жанерке ЕРЛАНҚЫЗЫ.