Ең алғаш бұл мереке елімізде 2009 жылдан бастап, мемлекеттік мереке ретінде тойланып келеді. Елорданың он жылдық мерейтойы қарсаңында «Мерекелер туралы» заңға толықтыру туралы заң жобасы мақұлданып, оған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қол қойған болатын. Міне, сол кезден бері 10-маусымда тойланатын «Астана күні» 6-шілдеге ауысып, елордамыздың туған күнін жайдарлы жаз мезгілінің ортасында тойлап келеміз. Осылайша мемлекетімізде айтулы күндердің қатары тағы бір мерекемен толыққан болатын. Бүгінгі таңда жас қаламыз 21 жасқа толып отыр.
Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі бас қала жаңа жасын жаңа атаумен қарсы алуда. Олай дейтініміз осы шаһардың бой көтеруі мен дамуына, елдің ордасына айналуына бірден бір себепкер болған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың аты берілді. Бұл өзгерісті қазақ елі қолдап қоштап, өзге елдердегідей еліміздің астанасына Тұңғыш Президенттің аты берілсе, оған қуанатындардың қарасы мол екенін дәлелдеді. Сонымен қатар, 6-шілде Елбасымыздың да туған күні. «Екі өмірің абат, екі тойың қабат» болсын демей ме біздің халық. Қазақ еліндегі қос қуаныш құтты болсын. Еліміздің жүрегіне айналған Нұр-Сұлтан туған күніңмен. Бейбіт еліміздің болашағына бастау болған тәуелсіздігіміз тұғырлы, астанамыз ғұмырлы болсын.
Тұрар ТІЛЕУЛИЕВ,
ақын, «Өнер» мектебінің директоры.