- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- Skype
- Telegram
Асық ату – ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Асық – төрт түлік малдың ішінде қой-ешкінің тілерсегінде, асықты жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Қазақ халқында асық қасиетті саналады. Дүниеге ұл бала келсе, бесігінің басына бөрінің асығын іледі. «Арлан бөрі аш қалса да, иттен қалғанды иіскемейді»,- демекші, нағыз ер азаматқа тән мінезді, бәле-жаладан аулақ, шымыр-қайратты болсын деп ырымдаған. Ал, қыз баласы болса, сұлу, көрікті болып бойжетсін деген ниетпен бесігіне еліктің асығын таққан. Сонымен қатар, бұл ойын баланы жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелейді. Тіпті, сәби дүниеге келмей жатып жас нәрестенің ойнайтын асықтарын жинаған.
Қарға тамырлы қазақ халқы баланы сәби шағынан өмірге баулуда асық ойынының маңыздылығы жоғары екендігін түсінген. Аталған ойынның балаларға берері өте мол. Сол берері мол ұлттық құндылығымызды жаңа заманның балалары дәріптемек түгілі ойнамайтыны қынжылтады. Бұрынғының баласы таңнан қара кешке дейін ауыл-ауылды аралап, асық ойынының қызығына бір қанбайтын. Өзге ауылдың баласын жатсынбай, бір үйдің баласындай тел өсіп, саналары да ерте жетіліп, еңбекке араласушы еді. Ал, қазір көшеде асық ойнап жүрген баланың қарасын көру қиын. Тіптен асықтың не екенін білмейтін, «қаланың баласы» деген атқа ие балалар да бар. Көршінің баласы келесі көршінің баласымен ойнамайтын күнге жеткендейміз. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» деуші едік. Бүгінде бұл мақал «қолында телефоны бар бала, телефоны жоқ баламен ойнамайдымен» орын ауыстыруда. Төрт қабырғаға қамалып, телефонға телмірген балаға қарағанда далада, таза ауада өзге балалармен азан-қазан болып, таласа-тармаса ойнаған, бет-аузын кір басса да ерекше қуанышпен қоржынын қампайтып қайтатын асық ойнайтын бала артығырақ.
Телефонның бала денсаулығына зиян тұстары өте көп. Мәселен, көру жүйесі нашарлайды, жүйкесі, ойлау қабілеті тарылады, айналасына мән беріп қараудан қалады. Ата-бабамыз асық ойнап жүрген балаға әзіл-оспақ есебінде шаруаның емес, ойынның баласына айналып бара жатқанда «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген жолдарды мал төлдеген сәтте шаруаға бет бұру мақсатында айтқан. Дегенмен, ағысы қатты заманда ұлттық ойынымыздан қол үзіп қалмауымыз қажет. «Заманақыр жастары, қосылмас ешбір бастары. Бір-біріне қастыққа, қолтыққа тыққан тастары» – деп һәкім Абай айтқан заман келгендей. Өйткені, қазіргідей тар көшелерде асық ойнап азып жүрген бала жоқ. Күнделікті көз көріп, көңіл қалған көріністер алшы асықтың сақа тиіп құлағанындай әсер қалдырады.
В.ОЙЫЛХАНОВА,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің студенті.