СЕМИНАР-ТРЕНИНГ

1  455 көрілім

«Баланы жастан», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөздердің мағынасы өте терең. Себебі, есейіп кеткен соң баланың теріс мінезін, қалыптасқан қате көзқарасын өзгерту өте қиын. Осы кезде «балаңыздың тәрбиесін бастамас бұрын, өзіңіздің мінез – құлқыңызды, өмірге көзқарасыңызды ой елегінен өткізіп, бақыладыңыз ба?» деген сауал туады. Көздеген мақсатқа жету үшін отбасындағы тәрбие төмендегі міндеттерді шешеді.

– Отбасында баланың өсуіне, денсаулығына қамқорлық жасау, тазалықты қалыптастыру; Еңбексүйгіштікке баулу, тұрмыстағы, үй шаруасындағы еңбекке құлшынысын арттыру, өзіне-өзі қызмет етуге үйрету; Отбасы мүшелерімен тіл табысып, дұрыс қарым-қатынас жасауға, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйрету; Әдебиетке, мәдениетке, өнерге тәрбиелеу.

Бұл міндеттер жүзеге асу үшін бала дүниеге келген күннен бастап отбасында, қоғамдық орындарда, мектепте тәлім-тәрбие беріледі. Балаларымызды имандылыққа тәрбиелеу үшін олардың ар-ұятын, намысын оятып, мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету, адалдық, ізеттілік сияқты қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Баланы үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу – өнегелі тәрбиенің жемісі.

Осындай мақсатта қалалық білім бөліміне қарасты Ж.Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы орта мектепте ата-аналарға арналған психологиялық дағдарыстың және келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардың алдын алу бойынша «Бала алдындағы ата-ананың міндеттері» атты тақырыпта семинар-тренинг өтті.

Аталған шараға қатысқан ата-аналар өздерінің ойларын, пікірлерін жеткізді. Сондай-ақ, жиын барысында қиын кезеңдерде қолдау, дұрыс тәрбие қалыптастыру ата-аналардың жалпы баласының алдындағы міндеті екендігі түсіндірілді.

А.ПИРЖАНОВА,

«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторының психологы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы