Избасарова Шынар Дүйсенқұлқызы – мейірім мен шеберліктің үйлесімін бойына сіңірген, отбасына да, қоғамға да ерекше үлесін қосып келе жатқан алтын қолды ана. Оның өмір жолы – аналық махаббат пен ұрпақ тәрбиесіне арналған, ал қолынан шыққан өнер туындылары ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы болып саналады. Шынар апай өзінің жан жылуын шәкірттеріне, отбасының әрбір мүшесіне арнап, жүрек мейірімін шығармашылықпен ұштастырып жүрген жан.
ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ
Шынар апай төрт баланың қамқор анасы. Отбасындағы екі ұлы мен екі қызына өмірлік бағыт-бағдар беріп, оларға ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, мейірімділік пен еңбекқорлыққа тәрбиелеп келеді. Бұдан бөлек, ол 87 жасқа толған, ауылдың ақсақалы және Құрметті зейнеткер атасы үшін де тірек бола білді. Шынар апай өз атасының қамқоршысы ретінде, оның өмірлік ақылдарын өз балаларына жеткізіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын құнды тәлім беріп отыр.
ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ
2024 жылдың қараша айынан бастап Шынар Дүйсенқұлқызы Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебінде Көркем еңбек пәнінен сабақ беріп келеді. Ұстаздық жолында ол балалардың бойындағы шығармашылық қабілеттерін дамытуға барынша күш салып, оларды ұлттық өнерге деген қызығушылыққа баулуда. Шынар апайдың сабағына қатысқан әрбір оқушы өз қолынан шыққан өнер туындысына қарап, өзіне деген сенімділігін арттырады.
Шынар апайдың тәрбиелеген шәкірттері түрлі қолөнер сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, ұстазының еңбегін ақтап келеді. Бектұрсын Аружан мен Ералы Айша сынды талантты шәкірттері республикалық және облыстық байқауларда жеңіске жетіп, ұстаздарының мақтанышына айналған. Бұл жетістіктер – Шынар апайдың шеберлігі мен шәкірттеріне деген зор ықыласының жемісі.

ҚОЛӨНЕРГЕ БАУЛУДЫҢ ЕРЕКШЕ ӘДІСТЕРІ
Шынар апай оқушыларын тек қана үйреншікті әдістермен шектемей, жаңа заманауи және дәстүрлі қолөнер түрлерін меңгертуде. Ол өз сабағында оқушыларды мынадай ерекше қолөнер техникаларына үйретеді:
Папье маше – қағаз массасынан жасалатын мүсіндер мен сәндік бұйымдарды жасау техникасы. Бұл әдіс арқылы балалар өз қиялдарын іске асырып, қағаздан ғажайып бейнелер жасайды.
Фелтинг – жүннен жасалатын бұйымдар техникасы. Шынар апай шәкірттеріне қазақтың дәстүрлі киіз басу әдісін заманауи фелтинг тәсілімен ұштастырып, ұлттық киізден жасалған бұйымдар жасауды үйретеді.
Кусудама (Кинусайга) – жапондық қолөнер, мата қалдықтарынан картиналар мен сәндік бұйымдар жасаудың ерекше әдісі. Бұл техника бойынша маталар ине қолданылмай, арнайы негізге бекітіледі. Оқушылар мата қалдықтарынан таңғажайып суреттер жасап, олардың әдемілігі мен нәзіктігін ашады.
Ниткография – жіппен сурет салу. Бұл әдіс оқушылардың ұқыптылықтарын, шыдамдылықтарын арттырып, жіптер арқылы картиналар жасауға мүмкіндік береді.
Изонить – жіптермен геометриялық пішіндер тігу өнері. Бұл техника арқылы жасалған суреттер ерекше көркемдігімен және көлемділігімен ерекшеленеді.
Кілемше тоқу – қазақтың дәстүрлі қолөнер түрі. Оқушылар ұлттық ою-өрнекпен өрнектелген кілемшелер мен көрпелерді тоқып, ұлттық мәдениетіміздің тереңдігін сезінеді.
Шынар апайдың сабақтары тек қана қолөнер бұйымдарын жасаумен шектелмейді, ол оқушыларының шығармашылық қабілеттерін ашып, әрбір істі сүйіспеншілікпен орындауға үйретеді. Бұл оның ұстаздық жолындағы ең басты қағидасы.
ҰРПАҚТАН ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСҚАН ӨНЕГЕ
Шынар апайдың қолынан шыққан әрбір бұйымда қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлері көрініс табады. Ол ұлттық өнерді сақтап, оны қазіргі заманғы әдістермен жаңғыртып, болашақ ұрпаққа жеткізуді өз міндеті деп санайды. Оның тәрбиелеген шәкірттері ұлттық құндылықтарға деген құрмет пен шығармашылық қабілеттіліктерін дамытып, өнер жолында үлкен жетістіктерге жетуде.
Шынар апай – өз ісіне адал, шәкірттеріне қамқор ұстаз, ауылдың берекесін сақтап жүрген алтын қолды ана. Оның өмірлік тәжірибесі мен білім беру саласындағы еңбегі көпшілікке үлгі болып, әрбір жасаған ісі ауыл тұрғындарының зор алғысына ие. Шынар апайдың алтын қолдары мен мейірімді жүрегі оның айналасындағы адамдарға жылулық пен шабыт беріп, өзінің ұстаздық жолында көптеген жетістіктерге жеткізуде.
А.ТУРГАНБЕКОВА,
Ескі Сауран ауылдық кітапханасының кітапханашысы.