Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Түркітілдес халықтардың кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ислам – тарихымыздың қайнар көзі» атты іс-шара өтті. Аталмыш іс-шарада арнайы діни кітаптардың көрмесі жасақталып, оқырман назарына ұсынылды.

Кешті жас домбырашы Қанат Ұлағат күмбірлі күймен ашып берді. Іс-шараға Түркістан облыстық Қ.А.Ясауи мешітінің наиб имамы Омар қажы Елеуұлы арнайы келіп, жастарға өмірлік кеңестерін айтып, жастарды кітап оқуға шақырып, ислам тарихымен таныстырып, рухани әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, қалалық ішкі саясат бөлімінің теолог маманы Бахауаддин Нуритдинов, тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек, шахмат жанашыры Алима Пашанова, ақын Әйгерім Жұмабек кеш қонақтары болып, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Тағылымға толы жиынның соңында кітапхана басшысы Мария Жанатқызы іс-шараға қатысқан жандарға алғысын білдіріп, облыстық Қ.А.Ясауи мешітінің наиб имамы Омар қажы Елеуұлына сый-сияпат табыстады.

Іс-шараның мақсаты – жастарға ислам дінінің тарихымыздағы орны мен маңызын түсіндіру, ұлттық мәдениетімізбен сабақтастығын көрсету, жастардың рухани дамуына және олардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын арттыру. Рухани құндылықтарды дәріптеу арқылы жастар арасында имандылық, адамгершілік, білімге ұмтылу сынды исламдық құндылықтарды насихаттау.

Іс-шара барысында студенттер мен оқушыларға ислам дінінің қазақ жеріне таралуы, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге ықпалы туралы мағлұматтар берілді.
Азамат ӘЛІБЕК.