МАЭСТРО ЖӘНЕ «СИҚЫРЛЫ ТАЯҚША» МҰРАГЕРІ

589 көрілім

«Маэстро» сөзі бәрімізге етене таныс. Опера, балет қойылымдарын, оркестр мен ансамбльдердің орындауындағы концерттік бағдарламаларды тамашалағанда, өнер ұжымдарының жетекшілеріне, дирижерлер мен музыкант-композиторларға, жалпы үлкен жетістікке жеткен өнер қайраткерлеріне қошемет көрсеткенде, орнымыздан дүр сілкініп тұрып «Маэстро» деп дауыстап талай қол соққанбыз. Өнер адамдарына көрсетілер құрметтің, сүйіспеншілік пен өнерді мойындаудың жанарға жас үйіріп, толқынысқа бөлейтін көрермен қошеметінің ең үлкені, биік шыңы. Өнер жолына түскен әрбір жанның армандай күтетін жұлдызды сәті.

Мен өмірімде үлкен оркестрді сиқырлы таяқшасының сілтеуімен сілтідей тындырып, музыка әлемінің құпиясына бойлатқан, ақ көйлектің алқымына қара бантик байлап, дирижерлік сюртюгі ашаң денесіне жарасқан осындай «Маэстроны» кездестірдім. Жүріс-тұрысы, сырбаз мінезі, тақуалығы, зиялылығы, өнері, нағыз Маэстро! Ол – Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР еңбегі сіңген Мәдениет қайраткері, жарты ғасырға жуық өнер, білім, мәдениет саласында еңбек еткен бірегей дарын, ұлағатты ұстаз, дәулескер күйші, дирижер, «Яссы» фольклорлы ұлт-аспаптар халықтық ансамблінің негізін қалаушы Асқар Жақыпбеков. Осынау абзал жанды көзіміз көрді. Қасиетті сахна төріндегі теңдессіз өнеріне қуана қол соқтық. Ол кісінің жан-дүниесінің тазалығын, білімінің тереңдігін, туа бітті бекзат болмысын сөз етпей-ақ, өнерге сүйіспеншілігін, ерекше дарын-қабілетін, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан халық қазынасына қосқан қомақты үлесін айтсақ та жеткілікті. Асқар Жақыпбеков басқарған ұлт-аспаптар оркестрінің өнеріне тек Қазақстан жұртшылығы ғана емес,Түркия, Германия, Куба сынды шет елдердің көрермендері де қуана қол соқты. Қазақ өнерінің тау тұлғалары Нұрғиса Тілендиев, Мыңжасар Маңғытаев, Ескендір Хасанғалиевпен үзеңгілесе жүріп, балдай тәтті суы да, өзекті өртейтін уы да қатар жүретін өнердің уығын бірге көтеріп, керегесін бірге керді. Ал, енді, өнерге өзінің өрнекті қолтаңбасымен, сүрлеу-соқпағымен келген, дүниеден өткеніне он жеті жыл болған Асқар аға бүгін менің есіме неге түсті? Міне, бүгінгі мақаламның түйіні де осында. Мына пәни жалғанға небір ұлылар келіп, даналар кетіп жатыр. Бірінің ғұмыры өнерімен, бірінің ғұмыры ұрпағымен жалғасуда. Ал, егерде ұрпағы өнерін де, өмірін де жайқалған гүлдей жалғастырып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Осыдан біршама уақыт бұрын әлеуметтік желі де, айналамыздағы тамыр-таныс, дос-жарандар да «өзіміздің «Яссы» ұлттық-аспаптар ансамблі облыстық байқаудан бас жүлдемен оралыпты» – деп жақсы жаңалығымен гу ете қалды. «Өзіміздің» деп отырғанымыз, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Лиза Төлегенқызы Шамет басқарып отырған Түркістан қалалық Мәдениет үйінің «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі. Бастауында жоғарыда атап өткен өнер майталманы Асқар Жақыпбеков тұрған, арадағы біраз жылғы үзілістен кейін қайта жаңғырған өнер ұжымы Келес ауданында өткен облыстық «Өнер құдіреті – мәңгілік» өнер фестивалі аясында «Ұлы дала әуендері» ұлт-аспаптар ансамбльдері және «Сазды әуен» вокальды-аспаптар ансамбльдері байқауына қатысқан он жеті қала, аудандар арасында бас жүлдені қанжығасына байлапты! Бұған қалай қуанбассыз!

Жаңа құраммен, жаңа репертуармен жұмысын бастаған «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі шығармашылық кеште халық, қазақ және қазіргі заман композиторларының шығармаларын орындап, көрерменді небір өнер туындыларының балбұлағынан сусындатты. «Әлқисса», «Төрткүл түмені», «Тор жорға», «Шахристан», «Ақсауыт» күйлері ансамбльдің репертуарындағы ізденістер жемісі. Қазіргі таңдағы ансамбль құрамын атап өтер болсақ, жетекшісі, домбырашы Ерлан Асқарұлы Жақыпбеков, көркемдік жетекшісі, прима қобызшы Шерали Тұрсынметов, домбырашы Ұлдана Бектемір, қыл қобызшы Зарина Асқар, виоленчелист Нариман Төлебаев, аккордеонист Жохангир Алиханов, жетігенші Индира Кәрібай, флейташы Феруза Нарматова, примашы Бексұлтан Камалиденов, барабаншы Оловуддин Рахмиддинов.

Бірер жыл бұрын Ерлан Асқарұлының Түркістан қаласындағы мәдениет алаңдарының бірінде бір мезгілде мың балапан домбырашының басын қосып, күй тартқызған көрінісін көргенде, сиқырлы дирижер таяқшасын сілтеген өнер майталманы, дара дарын иесі Асқар Жақыпбеков ағамызды елестетіп едім. Дәулескер күйшінің Ерландай ұлы ғана емес, Зарина, Жасмина есімді немерелерінің де қазақтың ұлт аспабын қолдарына ұстап, аталарының өнер жолын жалғастыруы – қанмен берілген тектіліктің белгісі.

P.S. Түркістан руханиятына зор үлес қосқан бірегей дарын иесі 2008 жылы Раббысына қайтты. Ұлт болмысының үлгісіндей перзентінің қазасына бүкіл халық күңіренді. Түркістан қаласы мәдениетінің көшбасшысы Ұлжан Мұстафаева: «Маэстром менің» дегенде, жүрегіміз селт етіп төргі бөлмеге қарап едік. Ақ көйлек, қара фракпен, қолында «сиқырлы таяқшасы» Асқар ағамыз шығып келе жатқандай еді. Ол кісімен құдайы көрші едік. Әлі күнге дейін Жақыпбековтер шаңырағының жанынан өткенімде домбыраның қоңыр үні құлағыма келіп, өнердің тау тұлғасы орындап тұрғандай күй кешемін. Олай болуы заңды да. Өйткені, бұл үйде «Маэстроның сиқырлы таяқшасының» мұрагері тұрады.

Бетті әзірлеген: Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы