ТУРИЗМДІ ДАМЫТУДА БІЗ ЕСКЕРЕТІН МӘСЕЛЕ КӨП

744 көрілім

Әлібек Шоқпаровтың мысалында туризм – тек экономиканың маңызды саласы ғана емес, елдің мәдени имиджі мен халықаралық беделін қалыптастыратын бірегей бағыт. Осы тұрғыда үлкен жұмыс атқарып жатқан елеулі білім ордаларының бірі – киелі шаһардағы Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Бұл оқу орны тек кәсіби кадрларды даярлап қана қоймай, студенттерге әлемдік стандарттарға сай білім мен тәжірибе беруді мақсат етіп келеді. Осы орайда, университет ректоры Әлібек Шоқпаровпен Түркістандағы туризм саласын дамыту туралы әңгімелескен едік. Білім ордасының жаңа қадамы мен ішкі туризмді дамытуға қосатын үлесі туралы сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Әлібек Жұмабекұлы, сіздің жоғары білім беру саласында мол тәжірибеңіз барын білеміз. Жақында Халықаралық туризм және меймандостық университетіне басшылық қызметке келгеніңізге 1 жыл толды. Осы аралықта қол жеткізген нәтижелерді саралап өтсек…

– Иә, жоғары білім беру саласында 20 жылдан астам қызмет етіп келемін. Алғашында өңірлік университетте маман болып, кейін факультет деканы лауазымына көтерілдім. Мемлекеттік қызметім де осы жоғары білім саласында болды. Қазақстанда бүгінде 120-ға жуық университет бар. Соның шамамен 50-ге жуығы туризм саласында кадр даярлайды. Осы университетке қызметке келгенімде оқу жылының ортасы еді. Мен үшін алғашқы туындаған сұрақ «біздің ерекшелігіміз не?» деген сұрақ болды. Туризм, қызмет көрсету салалары аудиторияда оқытумен шектелетін сала емес екені анық. Осыны ескере отырып, ғылыми кеңестің отырысында білім беру бағдарламаларын толығымен дуальды оқыту жүйесіне көшіру туралы ұсыныс тастадым. Шешім нәтижесінде студенттер оқудың 60 пайызын кәсіпорында өткізсе, тек 40 пайызын университетте өткізетін болды. Сондай-ақ, қазір өмір өзгерді, орта өзгерді. Уақыттың жылдамдығына байланысты, оның үстіне туризм саласы елімізде енді дамып жатқан сала болғандықтан, бізде сапалы кадр тапшылығы бар. Сондықтан, еуропалық «hospitality school» секілді қызмет көрсету саласындағы кадрларды даярлайтын мектептердің тәжірибесіне сүйеніп, біз екінші үлкен шешімді қабылдадық. Ол – толығымен триместр жүйесіне көшу. Қазіргі таңда мамандандырылған университеттердің ішінде біздің университет бакалавр дәрежесін 4 жылда емес, 3 жылда беретін жалғыз университет атанды. Бұл шешімге қарсы болған әріптестер де болды. Бірақ менің өмірлік ұстанымым – шешімді қабылдап, жұмысты жалғастыру. Бұдан бөлек барлық 1 курс студенттерін жинап, осы ұсынысымды айттым. Олар бұл ұсыныстан бас тартқан жоқ. Жалпы менің жаңа инновациялық идеяларымды бірінші қолдайтын студенттер. Себебі, мен үшін студент – ең маңызды тұлға. Егер ректор болмаса, университет бола береді. Ал студент болмаса, университет болмайды. Әрбір бастамаға шынайы қолдау білдіретіні үшін студенттерге ризамын. Бұдан соң бізде тағы бір күрделі сұрақ туындады. Университет 5 жыл ішінде халықаралық деңгейде ынтымақтастықты құруға тырысты. Бірақ мен үшін ең маңыздысы – қос дипломды жүйені енгізу. Ол дегеніңіз – біздің студенттерге ешқайда бармай-ақ, шетелдік университеттің дипломын алуға мүмкіндік жасау. Әрине, ең басты мәселе тіл мәселесі болды. Сондықтан мен негізгі 2 білім беру бағдарламасын ағылшын тіліне аударуға ұсыныс жасадым. Қазіргі таңда біз студенттерді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқытамыз. Оның ішінде «Мейрамхана бизнесі» және «жергілікті және халықаралық туризм» атты 2 үлкен бағдарламаны толығымен ағылшын тілінде оқытуды бастадық. Оған үлкен ресурс жұмсалды. Жаз айларында конкурс арқылы біздің университетке «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдірген оқытушылар келді, сонымен қатар, кейбір оқытушыларымыз еңбек демалысы кезінде ағылшын тілін меңгерді. Айта кететін жайт, біз қосымша 7 көптілді топты жасақтадық. Ол жерде де оқыту үш тілде өтті.

Мұның бәрі Қазақстандағы туризм саласына сапалы кадр даярлау мақсатында жасалып отырған жұмыстар. Соның нәтижесінде қазір толығымен кәсіпорындармен жұмыс жасайтын болдық. Бүгінде біздің білімгерлер тәжірибе базасында, яғни, Қазақстандағы халықаралық деңгейде жұмыс істейтін 90 мекемеде тәжірибеден өтуде. Олардың қатарында Rixos, Ramada, St. Regis, Hilton сияқты франшизалар бар.

Мәселен, өткен жаздағы туристік маусымда Rixos Water World Aktau жүйелік отелінде университеттің 178 студенті тәжірибеден өтті.

– Сіз университетте білім беру бағдарламаларын толығымен дуальды оқыту жүйесіне көшіру туралы ұсыныс жасағаныңызды айтқан едіңіз. Бұл жүйенің артықшылықтары қандай және студенттер үшін қандай мүмкіндіктер бар?

– Дуалды оқыту жүйесі алдын ала жұмысқа орналасуға үлкен септігін тигізді. 2024 жылы біздің университет алғашқы 460 студент оқуды аяқтаған болатын. Одан бұрын көктемде бітіруші курс толығымен практикаға барды. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, диплом алмай жатып 104 түлек саладағы кәсіпорындарда қызмет етті. Жаз бойы әрбір бітіруші түлекті сүйемелдеп, жұмыс істеген болатынбыз. Желтоқсан айының ортасында тағы да сараптама жасадық. Бүгінде жоғарыда аталған 460 түлектің 414-і салалық кәсіпорындарда жұмыс істеп жатыр. Бұл жоғары нәтиже. Ал қалған түлектер ішінде кейбіреуі әлеуметтік демалыс алса, қалғандары жоғары білімнен кейінгі магистратурада оқуға ниет білдірді. Өкінішке қарай, қаладағы Ясауи атындағы университетте туризм саласы бойынша магистратура бөлімі ашылмаған. Сондықтан өңірде толық циклды оқытуды қалыптастыру үшін әріптесімізбен сұрақ-тарды пысықтай отырып, былтыр магистратура дәрежесіндегі білім беру бағдарламасына лицензия алдық. Бұл да үлкен жаңалықтардың бірі. Алғашқы қабылдауымызға қараша айында нысаналы 25 грант берілді. Айта кетейін, 25 адамның 17-сі біздің өз түлектеріміз болды. Осылайша, біз былтырдан бастап алғашқы магистранттарды оқытуды бастадық. Тағы бір тоқтала кететін жайт, биыл біз туризм бағыты бойынша докторантура дәрежесін ашуды жоспарлап отырмыз.

– Былтыр білім ордасы алғашқы түлектерін шығарып салу кеші дүркіреп өткенін білеміз. Осындай ауқымды іс-шаралар туризмді дамытуда қаншалықты маңызға ие?

– Университеттің тағы бір миссиясы ғылыми жобалар, оқу үдерісі арқылы ортаға әсер ету ғой. Мысалы, қаламыздағы Ясауи атындағы ХҚТУ-ды алсақ, ол жерде қалыптасқан дәстүр бар. Әрине, 30 жылдан астам тарихы бар қарашаңырақ ретінде ол университеттің орны ерекше. Осында келгенде мен үшін маңызды жобалардың бірі – дәстүр қалыптастыру болды. Алғашқы түлектерді даярлап шыққан соң біз оларды шығарып салу ретінде Конгресс холл кешенінде «IUTH Open Air» атты үлкен концерт өткіздік. Әрине, мәңгілік нәрсе жоқ. Алайда келешекте жыл сайын осындай дәстүрлі кештер өтсе деген идеяны іске асырдық. Ал былтыр күзде университеттің 5 жылдығымен қатар, жаңа студенттерді қабылдау ретінде үлкен фестиваль ұйымдастырдық.

Бұл университеттің жекелеген іс-шарасы емес, жалпы студент жастарға арналған үлкен фестиваль болсын деген оймен ұйымдастырылды. Осындай іс-шара керемет әсер қалдырып, дәстүрге айналса деген арманым болды. Мысалы, біздің есімізде қалған «Алмата – моя первая любовь», «Азия дауысы» атты жобалар секілді Түркістанда да баршаға белгілі үлкен фестивальдер жүзеге асқанын қалаймын.

– Туризм саласы елімізде енді қанат жайып келе жатқан сала. Осы орайда ішкі туризмді дамыту жолдарына, оның ішінде Түркістандағы инфрақұрылым және сервис сапасына тоқталып кетсеңіз…

– Туризм саласында сұрақтар көп. Былтыр облыс деңгейінде туризм мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Ол жұмыс тобын өңір басшысының орынбасары Зұлпыхар Сансызбайұлы басқарды. Сол топтың мүшесі ретінде мен де бір-екі жиынға қатысып, саладағы мәселені талқыладық. Сонымен қатар, былтыр облыстық туризм басқармасы өз алдына бөлек мекеме атанды. Мұндай жақсы жаңалық барлық облыста болып жатқан жоқ. Сондықтан осы салаға қатысты кешенді сұрақтарды шешуге жұмыс істеу керек. Ал біз осындағы бейінді-мамандандырылған университет әрі сарапшылар ордасы ретінде туризмдегі мәселелерді шешуге оң ықпал жасауға әрқашан дайынбыз.

Жалпы айтқанда, туризм – бір бағытта ғана емес, кешенді дамуы керек саланың бірі. Бір нысанды жаңғыртып, нығайтуды «туризм» деп атауға болмайды.

Инфрақұрылымға қарасақ, біздегі логистика мәселесін алуға болады. Мен осы тақырыпты қозғап, әкімшіліктегі әріптестерге бірнеше ұсыныстарымды білдірдім. Айталық, бізде халықаралық деңгейдегі керемет әуежай бар. Алайда, маған келген қонақтар «Әлібек, бізге аэропорттан күтіп алатын көлік жібересің бе? Әйтпесе, Түркістандағы шақырған таксилердің қызмет сапасына көңіліміз толмайды» деген секілді дүниелерді айтады.

Мәселен, қалада Яндекс қосымшасы жұмыс істегенімен, комфорт, комфорт+, бизнес класс санатындағы көліктерді шақыра алмаймыз. Ал бұл жайлылыққа үйренген шетелдік туристерге қиындық тудырады. Алғашқы жылдары Астанада комфорт, комфорт+ дәрежесіндегі такси қызметтері қаладағы тұрғындардың санына байланысты болды. Халық саны 500 мыңнан асса ғана аталған қызмет мүмкіндігі қолжетімді болады деген талап бар екен. Қазіргі таңда Түркістан қаласында 234 мыңнан астам тұрғын барын ескерсек, 500 мың тұрғынға қашан толатынын болжай алмаймыз. Бірақ, біздің туристік дестинация ретінде ерекше мәртебеміз бар ғой? Осы мәртебені басшылыққа алып, Яндекс такси қызметіне хат жолдауымызға болады. Кем дегенде әкімшілік тарапынан 10 шақты әр дәрежедегі бренд көліктерді сатып алып, әуежайдан қонақүйге дейін жеткізу қызметін қалыптастыруға болады.

Себебі, шетелдік туристер ең бірінші комфортты талап етеді. Сондай-ақ, сопылық ілімнің негізін қалаушы Қожа Ахмет Ясауидің бауырлас Түркия елінде де үлкен маңызға ие екені баршаға белгілі. Сол себепті теологиялық, философиялық тұрғыдан бізге өте жақын түрік бауырларымыздың осында келуіне жағдай жасауымыз керек. Кемінде Түркиядан келетін әуе рейстерін көбейту керек. Кезінде цифрландыру министрлігі кейбір талаптарды күшейтті. Мысалы, сіз кез келген нысанға кіргенде, тіпті әуежайдың өзінде Wi-Fi-ға қосылу үшін верификация сұралады. Ал шетел азаматтары нөмір не роумингі жоқ болған соң интернетке қол жеткізе алмай жатады. Әлемдегі үлкен әуежайларда, атап айтсақ, Стамбұлдағы «Ататүрік» атындағы әуежайда төлқұжатыңызды сканерге жақындатсаңыз, сіз автоматты түрде Wi-Fi-ға қосыла аласыз. Осындай үлгілерді бізде де жасауға болады деп ойлаймын. Инфрақұрылым, логистика, қолжетімді интернет – осының бәрі туризм. Туризм – тиісті жерді безендіріп, тиісті жерге жол салып, қажетті нысандарды көрсетумен шектелмейді. Осындай сұрақтардың шешімін табуға атсалысуға дайынбыз. Өйткені, өзіміз де гид-экскурсовод мамандарын оқытамыз ғой. Сондай-ақ, былтыр университет туристік полицияларды оқытты. Шетелдік психологияда туристер қандай да бір сұрақ туындаса, полицияға жүгінеді. Себебі, шетелдік полициялар туристерге өз құзырына кірмейтін сұрақтарға да жауап бере алады. Ал бізде басқаша ғой…

Ендігі бір мәселе – өңірдегі туристік нысандарды толық қамтитын тұжырымдамалық ақпарат керек. Неге десеңіз, мен айналамыздағы көпшілік жиі баратын барлық туристік нысандарды аралап шыққан едім. Сондай күннің бірінде Укаша ата нысанын аралап жүріп, 2 үлкен автобус пен 100-ге жуық туристі кездестірдім. Олардың арасында еліміздің әр жерінен жиналған саяхатшылармен қатар, Ресейден келген азаматтар да болды.

Бір қызығы, Укаша ата мазарының айналасына 1949 жылы сол жердегі алғашқы шырақшы қоршау жасаған. Ал Астанадан келген гидтің әңгімесі бойынша бұл қаланған тастар шабылған бастан тамшылаған қанның ізі екен. Кейін гидті шақырып, қабір жанында тұрған үлкен тақтатастағы жазуды көрсеттім. Осындай теріс ақпараттардан соң жалған деректер пайда болады. Менің көтерген тағы бір мәселем осы болды. Түркістан өңіріндегі әрбір тарихи нысанға ақпараттық нұсқаулық жасау керек деп ойлаймын.

– Елімізде креативті индустрияны дамытудың алғышарттары жасалуда. Осы бағытта қандай іргелі идеялар мен жаңа жобаларды жүзеге асыруға болады деп ойлайсыз? Халықаралық туризм және меймандостық университетінде осы салаға байланысты жақсы жобалар бар ма?

– Иә, өңірде креативті индустрияны дамыту үшін үлкен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру керек. Бұл бойынша бізде де жоба бар. Қазіргі таңда Қазақстанда инвесторларға арналған туристік атлас жоқ. Оны мен өзім ойлап тапқан жоқпын, әрине. Айталық, Канадада жер қойнауын пайдаланушыларға арналған платформа жасалды. Сіз ол платформаға кіріп, қай жерде қандай нысан бар екенін анықтап, оның сипаттамасы мен статистикасын біле аласыз. Сондай-ақ, бұл нысанды инвестор ретінде алам десеңіз, сізге заңды түрде қандай талаптар қойылатынын да анықтауға болады. Меніңше, бізге де өңірдегі инвестор қажет ететін нысандарға осындай платформа құруға болады. Бүгінде университеттегі әріптестерім осы жобаны қолға алуда. Бұл ой маған қалай келді? Ордабасы ауданында 1958 жылдан бастап дәстүрлі түрде көкпар өтеді екен. Тіпті Кеңес одағының кезінде де билік бұл ойынға тыйым сала алмаған. Көкпар өтетін кезде онда қа-тысушылар мен көрермендерді қосқанда бірнеше мың адам жиналады. Бірақ әлі күнге дейін тама-шалауға арналған алаң, мотель, визит орталық жоқ. Әзірге жергілікті тұрғындар тамақтану орындарын өз талпыныстарымен ұйымдастыруға тырысады.

Салыстыратын болсақ, қыруар қаржы төлеп туристер Испанияның корридасын қарауға, бұқалардың көшеде жүгіргенін көруге барып жатыр ғой. Қазіргі таңда көшпенділер мәдениеті үлкен трендке айналып келеді. Егер біз ол жерге инвестор шақырып, арнайы үлкен тамашалау алаңы мен тамақтану кешенін салып, бірнеше күн өтетін мерекеге айналдырсақ, туристерге қызық болар еді.

Осындай нысандар өте көп. Мысалы, Түркістанға жақын маңда Қарнақ елдімекені бар. Бұхар хандығының кезінде 6 медресенің 4-еуі осы Қарнақта болған. Бір медресенің бір бөлігі әлі күнге дейін сақталғанын көріп қайттым. Осы медреседе білім алғандардың арасында Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп сияқты үлкен тұлғалар бар. Бірақ медресе тұрған жерде орталық көше мен шағын дүкен орналасқан екен. Былайша айтқанда медресе көзге көрінбейтін жерде тұр. Бұдан бөлек, Қарнақта Әмір Темірдің бұйрығымен 10га жерде тайқазан құйылғанын білеміз. Қазір қарасаңыз XIII ғасырда, домна пеші жоқ заманда 7 қоспадан қазан құю – үлкен инженерлік жетістік. Тайқазанды көрсеңіз, барлық жазулары мен өрнектері өте анық көрінеді. Бірақ, қоспаны вибрация арқылы барлық жерге тегіс құю оңай емес. Оған қалай қол жеткізді? Аңыз бойынша қорытпаны құйып жатқанда айналдыра 2 мың ат шаптырып отырған. Себебі, жердің сілкініп, дірілдегенінен қалыптағы бөліктер сапалы құйылған деседі. Бұл аңыз әрине. Алайда осы нысанды жаңғыртып, аңызды дұрыс жеткізе алсақ, туристердің ағыны көбейер еді.

Қазіргі таңда университетімізде студенттердің ортасы көп. Еліміздің барлық өңірінен білім алушылар бар. Оның үстіне оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында да инвестициялық жобаларды қолға алып жатырмыз. Мен осы оқу ордасына басшылыққа келгенде жарлықта жалға беру құқығы болмады. Алғашқы жұмысым осыдан басталды. Мен үшін жалға беру емес, бизнестегі принциптер маңызды. Бизнесте «вин-вин» (win-win) термині бар ғой. Яғни, екі тарап үшін де пайдалы, тиімді жағдай болуы шарт. Мен инвесторға «егер біз сіздің пайдаңызды көрмесек, онда жұмыс істемей-ақ қояйық, себебі сіздің пайдаңыз бізге де жақсы әсер етеді» дедім. Нәтижесінде инвестор арқылы кампуста 17 маман жұмыс жасайтын алғашқы медициналық орталық ашылды. Бүгінде біздің оқытушылар мен білімгерлер сол жерден сапалы қызмет алып жатыр. Осылайша, университет қазынасынан бір тиын шығынсыз медициналық орталық ашылды, ал медициналық қызметке арналған дербес төлемдердің барлығы аталған орталықтың пайдасына жұмыс жасап жатыр. Екінші жоба – бұрын жәй ғана асхана болған орын бүгінде әріптестер мен студенттерге барлық жағынан ыңғайлы нысанға айналды. Бұл да инвестор арқылы іске асқан жобамыз болатын. Енді іске асыратын жобамыздың бірі – университет жанынан мейрамхана ашу. Бұл жоба да инвестор арқылы іске асса, оны өзіміздің «hospitality school – қонақжайлық мектебіне» басқаруға беруді ұйғарып отырмыз.

– Туристік іс-шаралардың маркетингі туралы әңгіме өрбітсек, әлемдік тәжірибеде оң нәтиже берген идеяларды Түркістанда жүзеге асыру үшін қандай қадамдар жасалуы керек?

– Баршаға мәлім, былтыр Түркістан – түркі мемлекеттерінің туристік астанасы болды. Бірақ Түркістанда ірі іс-шаралар көп ұйымдастырылды деп айта алмаймыз. Мәселе осында ғой. Кейбір кезде көшеден шетелдік туристерді кездестіріп, солармен әңгімелесетін сәттер болады. Сондай бір күні қытайлық азаматтарға кездесіп қалдым. Оларға Күлтөбені көрсетіп, аралауға кеңес бердім.

Күлтөбе – тарих санатынан толыққанды лайық бағасын алмаған нысан деп ойлаймын. Ертеде цитадель аумағында болған осы аймақ Қытайдағы «Терракот әскерінен» артық болмаса, кем емес.

Тағы бір оқиғамен бөлісейін. Еуропада діни ғимараттар ортағасырдан бері сақталады ғой. Еуропалықтар соның құндылығын бағаламайтын жағдайлар жиі кездеседі. Бірде еуропалықтармен әңгіме барысында Ясауи кесенесін көрсеттім. Олардың ойынша,  Ясауи кесенесі – мешіт қызметін атқарған ғимарат. Содан соң бұл кесененің рухани маңызын шетелдіктерге қалай түсіндіруді ойландым. Сөйтіп оларға «бұл кесене салынды, ал Америка бұл кесене салынғаннан кейін 100 жылдан соң ашылды» деп түсіндірдім. Кейде осындай қызық оқиғалар орын алып тұрады…

Жалпы айтқанда, туристік дестинацияны дамыту үшін ол аймақта түрлі нысандарды салумен ғана шектелмеу керек. Ол жерде үнемі іс-шара өтуі тиіс. Әлемдік тәжірибеден екі мысал келтірейін. Ең қызығы, Индонезияда барлық бизнес орындар, барлық мемлекеттік деңгейдегі ресми кездесулер Джакартада емес, Балиде өтеді. Олар үшін барлық келген қонақтарды Балиге апару керек, себебі ол жер экономикаға ерекше әсер ететін туристік орталық саналады.

Енді екінші мысалға тоқталайық. Былтыр Сингапур не істеді? Дүниежүзіне танымал, ерекше феномен Тейлор Свифтпен келісімшартқа қол қойып, әйгілі әнші 2024 жылы Сингапурда 6 концерт берді. Оның әрбір эксклюзивті кешіне Сингапур үкіметі 3 млн. доллар төлеген. Ал концертке келген туристерден аталған шығыннан 10 есе артық табыс түскен. Келісімшарттың бір ерекшелігі – Тейлор Свифт оңтүстік-шығыс Азия бойынша Сингапурдан басқа жерде концерт бере алмайтын болды. Түркістанда да осы секілді ауқымды іс-шаралар болу керек. Кезінде көне Рим дәуірінен қалған «хлеба и зрелищ» деген сөз бар. Адамға не керек? Оған ауқаттанып алса және қызық бір дүние болса жеткілікті. Сондықтан, қызықты дүниелер осы жерде де жасалуы тиіс. Мәселен, былтыр жазда Оңтүстік Кореяның президенті елімізге іссапармен келді. Екінші күні Кореяның ең мықты бизнесмендері қатысып, инвестициялық жобаларды қарастырған бизнес форум өтті. Бірақ оның бәрі Астана қаласында өтті. Кейін сол делегация Өзбекстанға кетті. Ол жақтың жаңалығын қарасақ, президенттер Ташкентте кездесіп, бизнес форум Самарқандта өтті. Менің ойымша, республикалық күнтізбедегі маңызды жиындарды өңірлерге бөлуге болады. Бұл жерде тағы екінші сұрақ туындайды. Осындай жиындарды өткізейін десек, бізде логистика жоқ. Мысалы, былтыр Әзірбайжаннан келетін қонақ Түркістанға жету үшін Бакуден Ақтауға, Ақтаудан Алматыға, Алматыдан Түркістанға ұшып келді. Сол қонағымыз «Түркістанға келмей жатып шаршап кеттім» деген еді. Осындай сұрақтар көп. Мұның бәрін кешенді түрде қарастыруымыз керек.

Студенттерге де үнемі өз тәжірибемді бөлісіп жүремін. Өзім 38 жасымда ағылшын тілін меңгере бастадым. Кейін «Болашақ» бағдарламасы арқылы оңтүстік Калифорния университетіне оқуға түсіп, 2021 жылы әлемдегі топ-100 оқу орынның қатарына кіретін университетті тәмамдадым. Америкалық жоғары білімнен кейінгі жүйе өте күрделі болды. Аптасына көп тапсырма жүктелетін. Бір ерекшелігі – кампуста тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар болды. Кейде таңға дейін кітапханада отырып «Әлібек, 40 жасыңда қайта партаға отырып не көрінді?» деп өзімді аяйтын кездер де болды. Оқуды тәмамдап елге оралған соң «ел дамуына қандай үлес қоса аламын» деген оймен жұмыстарды жалғастырып келеміз. Мен үшін біреуге сын айту мақсат емес. Маңыздысы – білгеніңмен бөлісіп, үлесіңді қосу деп ойлаймын. Мәселен, бір жаңалықты екі адам екі түрлі түсінуі мүмкін. 2023 жылдың қазан айында бір мақала оқыдым. Бір ағылшын паблигінде «Қытайда азаматтарға спорттық атуға тыйым салынған. Енді онымен тек кәсіби спортшылар айналысады» деген мақала шықты. Әрине, қытайлықтар бұл спортты өте жақсы көреді. Менің ойымша, бұл бизнес үшін тамаша идея. Маған Қытайға барып, спорттық атуға арналған құралдарды Қазақстанға алып келу керек деген ой келді. Былтыр бізге 211 мың қытай келген. Яғни, осы жерден аталған орталықтар ашылса, қытайлықтар ұнататын спортпен айналысу үшін келетін болады. Маңғыстауға арабтардың бүркітпен аң аулауға келетіні секілді, олар да біздің өңірге келер еді…

– Биылғы жыл бірегей білім ордасы үшін елеулі жетістіктерге толы болады деп сенеміз. Университет имиджін көтеру бағытында бірқатар бастамалар бар шығар?

– Иә, биыл Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің және Туризм министрлігінің қолдауымен ЖОО-лардың арасындағы ХІІІ жазғы универсиада Түркістан қаласында, дәлірек айтсақ, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында өтеді. Оған 19 спорт түрінен ең үздік спортшылар қатысып, додаларда бақ сынайды. Өзім арнайы екі министрдің алдынан өтіп, басқа өңірлерге қарағанда Түркістандағы спорттық кешендердің сапасы мен озықтығы жоғары деңгейде екенін атадым. Әрине, оған дейін күні кеше ғана ашылған Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінен бастап, қаладағы барлық спорт нысандары мен спорт мектептерін аралап шыққан болатынмын. Бір қуантарлығы, алдағы универсиадада әкімшілік тарапынан осы нысандарды қамтуға қолдау жасалатын болды. Бұл қолдауға да үлкен алғыс білдіреміз. Айта кетейін, ертең аталған бірегей жарысқа қатысушылар тек университеттің ғана емес, Түркістан қаласының қонағы болады. Осы орайда әкімшілікке келушілерге арналған керемет экскурсиялар ұйымдастырып, өңірдің рухани-тарихи байлығын таныстыру жөнінде ұсыныс жасадық. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қазіргі таңда әріптестерімізбен көптеген жұмыстарды бірлесе атқарып келеміз. Әсіресе, әлеуметке әсер ететін іс-шаралардың ұйытқысы болуға тырысамыз.

– Әлібек мырза, әңгімеңізге көп рақмет! Барлық бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан: Дәурен ТІЛЕУХАН.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Жоғары

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы