«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабы Леңгір қаласындағы «Достық» базарында болып, кәсіпкерлермен, сауда қызметкерлерімен және келушілермен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған басымдықтар кеңінен таныстырылды.
Партия өкілдері шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және өңірлердің тұрақты дамуының басты тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру, отандық өндірушілерді қорғау және салықтық саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында облыстық партия филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев кәсіпкерліктің ел экономикасындағы орнына ерекше тоқталды. «- Мемлекет кәсіпкерге күмәнмен емес, сеніммен қарайтын кез келді. Кәсіпкер күн сайын тәуекелге барып, жұмыс орнын сақтап, салық төлеп, халықты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан оның уақытын тексерумен емес, ісін дамытуға жағдай жасаумен бағалауымыз қажет. Әділетті экономика – адал еңбек еткен адамның жолын ашатын экономика. Біз шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, өңірлердің экономикалық қуатын арттыруды көздейміз. Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі ең алдымен кәсіпкердің еркіндігі мен еңбегінің қорғалуынан басталады», – деді Нұрлан Толыбаев.
Штаб мүшелері партияның сауда саясаты бойынша белгілеген міндеттері ең алдымен қазақстандық өндірушіні қолдауға бағытталғанын айтты. Бағдарлама аясында жергілікті кәсіпкерлердің өнімін сауда желілерінің сөрелеріне шығаруға қолдау көрсетіліп, «Қазақстанда жасалған» бірыңғай сапа бренді қалыптастырылады. Сонымен қатар электрондық сауда мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қазақстандық өнімнің шетел нарығына шығуына жаңа жолдар ашылатыны түсіндірілді. Осы мәселелер бойынша кәсіби пікірлерін Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрсадық Ергешбек, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, кәсіпкер Шыңғыс Шүменов, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров білдірді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпкерлер сауда саласын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, қаржыландыруға қолжетімділік, салықтық жүктеме және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Штаб мүшелері барлық ұсыныстар партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында ескерілетінін жеткізді. Базар кәсіпкерлері мен келушілер «Әділет» партиясының кәсіпкерлікті дамытуға, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге және еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы сайлау науқанында іргелі өзгерістер үшін дауыс беретіндерін жеткізді.
