«ЕКІ ЖҰЛДЫЗДЫҢ» ЖҰЛДЫЗДАРЫ

698 көрілім

Мақаламызды бастамас бұрын елімізде «Екі жұлдыз» байқауының басталу тарихына аздаған шолу жасап өтсек. Бұл музыкалық конкурс Қазақстанда қашан, қалай басталып еді? Неден бастау алды? Ондағы мақсат не? Аға ұрпақ өкілдерінің, сол кездегі жалпы көпшіліктің есінде болар, шамамен осыдан он бес-он алты жыл бұрын, нақтылай түскенде, 2009 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасында аталмыш жаңа жоба бастау алды. Оның ережесі бойынша еліміздің шоу-бизнесінде, саясатта, бизнес саласында, кино және телевидениеде, жалпы өнер әлемінде танымал қайраткерлер , бірі кәсіби өнер иесі, бірі өзге мамандықтың өкілі жұптасып, сахна төрінде сайысқа түсетін. 2009 жылғы қыркүйек айы мен желтоқсан аралығында өткен ауқымды өнер байқауында елімізге есімі белгілі өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер, бір сөзбен айтқанда, осы жобаға қызығушылық білдірген түрлі мамандық иелері жұптасып, ең таңдаулы «Екі жұлдыз» атану үшін сайыс көрігін қыздырып, оған қазақстандық жанкүйерлер құлшына қол соққан болатын. Сол тұста «ең қатал» депутат атанған Ғани Қасымовтың, халықтың сүйіктісі, атақты тележүргізуші Нұртілеу Иманғалиұлының маңдайлары шып-шып терлеп, жан тәнімен өнер көрсеткендері әлі есімізде. Ең бастысы, Ресейден 2006 жылы «Две звезды» атауымен басталып, Қазақстанда жалғасын тапқан тележоба өміршең болып шықты.

Қасиетті өнерді дәріптейтін, адамдар жүрегіне шуағын төгіп, өмірге құлшыныс беретін музыкалық байқау аймақтық, өлкелік, ұжымдық сипат алып, кез келген мекемеде өткізіле беретін өнер мерекесіне айналды. «Өнерде жоқ шекара» – деген осы. Өнер ұлтқа да, ұлысқа да бөлінбейді. Сондықтан бұл жоба халық арасында әлі күнге дейін түрлі деңгейде жалғасын тауып келеді. Таяу күндері Түркістан қаласындағы Бекзат мөлтек ауданында орналасқан №1 «Белсенді ұзақ өмір» орталығында іскер басшы Гүлжамал Келдембайқызы Даханова басқарып отырған «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығының» ұйытқы болуымен өткен «Екі жұлдыз» байқауы осыған дәлел. Көтеріңкі көңіл-күймен, ашық- жарқын жағдайда, асқан ұйымшылдықпен өткен игілікті іс-шараны өткізу жөнінде бастама көтеріп жүрген Әсел Жүзбайқызы Жаңабекова басқаратын №1 филиал орталығының ұйымшыл ұжымы. Байқауды өткізудегі мақсат – «Белсенді ұзақ өмір» және «Тең қоғам» бөлімшелерінің қызметкерлері мен қызмет алушылар арасында жақсы қарым-қатынас орнату, шығармашылық және кәсіби қабілеттерін анықтау, жұртшылыққа паш ету, киелі өнерді насихаттау. Сондай-ақ, мұндай шара көпшілік адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты, ынтымақтастықты арттыра түсетіні даусыз. Музыкалық конкурсқа қаладағы бірінші, екінші және үшінші «Белсенді ұзақ өмір» орталықтарынан, «Тең қоғам» бөлімшесінен он екі жұп қатысып, ережеде бекітілген екі кезең бойынша өнерлерін ортаға салды. «Менің орталығым – менің мақтанышым» атты бірінші кезеңде қатысушылар бейнебаян арқылы белсенді ұзақ өмір орталығының салауатты өмір салтын баяндап, өздерін таныстырды. Олардың талғаммен таңдалған киім үлгілерінен, өзін-өзі таныстыру мәтінінен, сахнада өздерін ұстау мәдениетінен тыңғылықты, тиянақты дайындықты аңғардық. Байқаудың екінші кезеңінде сексеннің сеңгіріне, жетпістің жотасына шыққан, өмірден көрген-түйгендері мол, ұлттық өнердің жеті атасын меңгерген, келін түсіріп, қыз ұзатып, немере-шөбере әлдилеп отырған апа-әжелеріміз бен қажыр- қайратпен, жастық жалынмен жігерленген, өз ісіне шынайы берілген орталық қызметкерлері жұптасып, құйқылжыта ән салды. Мың бұрала билеп, домбыра шанағынан күмбірлеген күй төгілтті. Көркем сөз оқып, арқалы ақындарымыздың өлеңмен қалдырған аманаттарын елге паш етті. Тағы бір рет «Ел іші – өнер кеніші» екендігінің куәсі болдық. Бірінен бірі өткен өнерлі жұпқа баға беріп, жеңімпаздарды анықтау қазылар алқасына да оңайға түспегені мәлім. Осы орайда осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2021 жылдың желтоқсан айында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шешімімен «Аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту» жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарына сәйкес өңір-өңірлерде осындай орталықтардың ашылып жұмыс істей бастағаны белгілі. Ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту, оның ішінде жүйелі бос уақытты ұйымдастыру, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту, осы саладағы басты бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда Түркістан қаласында аға буын ұрпақтың өмірін жақсартуға арналған үш орталық және «Тең қоғам» бөлімшесі жұмыс істейді.

Мұндағы қызмет әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-демалыс сияқты жеті бағытта жүргізіледі. Күніне орталықта, шамамен 60-70 зейнеткер тиісті қызмет алады. Бір айда 120-150 адам қызметпен қамтылады.

– Бұл аға буын азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған жоба. Осы жоба аясында көптеген ата-апаларымыз денсаулықтарын жақсартып жатыр. Себебі, ауруханаға барса, 10-15 күндік ем-дом жасалады. Бұл жерде алты айға дейін келіп, іс-қимыл әрекеттерін, түрлі жаттығулар жасайды. Ең қажеттісі, бұл іс-әрекеттер, әніміз, биіміз адамның көңіл-күйін көтереді. Құрдастарымен араласады, әңгімелеседі. Соның барлығы денсаулыққа үлкен әсер береді. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шара әлеуметтік-демалыс бағытының бір көрінісі, – дейді Гүлжамал Келдембайқызы.

Орталық басшысы айтса айтқандай, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының мүшелері бүкіл байқау барысында белсенділік, ұйымшылдық танытып, айналасын думанға бөлеп отырды. Сайысқа қатысушылардың ұлттық өнерімізге, терме-жырларға, халық әндеріне ден қоюы да көңілден шығып жатты. Жастық жалынмен рэтро әндер де, заманауи билер де орындалды. Тартысты өткен байқау қорытындысында жеңімпаздар анықталды. Түркістан қаласының құрметті азаматтары, әйелдер, аналар алқаларының төрайымдары қазылар алқасының мүшелері Айғаным Серім, Ұлжалғас Мұстафаева, осы жолдардың авторы Роза Нарымбетовалардың шешімімен бас жүлде Тұрсынбай Ақбота мен Асия Аширалиеваға табыс етілді. Бірінші орынды Момбекова Шапағат пен Ұлжан Байболова, екінші орынды Тілеубаев Еркін мен Назарқұл Құралай, үшінші орынды Қасым Таңшолпан мен Бердалиева Ақбота иемденді. «Екі жұлдыз» байқауына қатысқан талапкерлердің бәрі де атақ пен сыйлықтарға ие болды.

Атап айтқанда, он екі жұп талапкерлердің ортасындағы жалғыз ер-азаматтар жұбы Альжанов Адилбек пен Найманбай Олжас «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. Екі ер азаматтың хор қызындай үлбіреп, қазақи келбеттегі арулар мен апаларының алдында «Он алты қыз» халық әнін нақышына келтіре орындап, суырып салған өлеңдері жанкүйерлердің жанын жадыратты. Сондай-ақ Айымбетова Күлгін, Туртбаева Гүлназ «Ең көңілді жұп», Оспанова Райхан, Спабекова Гаухар «Ең лирикалық жұп», Адилбекова Шакира, Көккезова Қаракөзайым «Ең үздік жұп», «Маханова Күлайхан, Сыздықова Гүлсім «Ең үздік дауыс» номинацияларын еншілеп, көпшіліктің қошемет-құрметіне бөленді. «Екі жұлдыз» байқауынан ұтқанымыз әрі ұққанымыз, «өнер» атты құдірет салиқалы әженің де, желекті жеңге, ибалы келіннің де, аялы ару, қыран жүрек азаматтың да жүрегіне нұр құйып, рухани мерекеге кенелтті. Осындай іс-шараны қыздың жиған жүгіндей жинақы, жақсы ұйымдастырған «Белсенді ұзақ өмір» орталығының №1 филиалының алдағы уақытта да талай игілікті істерге ұйытқы болары сөзсіз.

Марапат құтты болсын, «Екі жұлдыздың» жұлдыздары!

Роза Нарымбетова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы