Түркістанда ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен және шахмат федерациясының ұйымдастыруымен ірі турнирдің алғашқы іріктеу сайысы өтті.

Турнирдің ашылуына Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек арнайы қатысты.

- Шахмат ақылдылар ойыны. Өзім осы Түркістан облысынан сайланған депутат болғандықтан бүгін арнайы ашылу турниріне келдім. Өздеріңіз білесіздер, ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен шахмат турнирі биыл екінші рет өтуде. Әрі қарай да жалғасын табады деген үміттеміз – дейді, Мұрат Қадырбек.
Айта кетейік, бұл турнир сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың тікелей қолдауымен биыл екінші рет жалғасын табуда. Онда мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері жартылай финалға өту үшін бақ сынасады. Турнир 9 турда швейцариялық жүйе бойынша 10+5 уақыт бақылауымен өтті.
Аталған кезеңде 120 адам тіркеліп, оның 105 қатысушысы өз бақтарын сынады. Олардың ішінде 35 қатысушы бүгін іріктеліп, шілдеде өтетін жартылай финалға жолдама алады. Ал финал 29 тамызда Астанада ұйымдастырылмақ.
