ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫСЫ

430 көрілім

Шығармалары әлемнің отыз тіліне аударылған, «Көшпенділер» трилогиясының өзі 30 жылда 50 рет басылып, тиражы үш миллион данаға жеткен, осы тарихи шығарманың желісімен халқымыздың тереңде жатқан талайлы тағдырынан сыр шертетін кинофильм түсірілген, жазушылық ғұмырында он жеті роман жазып, қазақ әдебиеті тарихының шыңына шыққан көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлиннің биыл 110 жылдық мерейтойы атап өтілуде.

Әлем халықтарының талай тіліне аударылған теңдесі жоқ құнды шығармаларын оқырман қауым іздеп жүріп оқитын қаламгердің мәңгілік өмірі рухани мұрасы арқылы жалғасуда. Түркістан қаласындағы №24 Мұстафа Шоқай атындағы жалпы білім беретін орта мектепте Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Заманымыздың заңғар жазушысы» деген тақырыпта өткен еске алу кешіне қатысқан көпшілік қарымды қаламгердің шығармашылығы туралы жан-жақты әңгімелеп қана қоймай, мағыналы іс-шаралардың тәлімдік-тәрбиелік мәніне де тоқталды. Кеште арнайы жасақталған кітап көрмесі таныстырылып, І.Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығы туралы бейнебаян көпшілік назарына ұсынылды. Кешті аталмыш мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жазира Үсенбаева сөз сөйлеп ашып, жазушы өмірінің қыр-сырына қысқаша тоқталып өтті. Ұлы жазушыны еске алу кешінде аталған білім ордасының тарих пәнінің мұғалімі Айгүл Манқараева тартымды баяндама жасап, қаламгер шығармашылығынан тың деректер келтірді.

Кешке қатысқан құрметті қонақтар, ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Баян Адырбек, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Несібелі Өтебаева, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «БАҚ және қоғаммен байланыс» бөлімінің басшысы Ақтөре Қайрат қатысып, І.Есенберлин шығармасының қазақ халқының тарихын қалыптастыруда алатын орны, терең ой, деректі мәліметтерге құрылған шығармаларының тың ақпараттарымен ой бөлісті.

«Кеңес Одағы билік құрған дәуірде ұлтымыздың рухын көтеретін тарихи роман жазған алғашқы жазушылардың бірегейі, «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Мұхиттан өткен қайық», «Көшпенділер», «Алтын орда» трилогиялары қазақ әдебиетіне жаңа серпін әкелген, оқырмандар сүйіспеншілігіне бөленген шығармалар. Басқасын былай қойғанда, «Көшпенділер» трилогиясының орыс тіліндегі М.Симашко аударған тәржімасы 12 рет басылып, жалпы тиражы 1,5 миллионнан асқан. Осы бір ғана мысалдан Ілияс Есенберлин шығармаларының құндылығын айқын аңғарамыз», – деді тарихшы Баян Садыққызы.

Ілияс Есенберлин 1940 жылы тау-кен институтын бітіріп, Жезқазғанға жұмыс істеді. Сол жақтан әскерге алынады. 1942 жылы ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралады. Соғыс жылдарында Мәскеуден Мосфильм, Үлкен театр, т.б. ірі өнер ошақтары Алматыға көшіріледі. 1943 жылы атақты балерина Галина Уланованың опера театрындағы қойылымына барғанда болашақ жары Диларамен танысады. Дилара – кезінде Қазақстанның Әділет комиссары болып атылған Хамза Жүсіпбековтің қызы екен. Ол С.Сейфуллинмен ауылдас, Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романын қазақ тіліне аударған білімді қазақ азаматы болған. Дилара Ілиясқа бірден «халық жауының» қызы екенін ескертеді. 1944 жылы олар үйленеді. Соғыс аяқталған соң І.Есенберлин АЛЖИР-ден енесін бостандыққа шығарады. Осы ісі үшін партиядан шығарылып, жұмыстан босатылып, 10 жылға сотталып, Түрікменстандағы Қарақұм каналын салуға жіберіледі. Онда күн өте ыстық, жұмыс ауыр, тұтқындар бір жылға ғана шыдайды. І.Есенберлин тау-кен инженері болғандықтан көзге түсіп, кеңсе жұмысына ауыстырылады. 1953 ж. Сталин қайтыс болған соң ақталып, елге оралады. «Жазушы» баспасының директоры, ҚазКСР Жазушылар одағының екінші хатшысы қызметтерін атқарады. 1975 жылдан бастап шығармашы-лықпен тікелей айналысты.

Осы орайда тағылымды, ғибраты мол кештің өтуіне, кейінгі толқын жас ұрпақтың зерде-зейінін ашып, І. Есенберлиндей қасиетті қалам иесінің өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беріп, кітап әлемінің ғажайып сырларынан сусындатуға мүмкіндік туғызып отырған, өткен жылдың қазан айында «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының екінші қабатына орналасып, киелі Түркістанға табан тіреген Ы.Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының ұжымының өнегелі ісін атап өткен ләзім. Іргетасы осыдан 64 жыл бұрын қаланып, 49 жыл бұрын ағартушы-ғалым Ы. Алтынсарин есімін иеленген кітапхана жұмысы жан-жақты, сан-салалы.

Кітапхана қызметінің негізгі бағыты заманауи, көпфункционалды, ақпараттық-интеллект орталығы ретінде даму арқылы ыңғайлы форматта, барынша қолжетімді, ауқымды қызмет ұйымдастыру. Жеке тұлғаның үйлесімді дамуына ықпал ету, жастарды ұлттық және әлемдік құндылықтарға баулу, талғампаз оқырман қалыптастыру болса, қарымды қаламгерді еске алуға арналған кеште осы мақсаттарға қол жеткендігін пайымдадық. Мектеп оқушыларының жазушы шығармаларынан оқыған үзінділері, ұлттық аспабымыз домбыра сазымен орындаған халқымыздың әндері көпшілік көңілінен шықты. Кеш соңында шығармашылық еске алу кешіне тайлы-таяғы қалмай тыңғылықты әзірлік жүргізген, белсенді атсалысқан мектеп басшылығы, ұстаздар мен оқушылар Ы.Алтынсармн атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Рысбек Летаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды.

Сөз соңында оқырманға тағы бір мәлімет. Бүгінгі таңда Түркістан облысы бойынша 20 балалар кітапханасы жұмыс істейді. Соның ішінде, Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхана кітаппен және ақпаратпен қамтамасыз ететін аудандық балалар кітапханаларының әдістемелік орталығы болып табылады. Қазіргі таңдағы кітап қоры – 235 668 дана. Бұлар балаларға арналған дүниежүзілік үздік әдебиеттер, осы заманғы балалар көркем әдебиеті (отандық және шетелдік), оқу процесіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, мерзімдік басылымдар, аудио және бейнематериалдар, электрондық басылымдар бар. Демек, кітапқұмар балаларымызға барлық жағдай жасалған. Халқымыздың өткені мен кеткенін тарихи трилогияларында суреттеп жазып кеткен Ілияс Есенберлиндей заңғар жазушы, керемет суреткердің мәңгі өлмес еңбектері – кітапхана сөресінде.

P.S: Заңғар жазушы Ілияс Есенберлиннің зиратының басында былай жазылыпты:

«Мен тарихты жаздым. Оны өзімнің халқым әділеттіліктің жалауының астында болашаққа жүруі үшін ашуға тырыстым».

Роза НАРЫМБЕТОВА.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы